
Бүгін Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде «Фитодинамикалық терапияны пайдалана отырып жатыр мойны обырының алдын алу» тақырыбында семинар өтті. Семинарға өңірдегі барлық алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарының өкілдері мен онколог дәрігерлер қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық онкологиялық диспансердің баспасөз қызметінің хабарлауынша, семинарды ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары Насрулла Шаназаров ашып, жүргізген.
Бұл оқыту, тәжірибе алмасу жұмысы – ҚР ПІБ Медициналық орталығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында және «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері» аясында өткізілді.
Іс-шара аясында ҚР ПІБ Медорталығының жоғары санатты дәрігерлері еліміздің түкпір-түкпіріне барып, тұрғындарды қабылдап, тегін операциялар жасайды. Сондай-ақ, ведомствоға қарасты ұйым қызметкерлері жергілікті мамандарға презентация мен лекциялар оқиды.
Мәселен, 2023 жылдан бері дәрігерлер еліміздің 12 облыс орталығына барып, 278 операция, 2321 консультация өткізді. Әріптестері үшін 322 шеберлік сыныбын және дәріс ұйымдастырған. Тыңдаушылардың жалпы саны 8953 адамға жетті.
«Қазір аурухана дәрігерлерінің кезекті 13-ші сапары Маңғыстау облысында жалғасып жатыр. Бұл сапардың басқалардан ерекшелігі – аймаққа білікті мамандар екінші рет келіп отыр. Дәрігерлер былтыр да тұрғындарға медициналық кеңес беріп, оталар жасаған болатын. Сондай-ақ, аталған облыс әкімдігі мен ҚР ПІБ Медициналық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған еді» - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Естеріңізге салайық, жоғарыда айтып өткен Меморандум аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығының Астана мен Алматы қаласының дәрігерлері бір апталық тәжірибе алмасу және медицинадағы үздік заманауи әдістерін бөлісу жұмысын бастайды. Өңір тұрғындары білікті медицина мамандарынан тегін кеңес пен ем ала алады.
Айта кетейік, дәрігердің қабылдауына баратын түрғындар жеке басты куәландыратын құжаттарды ала баруы керек. Бұған дейінгі сараптама қорытындылары жазылған медициналық құжаттары болса, оны да ұмытпағаны жөн