Маңғыстау облысының санитариялық –эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыс бойынша жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) және тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымында (2023 жылдың 1 қазанынан бастап бүгінге дейін) 8 215 ЖРВИ және грипп жұқтырғандар тіркелген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ЖРВИ жұқтырғандар саны 0,6%-ға артқан.
Дегенмен тұмау жұқтырғандар саны 2,1 есеге, яғни 60 жағдайға азайды. Осы эпидемиологиялық маусымда 131 адам полимеразды тізбек (ПЦР) әдісімен тексеріліп, 29 грипп вирусы А/H3N2 анықталды.
Бұдан бөлек тұмау емес инфекциялар бойынша да әртүрлі аурулар тіркелген. Мәселен эпид маусым барысында 1 адамнан коронавирус анықталды.
«Тұмау емес инфекцияларға полимеразды тізбек әдісімен 102 адам тексеріліп, 39 жағдай оң нәтиже берді. Оның ішінде: аденовирус-9, РС – 15, парагрипп 3 – 1, парагрипп 4 – 1, риновирус – 11, короновирус – 1, метапневмовирус – 1»,- деді Маңғыстау облысының санитариялық –эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасова.
Департаменттің мәліметіне сәйкес, биыл қыркүйек айында тұмау ауруына қарсы 90 000 доза «Гриппол плюс» вакцинасы (өндіруші елі – Ресей) сатып алынған. Оған жергілікті бюджеттен 88 млн теңге қаражат бөлінді.
Қазіргі таңда екпе 83 920 адамға салынған.