Маңғыстау облысында биыл қаңтар айында туберкулезбен 26 жағдай тіркелді. Оның ішінде 2-еуі 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 24-і ересек адамдар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев мәлімдеді.
Аймақтың бас санитарының айтуынша, бұл көрсеткіш өткен 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 жағдайға төмендеп отыр. Былтыр қаңтар айында 27 жағдай тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 2, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында – 1 жағдай , қалған 24-і ересек адамдар болған.
Туберкулез - бұл өкпе мен лимфа түйіндерінде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын инфекциялық ауру. Бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының, яғни сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және де басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда, өкпе туберкулезі жиі кездеседі.
Жұқтырудың негізгі көзі- туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерия бөлетін адам.
Туберкулез белгілері: ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел, шаршау және әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, температураның ұзақ көтерілуі, түнде тершеңдік, кеуде қуысында ауырсыну, қан түкіру.
Туберкулезді қалай анықтауға болады?
1.Тері туберкулин сынамасы (манту) адамның жұқтырғанын көрсетеді.
2.Рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді.
3.Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.
Туберкулез ауруының алдын алу үшін, мына қарапайым шараларды сақтау маңызды:
1) саламатты өмір салты;
2) жеке гигиена ережелерін сақтау;
3) жөтел, түшкіру мәдениетін сақтау;
4) баланы туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау;
5) туберкулезді дер кезінде диагностикалау;
6) туберкулез жұқпасының ошақтарында кешенді сауықтыру шараларын жүргізуді, қарым-қатынаста болғандарға бақылауды, химиопрофилактиканы, ауруларды ауруханаға жатқызуды және қарым–қатынаста болғандарды оқшаулауды қамтамасыз ету;
7) тұрғындар арасында жүргізілетін санитариялық-ағарту жұмыстарының сапасын жақсартуға және туберкулездің алдын алу мен емдеу, ауруды анықтау әдістеріне ерекше көңіл аудару қажет.