Энциклопедиялық танымның Эвересі (Эссе)
[ 2019 ] 18 қазан, 05:31 | Қоғам
Әбіш ағаны әрдайым көрген сайын оның туған өлкесі Маңғыстау туралы айтқан толғанысы ойыма оралатын. Ол: «Жасаған ие осы бір құлазыған құла дүзді былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай» дейтін. Осынау сөзді ағаның өзіне бағыштап айтар болсақ, қателесе қоймаспыз деймін. Өйткені, оның өзі де дүйім жұртты телегей танымымен үнемі таңдандырумен, тамсандырумен келе жатқаны әмбеге аян.
Құбыласөзді кемеңгермен өмірімде бар болғаны төрт-бес мәрте ғана көрісіп, сөйлескенім болмаса, анау айтқандай бір жүріп, бір тұру бақыты бұйырмапты. Сол, бір сәттік кездесулердің өзінен-ақ оның толымды тұлғасы таусылмас шежіре-тарихтан құйылған алып мүсіндей әсер ететін-ді. Кім-кім де ол сөйлегенде аузынан алтын төгілетіндей анталап, бар ынты-шынтымен тыңдап қалатын. Ағаның ұлағатты ұлықтайтын, бірлікті бекемдейтін, шешендікпен айтылған тегеурінді сөздері ешкімді де бей-жай қалдырмаушы еді...
...Әбіш ағаның 1963 жылы, 24 жасында «Алтын шуақ» атты алғашқы өлең кітабы жарыққа шықты. Оны кітапханалардан қарап, қолыма түсіре алмай жүргенмін. Ол кезде Таушықтағы Шахта орта мектебінде оқимын. Бізге әдебиеттен сабақ беретін Ерғазиев Шақырған ағайыма «Алтын шуақты» таба алмай жүргенімді айтып едім, «менде бар, оқып қайта әкеліп беретін бол», - деді. Сөйтіп, Шақырған ағайымның шапағатымен ақын Әбішпен сырттай солай танысқанмын. Жүзін көрмесем де жазған жыр жолдары бірден өзіне тартып әкетіп жанымды баурап алып еді. Сол кезден (1964 ж.) бастап, күні бүгінге дейін ағаның қандай шығармалары болсын көзімнен таса қалдырып көрген емеспін.
1965 жылы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі туған өлкесі Маңғыстаудың, ауыл адамдарының қажырлы еңбегін, тыныс-тіршілігін көз алдымызға әкеліп тосатын «Бір шөкім бұлт» повесі, оның тұңғыш прозалық еңбегі болатын. Сол жолы алдыңғы толқын ағалардың бірі Сафуан Шаймерденов әдеби сын мақаласында («Көзқуаныш»): «Әбіш Кекілбаев оқушы жұртшылыққа танылып қалған қаламгер. Ол әдебиетіміздің көзқуанышы, келешектегі тұяқ басарының бірі», - деп жазғаны жадымда. Сафуан ағаның осы бір сәуегейлік сөзі, менің көңіл көкжиегімде сонау алыстан жарқырай жанып менмұндалаған шамшырақтай белгі беріп тұратын. Содан бері арада қаншама жылдар керуені келіп, қаншама жылдар керуені көшіп кетті. Сол «керуендерден» Әбіштің олжасыз қалған кезі жоқ. Үнемі іздену, толысу үстінде болды. Айтар ауызға ғана оңай болғанымен, бұл – аянбай тер тегу, терең толғанысты, ұйқысыз күндер мен түндер, әдебиет айдынындағы асау толқындар арасынан дараланып шығып, бар бітім-болмысымен ормандай оқырмандарға танылу ғой. Оны, өзі үміт еткен үдесінен, мақсат еткен межесінен шықты деп білемін.
