Мұнайлы ауданы орталығындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 орта мектептің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерін оқу кабинетінде «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының 2018 жылғы «Міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу бойынша халық арасында білім беру компаниясын танымал ету» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын жүзеге асыру барысында тұрғындармен кездесу өтті. Оған «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Алмагүл Маханбетова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының бас сарапшылары Аянгүл Жұмаш, Ғайни Турсиновалар қатысып, тұрғындарға негізгі тақырып аясында кеңінен түсініктер берді.
– Бұл шараны өткізудегі мақсат – жұртшылық арасында, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкер және тағы басқа нысандар арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды кеңінен хабарлау үшін іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады. Жоба аясында халықпен, еңбек ұжымдарымен, жұмыс берушілермен, жоғары оқу орындарының студенттерімен және ОКҚ-мен кездесулерді ұйымдастыру, денсаулық сақтау басқармасынан спикерлерді тарта отырып, елде МӘМС енгізу бойынша және халық арасында сауалнама жүргізіп, одан әрі бақылау жұмыстары жүзеге асырылады, – дейді «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Алмагүл Маханбетова.
Бұл жаңа жүйе бойынша елімізде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастады. Алайда азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаториялық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмектер көрсетіледі. Сонымен бірге әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы және әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері бар.
Мектепте тұрғындармен кездесуде жиында филиалдың бас сарапшылары Аянгүл Жұмаш пен Ғайни Турсинова жаңа жүйе жайлы кеңірек мағлұмат беріп, төленетін жарна пайызында тілге тиек етті. Ол жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі 2017 жылы 2 пайыз болса, биыл 3 пайызды құрап отыр. 2019 жылы 4 пайыз болса, 2020 жылы 5 пайызды құрайтынын атады. Ал ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Бұл 2017 жылы 4 пайыз болса, биыл 5 пайыз. 2023 жылдан 6 пайызға, 2024 жылдан бастап 7 пайызға сатылай өсетін болады. Сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшері (олар: жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) кірістің 7 пайызын құрайды. Ол 2017 жылы 2 пайыз болса, 2018 жылы 3 пайыз болды. Келер жылы 5 пайыз болатын болса, 2020 жылдан бастап 7 пайыз болады. Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1 пайыз, ал 2020 жылдан бастап 2 пайыздық мөлшерде төлейді.
Осы арада мынаны есте ұстаған жөн. Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет бойынша жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу басталды. Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Ал жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Сонымен қатар егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім-шарт негізінде жүзеге асады.
Арнайы мамандардың қатысуымен өткен жиында көпшілік тарапынан көкейде жүрген күпті сауалдар қойылып, оларға толымды жауаптар берілді. Көптеген мағлұматқа ие болған тұрғындар осындай басқосулар ел ішінде көптеп болса, халық үшін тиімділігі жоғары болатынын да тілге тиек етті. 2000 жылдан бері өз жұмысын халық арасында жүргізіп келе жатқан «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорына да өткізілген шара үшін алғыстарын айтты.
Д.ХАНСҰЛТАН