© Суретті түсірген Т. Құсайын
Маңғыстау облысында қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыз балаларға АПВ қарсы вакцинация жүргізіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаевтың айтуынша, АПВ қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылады.
Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда 135 мемлекетте жасалынады. АПВ қарсы вакцинация мектептерде және тіркелген мекен-жайы бойынша емханалардың екпе кабинеттері арқылы ұйымдастырылады. Екпе тегін жүргізіледі.
- Вакцинацияға қарсы көрсетілім болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін ата – аналарының немесе қамқоршыларының ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. Биыл 17 062 доза көлемінде вакцина сатып алынды. Қазақстанға адам папиллома вирусының 6,11,16,18 типінен қорғайтын «Гардасил-4» вакцинасы АҚШ пен Ұлыбританиядан арнайы тапсырыспен алынды. Екпе 2 кезеңге, яғни 11 жас және 11 жас 6 айға бөлініп салынады. Вакцина иық бұлшық етіне енгізіледі,- деді Бердібек Саралтаев.
Сонымен қатар дәрігерлер дер кезінде жүргізілген вакцинация вирусқа қарсы ағзаның қорғаныс қабілетін түзіп, қауіпті кеселдердің алдын алады. Брифинг барысында өңірлік онкология гинекологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Досаханов 9-14 жастағы қыздарда вакцинацияның ең жоғары тиімділігі болатынын айтып өтті.
- ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, вакцинацияға ұсынылатын топ 9-14 жас аралығындағы қыздар, бұл жаста вакцинацияның ең жоғары тиімділігі, ең тұрақты иммунитет қалыптасады. Вакцинация басқа жас топтарына экономикалық тұрғыдан қол жетімді болған жағдайда ұсынылады, - деді Жандос Амангелдіұлы.
Атап өтейік, АПВ қарсы вакцина әйелдердің репродуктивті қызметіне ықпал етпейді және бедеулікке әсері жоқ. Ол әлемнің дамыған елдерінде көп жылдық динамикалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.