Әбіш қаламынан шыққан шығармалардың барлығының атын атап, түсін түстеп жату артық. Онсыз да оқырмандарға белгілі болғандықтан, санын айтумен ғана шектелеміз. Қысқаша айтсақ, ағаның жиырма шақты әңгімесі, он шақты повесі, өлеңдер жинағы («Алтын шуақ», «Дүние ғапыл»), драмалық дүниелері, оннан аса публицистикалық туындылары, үш романы («Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң») бар. Сонымен қатар, әлем әдебиетінен Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан», Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», А.П.Чеховтың «Ваня ағай», М.Фришаның «Дон Жуан», К.Гоццидің «Тұранбике ханшайым», Е.Каменеваның «Кемпірқосақтың түсі қандай?» атты шығармаларын қазақ тілінде майын тамыза сөйлетіп, қалың оқырман көпшілікке жеткізді. Ә.Кекілбаевтың әрбір туындысынан анық байқалатыны, алған тақырыбын терең игеруі, кейіпкерлерінің кескін-келбеті мен іс-әрекеттері, ой-түйсік, көңіл түкпірлеріндегі алуан түрлі сезім пернелерін тап басып тани білуі дер едік. Осы жерде, А.П.Чеховтің «Нағыз жазушы баяғының пайғамбарына тең, себебі ол жай адамдардан әлдеқайда көреген келеді» деп айтқаны еске түседі.
Жетпісінші жылдары бірнеше ұжымдық жинақтарға өлеңдерім басылды. 1979 жылы «Жалын» баспасынан «Бастау» атты тұңғыш кітабым шықты. 1983 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне, Қазақстан жазушыларының ҮІІ съезіне қатынасып өзімді кәдімгідей ақын сезініп жүрген кезім. Қазақстан Жазушылар одағында 1988 жылғы наурыз айында, өткен жылды қорытындылаған баяндамалар тыңдалды. Поэзиялық шығармалар бойынша баяндаманы ақын Мәди Қайыңбаев жасап, баспалардан шыққан кітаптарды тіліне тиек ете келіп: «Жасыратыны жоқ, бұған дейін жастар есебінен Мүлік Фазылов, Қожабек Ахметов сияқты үлкен кісілердің нәрсіз жинақтары, Берік Ақбаев, Доғдырбек Байбақовтардың жалынсыз өлеңдері жарық көрді. Бұл – анық көңілжықпастық. Керісінше Шәкизада Әбдікәрімов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Светқали Нұржанов, Медет Дүйсенов, Шәмшия Жұбатова сияқты талантты жастар баспа қызметкерлері қаншама қолқаласа да, қолжазбаларын тапсырмай отыр. Мүмкін, олар осы уақытқа дейін шығып келген ортақол өлеңдерге көңілі қалып, әйтпесе өздеріне үлкен талап қойғандықтан үнсіз жатқан болар» («Қазақ әдебиеті» газеті, №13, 25 март 1988 ж.) дейді. Сол кезде менің шыққалы тұрған кітабымның қолжазбасын Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаевтан қайтарып алғаным рас еді. Бұған себеп болған Есенғалидың (Раушанов) айтқан сөзі: «Сіздерді әдейі топтап алып Әбішке беріп отыр. Мақсаттары мін тауып, Әбішті аяқтан шалу. Әйтпесе, пікір жаздыруға басқа адам жетпей қалып па?! Бәрің де қолжазбаларыңды қайтарып алғандарың жөн», - деді. Мен одақтың екінші қабатына көтеріліп Әбіш ағаның кабинетіне кірдім. Амандық-саулықтан соң кітабымның қолжазбасын алып кетуге келгенімді айтып едім, ол: «Баспаға кетуге дайын тұр. Мұның не?!»- деді. Солай да солай... дей келе: «аға, сізге сөз келмесін деп едім»,- дедім. Қапелімде орынынан тұра келіп қапсыра құшақтап «айналайын-ай» деді. Бұлай боларын күтпеген мен абдырап қалдым. Бір ауыз сөз: «айналайын-ай...». Жазушылар одағының үйінен шығып, Коммунистік проспектісін бойлап жүріп келе жатырмын. Миымда «айналайын-ай» деген жалғыз сөз жаңғырығып тұр еді...
Әбіш ағаның «айналайынынан» алты жыл бұрынғы бір жағдайым есіме түсіп отыр. Алматыдамын. Келгеніме көп болған. Қалтам тақырланып бітуге жақын. Ауылға қайтайын десем пойызға да, самолетке де билет жоқ. Пойызға билет алу үшін бір аптадан аса уақыт күту керек екен, алған соң да үш-төрт күн тағы жүресің. Одан да самолетпен барған тиімді ғой. Әуежайға билет сұрап күнде барам. Айтуларынша, бір айсыз билет болмайды. Қайтсем екен? «Жұлдыз» журналының проза бөлімін басқаратын Маршал Әбдіхалықов ағама барып «билет алып бер» деп қолқа салдым. «Кемелге айтайын, (Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі – М.Д.) оның Қазақ ССР Жоғарғы советінде танысы бар. Мүмкін көмектесер», - деді менің шаршаңқы жүзіме қарап. Келесі күні хабар білмекке келіп едім, Маршал ағам дәп бір өзі билет ала алмағандай қинала басын шайқады. Шаруа бітпепті. «Әй, сен бұлай ұнжырғаңды түсірме. Әбіш ағаңа бар, бір бітірсе, сол бітіреді», - деді, сөзінің соңына әдеттегі «иншалласын» қосып жіберіп. 10-ақпанда, кешке қарай ымырт үйіріле Фурманов көшесі, 44-үйдің 20 пәтерінде тұратын Әбіш ағаның үйінің алдына келіп, сол жердегі телефон будкасынан 33-54-11 номерін тердім. Маңғыстаудан екенімді айтып, сөйлеспекші бола бергенімде, «Қайдан звондап тұрсың?» - деді. Менің үй жанында тұрғанымды білген соң, «үйге кел» деді. 20-пәтердің қоңырауын бастым. Есік ашылып ар жағынан ұзын бойлы, басында ақ жаулығы бар ана көрінді. (Бұл Айсәуле шешеміз екен). Менің көз алдыма бейне бір төбесін ақ қар жапқан Алатау елестеп кеткендей болды. Әбіш ағаға келгенімді білген соң, кіреберістің оң жақ қапталындағы ашық тұрған есікті нұсқады. Ішке кірмес бұрын көргенім – ұзын қоңырқай үстелде қос қолын екі самайына тіреп қойып үнсіз отырған Әбіш ағам. Ойланып отыр ма, әлде сырқаттанып отыр ма ол арасын жөндеп ұға алғаным жоқ. Маған сол үндемеген күйі мойын бұрды. Мен сәлем беріп, келген шаруамды қысыла, қымтырыла айтып шықтым. «Паспортыңды маған қалдыр. Таңертең Орталық Комитетке кел. Есік алдындағы сақшыға фамилияңды айтсаң, мына паспортыңды аласың», - деді де шығарып салды. Рахметімді айтып, сыртқа шыққан соң ойлаймын ғой: «билет туралы айтпағаны несі» деп. Ертесіне салып ұрып Қазақстан Орталық Комитеті орналасқан үйге келдім. Әбекем осында сектор меңгерушісі болып істейді. Есік аузындағы қарулы күзетшіге аты-жөнімді айтып едім үстел үстінде жатқан паспортымды қолыма ұстатты. Ішінде алақанның жартысындай бір жапырақ қағаз. Бронь екен. Онда былай деп жазылыпты: «Совет Министров Казахской ССР. Начальнику центрального агентства Казахского управления гражданской авиации. Броня. Правителственная ВНЕ ОЧЕРЕДИ на 12 февр. 1982 г. на рейс №4291 на одно место до аэропорта Шевченко тов. Дюсенов М. 11.02. 1982г. №293»
Сонымен, Әбіш ағаның арқасында «қарлы Қаратау» болып бір ай күтетін билетті бір күнде алып ауылға қанаттанып қайтқаным бар. Қайран Әбіш ағамның сол бір қарапайымдылығы, қол ұшын созған қамқорлығы ұмытылар ма! Алла тағала оған пайым-парасатты, білім мен білікті, түпсіз терең шыңыраудай телегей-теңіз танымды, маңайына нұр шашқан мейірімді, кісілік кемелдікті үйіп-төгіп бере салыпты.
