Ақтау қаласындағы «Эльбрус» наубайханасы тәулігіне 3-4 тонна нан пісіреді. Бұл туралы наубайхана жетекшісі Эльбрус Мамедов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Наубайхана 2011 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған. Содан бері «Эльбрус» наубайханасынан шыққан әр өнім сұранысқа ие. Бүгінде кәсіпорын 8 нан, 6 тоқаш және 3 самса түрін пісіреді. Одан бөлек кондитерлік өнімдерді дайындайды. Бастапқыда 500 кг ғана өнім өндірсе, қазір 3-4 тоннадан аса нан өнімдерін сатылымға жіберіп отыр. «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қоры арқылы өз кәсібімді бастадым. Ашылғаннан кейін наубайханада пісірілген өнімдерге сұраныс артты, ісіміз алға басты. Қазір наубайханада 16 адам жұмыс істейді. Күн өткен сайын тұтынушы сұранысы артуда, соған сай өнім сапасы да жоғары. Алдағы уақытта да кәсіптің алға жылжуы үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Қажетті құралдарды алып, нан өнімдерін көбейту ойымда бар», - дейді Эльбрус Мамедов. Кәсіпкердің айтуынша, «Эльбрус» нан өнімдері қаладағы барлық сауда орындарынан табылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН