©
Оба - адамзатқа ертеден белгілі ең қауіпті жұқпалы ауру. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, денсаулық сақтау саласы жұмысының алға басуына байланысты оба ауруы сирек кездеседі. Бейнеу ауданында аса қауіпті аурулардың 3 табиғи ошағы бар. Олар: Сам құмы, Қарақұм өңірі мен ауданымыздың малшылары мекендеп отырған Матайқұм. Сондықтан облыстық обаға қарсы күрес стансасы жыл сайын көктем, күз айларында аталған мекендерде зерттеулер жүргізіп, нәтижесімен дератизациялық-дезинсекциялық шаралар жүргізеді. Сондай-ақ ауданымыздағы теміржол вокзалы мен «Тәжен» жеріндегі санитариялық-карантиндік пункттерде жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. «Аудан халқын жұқпалы аурулардың (оба, тырысқақ) таралуынан қорғаудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары» аудан әкімшілігінен бекітіліп, осы құжат негізінде бұлардан да басқа ауқымды сақтық шараларын жүзеге асырылуда.Аса жұқпалы әрі адам өміріне қауіпті оба ауруы қандай жағдайда пайда болады?
Осы мәселеге түсінік бергеніміз жөн. Бұл ауруды ауру адамның қақырық, сілекей, қаны, нәжістерінде болатын, осы аурудан қайтыс болған адамның бойындағы көзге көрінбейтін микробтар таратады. Микробты негізгі таратушылар - жабайы аңдар, тышқандар мен бүргелер, үй жануарлары арасында түйелер, ит пен мысықтар. Сондықтан далада жүргеніңізде ауру белгісі байқалған жабайы аңдарға жақындамаңыздар, өліп жатқандарын қолмен ұстауға мүлде болмайды. Сондай-ақ үйіңіздің іші мен айналасында тазалықты сақтап, тышқандар мен бүргелерді жоюдың шарасын жасағаныңыз жөн. Ал жалпы мал, соның ішінде түйе соятын болсаңыз, оны алдын ала арнайы тексеруден өткізгеніңіз дұрыс. Міне, бұл шаралар аурудың алдын алудың негізі болып табылады. Обаның микробы жұққан жағдайда ауру белгілері 2-6 күннен соң біліне бастайды. Бұл уақыт ішінде микробтар адам ағзасын жайлап, уын жая бастайды. Міне, осы жасырын кезеңнен кейін адамды ауру билеп әлсірете бастайды. Бұл науқасқа шалдыққан адамның басы ауырып, лоқсып құсады, қан тамырларының соғуы жиілеп, дене қызуы 38,5-39,5 0 С-ке көтеріліп, есінен танады, сөйлегенде тілі күрмеліп әрең үн қатады, сандырақтап сөйлейді, көздері қанталап, қызарып кетеді. Бетінде қорқыныш пен қайғы әжімі деп аталатын белгі пайда болады. Ауру кейде жеңіл өтуі де мүмкін. Аурудың белгілерін нақтылау үшін айта кетуіміз қажет жағдайларға тоқталайық. Өйткені ауру белгілері оның жұғу түріне байланысты болады. Аңның, тышқанның (қосаяқтың) терісін, обадан өлген түйені сойғанда жұқса, ол адамның қолтық пен тамақ бездері іседі. Ал бүрге, кене арқылы жұққан болса, шаққан жерге таяу бездер ісініп, қабынады, аяқтан шақса адамның шап бездері, кеудеден, қолдан немесе мойыннан шақса сол адамның қолтық, тамақ бездері іседі. Қабынған бездерде қатты ауру пайда болып, қол тигізбейді. Без обасы асқынған кезде адамның өкпесіне шабады. Мұндай жағдайда науқас жөтелгенде, шашалғанда қан аралас қақырық тастайды. Ауру адамның сілекейіндегі микробтар үй ішіне тез таралып, сау адамдарға жұғуы мүмкін. Сондықтан осы көрсетілген ауру белгілері байқалса шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек. Дұрыс, ерте заманда оба ауруынан елімізде адам шығыны көп болғаны белгілі. Ал қазір некен-саяқ, өте сирек пайда болады. Ауданымызда оба ауруы 1999 жылдан кейін тіркелген жоқ. Естеріңізде болса обамен ауырған түйені союға қатысқан 3 адам ауырып, дер кезінде диагноз қойылып емдеу нәтижесінде сауығып кеткен болатын. Оба инфекциясының алдын алу мақсатында егілуге тиісті адамдар белгіленіп, 7150 мөлшерде вакцина алынды. Қазіргі күнге дейін 4029 адамға алдын ала егу шаралары жүзеге асырылып, бұл жұмыс жоспарға сәйкес жалғасуда. Ауданымыздағы медицина қызметкерлерінің кәсіптік білімдерін жетілдіру мақсатында семинар сабақтары ұйымдастырылып, емдеу саласының мамандары аттестациялаудан өткізілді. Емдеу мекемелерінің дайындығы тексеріліп, ұжымдарда, ел арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілуде.Ж.ТАНБАЕВА, Бейнеу аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы