Ауыл шаруашылығы жануарларының Күл ауруы (Vаrіоlа, оспа) – интоксикация, безгектену, кілегей қабықтары мен теріде бөртпелердің пайда болу белгілерімен ерекшеленетін аса жұқпалы, жануарлар мен құсқа ортақ вирустық ауру. Клиникалық белгілері. Клиникалық белгілері арқылы күлдің классикалық түрін балау көп қиындық тудырмайды. Вирус эпителитропты, ауруға тән белгілер бірнеше сатыда байқалады. Кілегей қабықтары мен теріде алдымен 1-2 күн ішінде 1) розеолдар (қызарған дақтар); 1-3 күн аралығында 2) папулалар (қызыл дақтардың түйіндерге айналуы); 5-6 күнде сарысуға толған 3) күлдіреуіктер пайда болады (бұл сатыда дененің безгектенуі бәсеңсиді); келесі 3 күн ішінде күлдіреуіктегі сарысу іріңге айналады (визикула-пустула сатысы); 4) круст - кепкен пустуланың орнына қабыршықтар түзіліп, эпителий қалпына келеді. Ал өте терең жарақаттанғанда тыртық пайда болып, қабыршықтар түседі. Індеттен ада шаруашылықтарда күлге тән болжамдар байқалған жағдайда, аурудың түбегейлі балауы зертханалық әдістерді қолдану арқылы расталынады. Дерттенуі. Вирус денеге тері арқылы және ауыз бен тыныс жолдарының кілегейлі қабықтары арқылы енеді. Теріден оның жарақаттанған немесе сызат түскен жерлерінен өтеді, ал А гиповитаминозы кезінде зақымданбаған теріден де өтуіне мүмкіндігі бар. Қанда вирустың көбеюіне байланысты аурудың бастапқы кезеңі дененің ыстығы көтеріліп, көрінетін кілегейлі қабықтардың қызарып, танаудан сұйықтың бөлінуі аркылы байқалады. Әр түрлі жануарларда сол түліктің ерекшеліктеріне, жасына, вирустың уыттылығына, денеге енген жолына байланысты күлдің клиникалық байқалуы әр алуан болып келеді. Қойда өлім көрсеткіші әдетте 2-3% шамасында. Тұтасқан, әсіресе қанталаған, күл кезінде ауырған малдың өлімі 100%-ға дейін жетуі мүмкін. Ешкіде күл негізінен індет ретінде жіті өтіп, ауырған мал, әсіресе лақтар 25%-ға дейін өлімге ұшырайды. Ауру асқынғанда өлім көрсеткіші 80%-ға дейін барады. Дауалау және күресу шаралары. Күлдің алдын алу үшін ветеринарлық-санитарлық шараларды қатаң сақтау қажет. Жаңадан әкелінген малды карантинде ұстап, алысқа айдағанда басқа малмен жанасуына жол бермеу керек. Сау емес шаруашылықтағы барлық мал егілуге тиіс. Құс өсіретін шаруашылықтарда жаңадан әкелінген құс 30 күн карантинде болады. Құс әкетілгенде босаған қоражай мұқият санитарлық тазалаудан өткізіліп, дезинфекцияланады. Күл байқалған қой, ешкі, түйе, құс өсірілетін шаруашылықтарға карантин, ал сиыр, шошқа, жылқы және басқа мал түліктерін өсіретін шаруашылықтарға шектеу қойылады. Ауырған және күдікті жануарларды бөліп алып емдейді. Клиникалық тұрғыдан сау қой мен ешкіні басқа қораға әкетеді, егер жайылымда болса жайылымын ауыстырады да, күлге қарсы вакцинамен егеді. Қораны 3% күйдіргіш натрий ерітіндісімен немесе 20% жаңадан сөндірілген әк тұнбасымен дезинфекциялайды. Күлден өлген қой, ешкі, түйенің өлексесін терісімен, жүнімен бірге өртейді. Сау емес отардан алынған сүтті 80°С кезінде 30 мин пастерлеп немесе 5 мин қайнатып шаруашылықтың өзінде ғана пайдаланады. Аталған түліктердің шешегі байқалған шаруашылықтың төңірегі қатер төнген аймақ деп есептеліп, індет ошағы жойылғаннан кейін де 3 жыл бойы сақтық вакциналау жүргізіледі. Сиыр, шошқа, жылқыда байқалғанда індеттің кең таралу сыңайы болғанда ғана вакцина егеді. Карантин күлмен ауырған соңғы қой, ешкі немесе түйе толық жазылған соң, болмаса өлген немесе сойылған соң 20 күн өткенде алынады. Карантин алғанда қорытынды дезинфекция жасалып, жануарлардың үстері зарарсыздандырылады. Шектеу сиырдың шешегі кезінде 20 күн өткен соң, ал шошқаның шешегі кезінде 14 күн өткенде, карантинді тоқтатардағы шарттарды орындап барып, алынады. Мал шаруашылығымен айналысатын барлық жеке және заңды тұлғалар қолдағы барлық малды, әсіресе жаңадан сатып алған (әкелген) малды міндетті жергілікті әкімдікке тіркетуі, ветеринарлық ұйымдарға хабарлауы және шаруашылықтарда профилактикалық шаралардың атқарылуына көмек көрсетулері тиісті.
Маржан МҰХАНБЕТОВА, «Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы» ММ бас маманы