Елімізде қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы күрделенсе де, балабақшалар мен мектептер карантинге жабылмайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаеваның сөзінше, қызылша – вакцина арқылы бақыланатын ауру.
"Қызылшадан туындаған эпидемиологиялық жағдайға байланысты балабақшалар мен мектептер карантинге жабылмайды. Өйткені бұл вакцина арқылы басқарылатын ауру", – деді Нұршай Әзімбаева.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 727 мектерте балалар қызылша жұқтырған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова үкімет резервінен қызылшаға қарсы тағы 1 млн доза екпе сатып алынатынын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрінің орынбасары, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова қызылша ауруы Қазақстанның барлық аймағында тарағанын мәлімдеген еді.