Маңғыстау облысына С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті нутрициология кафедрасының меңгерушісі, Қазақ тағамтану академиясының жетекші маманы, медицина ғылымдарының кандидаты Майгүл Қайнарбаева келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жұмыс сапары барысында Майгүл Қайнарбаева облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиевамен кездесіп, өңірдегі дұрыс тамақтану мен емізу мәселелерін талқылады. Кеше, 30 қазан күні №2 Ақтау қалалық емханасының қызметкерлерімен бас қосты. Жиында ана сүтінің артықшылығы мен жүкті және бала емізетін әйелдердің тамақтану ерекшеліктері жөнінде айтты. «Бұл – өте өзекті тақырып, өйткені бала денсаулығының негізі құрсақта қаланады. Сондықтан баланың дұрыс жетілуі жүкті әйелдің толыққанды және дұрыс тамақтануына байланысты. Әйел сау баланы көтеру үшін жүктілікке дейін дайындалу қажет. Гиповитаминоз, темір мен йод жетіспеушілігін емдеу керек. Осының бәрін біз «жасырын аштық» деп атаймыз, басты белгілері тұрақты әлсіздік, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі, шаршау, тітіркену сияқты көрінеді. Сондай-ақ жетіспейтін қоректік заттар-витаминдер, минералдық заттар, пайдалы ақуыздар, майлар мен көмірсулар тапшылығын емдеу маңызды. Дәл осы нутриенттер – болашақ дені сау баланың негізі және кепілі. Бала емізетін әйел де белгілі бір тамақтану рационын ұстануы керек. Қажет емес тамақ өнімдері салдарынан кейбір заттар ана сүтінің дәмін және құрамын өзгертеді. Ал нәтижесінде балалар ана сүтінен бас тартады. Баланың рационына қосымша тағам енгізілуін ескере отырып, әйелге баланы екі жасқа дейін емізу ұсынылады», - деп түсіндірді Майгүл Қайнарбаева. Қазіргі таңда баланы ана сүтімен қоректендіру үшін денсаулық саласының қызметкерлері, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары белсенді түрде жұмыс істеуі маңызды. Жаңа туылған сәби үшін ана сүті таптырмас азық, ал кей жағдайда жас аналар балаларына қосымша тамақ беру арқылы емізуден бас тартады. Бұл өз кезегінде денсаулыққа зиянын тигізбей қоймайтыны анық. Десе де, тамақтану академиясы өкілінің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда жас аналардың көпшілігі балаларын емізуге тырысады. «Қала әйелдері арасында баласын емізуде белсенділік байқалады, осы орайда ауылдық елді мекендерде омыраумен емізуді насихаттау бойынша жұмысты күшейту қажет. Емізуден бас тарту баланың иммунитетін төмендетіп қана қоймай, сүт бездері мен жыныс мүшелерінің патологиясына әсер етіп, әйелді эндокриндік ауруларға әкелуі мүмкін», - дейді ғылым кандидаты. Сонымен қатар дұрыс тамақтанбаудың салдарынан тек жүкті әйелдер ғана зардап шекпейді. Соңғы уақытта ерлер мен балалар арасында да өршіп тұрғанын айтады. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86869,86870"] «Дұрыс тамақтанбау нәтижесінде дамитын алиментарлы тәуелді аурулар қатарында жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, семіздік, дене салмағының артық болуы жиі кездеседі. Оның үстіне бұл аурулар жасарып келеді. Ата-аналар балалардың дұрыс тамақтану режимін сақтауға, тамақтану мәдениетін үйретуді назарға алуы тиіс. 2014 жылы Қазақстанда біздің университет пен тамақтану академияның жүргізген зерттеулеріне сәйкес, балалар мен ересек тұрғындардың 21 пайызы семіздік, артық салмақтан зардап шеккен. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш ересектер мен балалар арасында 30 пайызға дейін өсті», - деп хабарлады ол. Көшпелі оқыту Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Бұған дейін Майгүл Қайнарбаева Мұнайлы ауданына барып, медициналық қызметкерлермен және ата-аналармен кездескен болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН