Маңғыстауда алғашқы көмек көрсететін жедел жәрдем көліктері ақшыл түстен сарыға боялып, жарық шағылыстыратын қызғылт элементтермен қамтылды. Мұндай көліктер кептеліс кезінде тез көзге түсіп, жүргізушілердің іркіліссіз жол береді екен. Мұны мамандар дамыған елдердегі жедел жәрдем қызметін талдау нәтижесі көрсеткенін айтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 3 қарашадағы №811 бұйрығы бойынша Маңғыстауда 43 жедел жәрдем көлігі мемлекеттік стандартқа сәйкестендірілуі тиіс еді.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы осы 43 көлікті сарыға бояп шығу үшін тендер өткізіп, оны жергілікті компаниялардың бірі ұтып алған.
Басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бояу жұмыстарына 10 500 000 теңге бөлінген. Қазіргі таңда жұмыс толықтай орындалып, 43 жедел жәрдем көлігінің барлығы да сары түске енді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті МО Денсаулық басқармасы ұсынды