«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы Ақтау қаласы, Түпқараған және Мұнайлы аудандарында 194 қоқыс қалдықтарының нүктесін анықтады. Жұмысшылар 49 алаңды тазалап, бір күннің ішінде 700 тонна қоқыс шығарды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облысы әкімдігінің тікелей араласуымен аймақта 49 алаң қалпына келтірілді. Атап айтқанда, 23 қоқыс алаң Мұнайлыда, 16-сы Түпқарағанда және Ақтау қаласында 10 нүкте тазаланды. Десе де, қоршаған орта тазалығы көңіл көншітпейді. Бұл туралы Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Руслан Тукенов айтты. «Жер ананы осындай күйге жеткізіп отырған тұрғындардың өзі. Бұл негізінен мүлде техногендік апат немесе табиғи құбылыс емес, бұл таза адами фактор. Өкініштісі сол, азаматтар экология мәселесін кейінге қалдырумен келеді. Бұл дұрыс емес. Қоршаған ортаны қорғау - баршаға ортақ парыз», - дейді ол. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="88355,88356"] Айта кету керек, ірі қоқыс алаңдары қала іргесіндегі ауылдарда да бар. Белгілі болғандай қоқыстың көбі - құрылыс материалдары. Экология департаментінің басшылығымен алдағы уақытта барлық қоқыс алаңдары жойылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Маңғыстау облысы экология департаменті ұсынды