Тыныс неге тарылады: демікпенің алдын алу және емдеу жолдары
[ 2019 ] 8 мамыр, 10:29 | Денсаулық
Демікпе грек тілінде "asthma" деп аталады, қазақшалағанда алқыну, тұншығу дегенді білдіреді. Бұл дертпен ауыратын адам көп жағдайда дұрыс дем ала алмайды және тынысы тарылып, жүректің қысылуынан болатын тұншығудан зардап шегеді. Демікпе ауыр жұмыс істегенде, жүгіргенде, қорыққанда, қуанғанда қалыпты физиологиялық процесс ретінде байқалады да, көп кешікпей басылып, тыныс алу қызметі бастапқы қалпына келеді. Әйтсе де, демікпе әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына жатқызылады. Өйткені бұл ұзақ емделуді қажет ететін дерттердің қатарында.
Қолқа демікпесі (бронхиальная астма) - түрлі тітіркендіргіштерге сезімталдығының күшеюімен жүретін тұншығу ұстамасы түрінде болатын қолқаның созылмалы аллергиялық сырқаты. Қолқа демікпесі ұстамасы кезінде тыныс алу жолдары тыныс алуды қиындатып, ауаның тыныс алу жолдарының бойымен дұрыс айналуына мүмкіндік бермей қатты тарылады. Бұл кезде адамда ысқырықты сырыл пайда болуы, құрғақ жөтел пайда болуы, ентігіп кеуде қуысында ауыр салмақ түскендей сезімдер пайда болады. Қолқа демікпесі пайда болуына әсер ететін факторлар: тұқым қуалаушылық, яғни науқастың туыстарының демікпемен немесе аллергиялық аурулармен (аллергиялық ринит) ауыруы, климаттық, атап айтқанда, ылғалдығы жоғары жерлерде бұл сырқаттың дамуы жоғары, кейбір адамдарда маусымдық мысалы: жаз, қыс айларында өршиді.
- Белгілі бір өсімдіктерден (гүл тозаңы, мамықтары).
- Химиялық жуғыш не косметикалық заттар.
- Үй ішіндегі жұмсақ жиһаздағы не кілемдегі шаң-тозаң.
- Үй жануарлары жүніне цитрусты жемістер, бал, шоколад.
- Шылым шегу (пассивті), антиботиктерден, ауаның ластанулары әсерлерінен пайда болуы мүмкін.
Бұл аурудың алдын алу жолдары:
- Әйелдер жүкті кездерінде дұрыс тамақтануы, жүктілік кезінде және емшек емізіп жүрген уақытта дәрі-дәрмектерді қолдануды шектеу.
- Баланы кем дегенде 6 ай емшекпен емізу.
- Жоғарғы аллергенді яғни аллергия шақыратын тағамдарды аз пайдалану (ара балы, шоколад, тауық жұмыртқасы, жаңғақ, цитрус өнімдері және т.б).
- Бала өміріне жағдайлар жасау (таза ауада серуендеу, бөлмелерді жиі желдету, пассивті темекі шегуге жол бермеу).
- Жоғарғы тыныс алу жолдарын үнемі тексертіп, өз уақытында емделу.
- Үй-жайды үнемі дымқыл тазалау,шаңды тазалап,жуып тұру.
- Дене шынықтырып, спортпен шұғылдану.
- Жануарларды үйде ұстамау.
- Шаң жинайтын кілемдер, ескі кітаптардан, жұмсақ ойыншықтардан сақтану керек.
- 2 аптада 1 рет 60 градус ыстық суға барлық төсек орынды жуыңыз.
- Үй тазалағанда бронхиалдық астмамен ауыратын адам басқа жерде немесе далада болғаны дұрыс.
Салауаты өмір салтын ұстанып жүрсек, кез-келген аурудың алдын алуға болады.
Сондықтан балалардың күнделікті дұрыс тамақтануына, дәруменді тағамдарды жиі пайдалануына, тамақ ішер алдында қолды таза ұстауы, олардың қалыпты өсуіне біз ата-аналар жауаптымыз.
Ақшолпан ИСАЕВА,
Ә.Кекілбайұлы атындағы орта мектептің медбикесі
12964
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.