Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары халықаралық IELTS емтиханында жоғары нәтижелер көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Назарбаев зияткерлік мектебінің сайтына сілтеме жасап. Ағылшын емтиханының нәтижелері бойынша Диана Булатбекова, Әйгерім Шораева, Інжу Көшербаева, Малика Нұрмұхамет және Амина Абиль 8,0 балл жинады. Ал 12 оқушы 7,5 ұпай жинаса, 14 оқушы 7 балл алған. «Зияткерлік мектептер үштілділік саясатын қолдайды және болашақ түлектер үшін ағылшын тілінен емтихан тапсыру міндетті. Сондықтан 16 қараша күні 162 студент емтиханды бір уақытта тапсырып, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл – мектеп пен аймақ тарихындағы ең жоғары көрсеткіш», - деді директордың орынбасары Алия Хасенеева. Емтихан ережесіне сәйкес оқушылар сөйлеу, тыңдау, оқу, жазу кезеңдері бойынша сыннан өткен. «Жасыратыны жоқ, елдегі және шетелдегі беделді университетте оқу үшін ағылшын тілін жақсы білу керек. Мұны түсінген студенттер бұл емтиханға жауапкершілікпен қарайды. Мен зияткерлік мектептің мұғалімдеріне алғысымды айтамын. Олар өз саласының мамандары», - деді 8,0 балл жинаған Інжу Көшербаева. Айта кетейік, IELTS халықаралық емтиханы – ағылшын тіліндегі білім деңгейін растауға арналған халықаралық тест. Емтихан 9 балдық жүйе бойынша бағаланады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА