Ақтау қалалық әкімдігінде қызылша ауруының алдын алу бойынша жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің орынбасары Нұртас Салидың төрағалығымен өткен жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибізада Дүйсенбаева, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, қаладағы ауруханалардың басшылары қатысты.
- Қызылша жұқтырғандар саны бойынша республикамызда өңірлерден Маңғыстау облысы алғашқы орында тұр. Эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Сондықтан бұл аурудың қауіпті екендігін және екпе алудың маңыздылығын тұрғындарға түсіндіру қажет, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасованың айтуынша, қызылша ауруына шалдыққандардың басым көпшілігі – балалар мен жасөспірімдер.
- Ақтау қаласы бойынша биылғы қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалына зер салсақ, осы ауруға шалдығатындардың көпшілігі – балалар мен жасөспірімдер. Атап айтқанда, қала бойынша қызылша ауруына душар болған 899 адамның 706-сы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал қызылшадан қорғанудың тиімді тәсілі - екпе алу. Сондықтан вакцинация шараларын күшейтіп, халықты екпе алу жөнінде ақпараттандыру керек, - деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова.