© Суретті түсірген Т. Құсайын
Қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинаның қосымша көлемі сатып алынды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинаны басқаратын жұқпалы ауруларды бақылау департаментінің басшысы Нұршай Әзімбаева емхана орнында вакциналардың бар-жоғы туралы сұраққа осылай деп жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Осы жұмыс аясында 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, облыстық денсаулық сақтау басқармаларынан үнемделген қаражат есебінен 500 мың доза сатып алынды. Сондай-ақ, Үкімет резервінен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, оған қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцинаның 1 миллионға жуығы сатып алынды», - деді Нұршай Әзімбаева.
Оның айтуынша, осы айдың соңына дейін бұл вакцинаның 500 мың дозасы қабылданады деп жоспарланса, желтоқсан айында тағы 1 миллион доза қабылданып, барлық аймақтарға таратылады деп күтілуде.
Сондай-ақ сарапшы екпеден бас тартуға себеп - қазақстандықтардың қызылшаның нақты қауіпі туралы білмеуі, жеке немесе діни сенімі, теріс ақпаратқа сенуі екенін атап өтті.