Кеше Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласындағы, жастардың орталық алаңында «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Менің Туым – менің Отаным» атты республикалық патриоттық акция өтті. Аудан депутаттары, жастар мен мекеме басшыларының қатысуымен өткен акция мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды. - Іс-шараның басты мақсаты – жастарды патриотизмге баулу, мемлекеттік Туды насихаттап, жастардың туған еліне деген отансүйгіш рухын ояту, - деді бұл акцияның ауданда ұйымдастырылуына атсалысқан «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Жолдасова. Іс-шараға қатысқан аудандық мәслихат хатшысы А.Досанова: – Жер шары деген үлкен планетаның Каспий теңізі мен Алтайға дейінгі, Гималай таулары мен Солтүстік Қазақстандағы ормандарға дейінгі алқабын алып жатқан ұлан байтақ еліміз – біздің Отанымыз. Көк туымыз – елдігіміздің айғағы. Қазақстан бойынша өткізілген акция барысында бүгін орталық алаңда біз де Туымыз көпшілікке көрініп тұратындай етіп орнаттық. Түрлі халық аралық сайыстарға қатысып, жүлдемен келіп жүрген қазақстандықтар әлемге білімді, дарынды қазақ деген ел, Қазақстан деген мемлекет бар екенін көк туымызды жоғары сатыдан көрсету арқылы танытып келеді. Ең үлкені – мұнайдан бастап, ең қарапайымы – Қарағандының тігін фабрикасында өндіріліп жатқан шұлықтарының ілеспе қағаздарының бетінде «Қазақстанда жасалды» деген көк тудың белгісін көргенде жүрегіміз жылып қоя береді. Осы ту желбірей түссе екен деп тілейміз, - деді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА