Ақтау тұрғындары қаланың дамуына қандай баға береді?
[ 2019 ] 13 желтоқсан, 06:14 | Қоғам
Ақтау – экономикалық, инвестициялық әлеуеті жоғары қала. Қала құрылысы да жылдан жылға қарқын алып, әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткіш көрсетуде. Жерінің асты қазынаға, үсті аңызға толы киелі мекеннің бүгінгі көрінісіне көптің қызыға қарайтыны байқалады. Осы ретте қаланың тұрғындарын сөзге тартып, көкейдегі сауалға жауап іздеген едік.
Сонымен тұрғындар қала келбеті мен дамуына қандай пікір білдірді? Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовтың атқарып жатқан жұмыстарын қалай бағалады?
Раушан Менливалиқызы, қала тұрғыны:
Әрине, теңіз жағалауындағы «Жартасты соқпақ» пен пальмалар қалаға көрік беріп тұрғаны рас. Сонымен қатар теңіз үстіне саяхат жасауға арналған акватакси де өз жұмысын жүйелі жүргізуінің өзі тұрғындардың демалуына, бос уақытын тиімді өткізуіне өз септігін тигізуде. Қазір жастар демалатын кешендер көбейді, салауатты өмір салтын ұстанамын деушілерге қала төрінен спорттық кешендер ашылып жатыр. Тұрғын үйлер салынып, үй кезегінде тұрған отбасылар баспана алып жатқаны қала басшысы және тұрғындар үшін үлкен жетістік.
Десе де, теңізімен талайды қарсы алатын қаламыз қазіргіден де әсем, көрікті болуға мүмкіндігі жетеді. Туризмді дамытуды қолға алса, Ақтауға асығатындар көп болатын еді.
Абылай Күштібай, қала тұрғыны:
Қала тазалығы – басты мәселе. Жергілікті басшылықтың тазалыққа мән беріп, шағынаудан ішінен тұрмыстық қатты қалдықтарды күнделікті шығарып тұруы көңіл қуантады. Қаламыздың тазалығын сақтау тек басшылыққа ғана қатысты нәрсе емес, сондықтан тұрғындар тарапы осы мәселеге келгенде салғырттық танытпаса екен. Ақтау мен үшін ең әсем қала. Бірақ қаланың одан әрі дамуы үшін бірнеше ұсыныс-пікірімді айтқанды жөн көрдім.
Соңғы жылдары Ақтау қаласы кеңейіп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ салынып жатқан үйлер мен ғимараттар бір-біріне өте ұқсас, ешқандай ерекшелік байқалмайды. Осы ретте құрылысшылар тарапынан үйдің сапалы болуын қамтамасыз етсе екен деген ұсынысым бар.
Қаламызда жасыл-желекті ағаштар жоқтың қасы. Климаттың құрғақшылығына қарамастан ағаштарды көптеп отырғызып, оны дұрыс суаруды қолға алға нұр үстіне нұр болар еді. Түскі уақытта ағаштарды суарып жүрген жұмысшыларды байқадым, алайда ағаштың жайқалып өсуін қаласақ кешкі мезгілде суару жұмыстарын жүргізуді қадағалау маңызды. Жарық мәселесі де көпшіліктің назарында. Әсіресе, жаяу жүргінші жолдарындағы жарық өте әлсіз және жаяу жүргіншілер жолағына арнайы жарық түсіргенін дұрыс деп санаймын.
Тағы бір мәселе – шағынаудан ішінде орналасқан букмекерлік кеңселер. Тыныштықты сақтау үшін букмекерлік кеңселерге бақылау жұмыстарын тұрақты жүргізсе қала тұрғындары үшін жақсы болар еді.
Мұқаш Оралбаев, «Бекен» жас көшбасшылар достастығының директоры:
Ақтаудың бүгінгі келбеті көңіл қуанады. Қалада әлеуметтік нысандармен қатар бизнес орталықтар дамып жатыр. Құрылыс өте қарқынды. Жаңа шағынаудандар бой көтеруде, сәйкесінше инфрақұрылым дамып жатыр. Жақында Ақтау қаласының 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы комиссиясына қатысқанымда, ең бірінші кезекте жаңа шағынаудандарда құрылыс салудан бұрын инфрақұрылымды дамытамыз, ол жерде қала тұрғындарына арналған мектеп, балабақша, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етеміз деген сынды мәселелер айтылған еді. Сондықтан Ақтаудың болашағына сеніммен қараймын, өйткені ақмаржан қаламызды жоғары бағалайтындар көп. Сонымен қатар туристтік әлеуетімізді арттыруға бағытталған бірқатар нысандардың іргесі қаланып жатыр. Жалпы туризм біздің экономикалық ахуалымызды арттыратыны сөзсіз.
Менің ойымша, жастардың басын біріктіретін «Ақтау - жастар қаласы» атты бағдарлама жасап, соған сәйкес жұмыс жасауды қолға алу керек сияқты. Сондай-ақ қала ішінен велосипед айдауға арналған жол салынса, саябақтар мен бос уақытты тиімді өткізетін орталықтар ашылса ақтаулық жастар өз қажеттілігіне пайдаланар еді. Ақтау қаласы инклюзивті қала болуға тырысып жатыр, соған сай қалалық әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстарды жүргізілуде. Мұның бәрін жандандырып, одан әрі қолға алса Ақтаудың даму көрсеткіші де жалпы келбеті де жақсарады деп ойлаймын.
Гүлназ Айдосқызы, қала тұрғыны:
Ақтау қаласының күннен күнге көркейіп келе жатқаны байқалады. Қалада көпқабатты тұрғын үйлер салынып, түрлі ғимараттардың бой көтеруі бізді қуантуда. Теңіз жағалауын жаңартып, көз тоймайтындай етіп өзгертті. Мұның барлығы біз үшін, сырттан келген қонақтар үшін жасалған жұмыстардың бір бөлігі екені белгілі.
Ақтау қаласы әкімінің атқарып жатқан жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр. Әрине, біріншіден қала көшелері ретке келуде. Жаяу жүргіншілер жолы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар талапқа сай жасалуда. Тіпті халықтың әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтіру мақсатында желі арқылы тұрғындармен санасып, айтқан ұсыныс пікірлеріне жауап беріп жүргенін де жиі естиміз. Мұның өзі әкімнің халыққа жақын екендігін және тұрғындардың талап-тілектерін назардан тыс қалдырмайтындығын көрсетеді. Қаланың келбеті маған ұнайды. Сондықтан басқа қалаға қоныс аударғым келмейді.
Талғат Сатыбалды, қала тұрғыны:
Жаңа шағынаудандар салынып, қала келбеті ерекшеленіп жатыр. Енді көп ұзамай халықтың әлеуметтік мәселелерін қанағаттандыру үшін жаңа шағынаудандарға балабақша, мектеп және жаңа саябақтар салынғаны дұрыс деп ойлаймын. Қалаішілік қоғамдық көліктерді де ретке келтіріп, жаңалағаны жақсы. Қазір жылдан жылға қалада тұратын адам саны артып келеді, сондықтан тұрғындардың ыңғайлы әрі қолайлы жүруіне жағдай жасау - басты мәселе.
Ыхлас Табунаев, қала тұрғыны:
Қаламыздың өткен және қазіргі тұрмыс-тіршілігін салыстырғанда Ақтаудың өзгеріске енгені, дамуы байқалады. Қала тұрғындары мен сырттан келген қонақтарға арнап барынша теңіз жағалауын әсемдеп, арнайы демалыс орындарын жасап жатыр. Алдағы уақытта осындай жүйелі жұмыстар жүргізіле берсін. Қаламыздың көрікті жерлерін көбейту мақсатында саябақтар мен ойын-сауық орталықтарын ашылса оның өзі артық болмасы анық. Туризмді арттырған жағдайда Ақтауға келушілердің қатары қалың болатыны сөзсіз. Сонымен қатар арман қала Ақтауды жарықтандыра түссе, зәулім ғимараттармен қала көркін толықтырса деген ұсынысым бар.
Сауалнама барысында қала тұрғындары жергілікті басшылар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға оң пікір білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Ал кейбір олқылықтардың қала әкімі назарынан тыс қалмайтындығына сенім білдірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
1794
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.