Ә.Кекілбаев 1995 жылы Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ұсынылып дауысқа түсті. Соған байланысты Әбекем Қазақстанның көптеген жерлерінде болды, туған жері Маңғыстауға да келді. Біздің Таушық ауылында да болып кездесу өткізді. Сол кезде Ә. Кекілбаевтың сенімді өкілі ретінде мен оның өмірбаянын, творчестволық еңбегін баяндап сайлаушылар алдында айрықша арқаланып сөз сөйлегенім есімде. Таушық дегеннен шығады, ол қашанда бұл жерге мүмкіндігінше бір соғып кетуге бейілді. Оған себеп, Әбіштің апа-жездесі осында тұрады. Ол келгенде жездесі Айтуған мен апасы Қарагөз бір желпініп қалады. Әбіштің жанында көбінесе Дүйсенбі Әріпов, Тергеу Айдарханов, Лебен Сәдуақасов жүреді. «Әбіш келіптіні» естіп Таушықтың орталығынан ескі Таушықтағы Айтуған атамыздың үйіне мен де жетем. Өйткені, Айтуғанның туған інісі – Бекіштің қызы Жадыра – менің зайыбым. Қысқасы, Әбіштің апа-жездесінен қуғанда мен бұл үйге күйеу бала боламын. Келген қонақтар жеңілденіп төрге озғасын, шәйға дейін преферанс ойнап уақыт ұтады. Лебеннің алдына екі-үш «дама» жиналып қалғанын көрген Әбіш: Әй, Лебен, гарем салмасаң болмас,- деп әзілдейді. Қисынын тауып айтқан сөзге күліп жатырмыз. Әңгіме арасында елдік мәселелер де тілге тиек болмай қалмайтын. Төрде төбедей болып отырған Дүйсенбі ағам Әбіштің ұстазы ғой. Жетпісінші жылдары менің тырнақалды өлеңдерім Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газеті бетінде жиі-жиі жарияланып жүрді. Ол кезде Дүйсенбі ағам аудандық атқару комитетінде жұмыс жасайтын. Мені жұмыс кабинетіне шақырып алып, «Өлеңдеріңді жинақтап маған алып кел. Алматыдағы Әбіш ағаңа таныстырам, не дер екен»,- деді. Айтқанын кешіктірмей орындап, бір бума қолжазбаны әкеліп алдына тастадым. Кейіннен Дүйсенбі ағам тағы да шақырып алып, Әбіш ағаның өзіне жазған хатын оқып берді де, «Әбіштің сөзіне қарағанда сенен бірдеңе шығатын сияқты. Тоқтама, жаза бер» деп ағалық ақылын айтқан еді. Сол хат қазір облыстық мұражайда сақтаулы тұр...
...Шәйдан соң қонақтар сыртқа шығып таза ауада біраз дамылдады. Әбекең Таушықтың терістігіндегі 7-Шахтаға, Қапы жаққа қарап қалыпты. Кім білсін, ойына сонау соғыс жылдары Қапыдан қатынап көмір қазатын анасын көзге елестетіп тұр ма, әлде осында өткен қоңторғай балалық шағын шарлап кетті ме, үнсіз қалпы телміре қарайды...
...Энциклопедиялық танымның Эвересі, сарабдал сөздің сүлейі, заманының заңғар жазушысы Ә.Кекілбаев дүниеден өтті дегенде қабырғасы қайыспаған қазақ жоқ шығар-ау... (егер ол нағыз қазақ болса...)
Оны Астанадағы «Ұлттық пантеонға» арулап жерледі. Халқы ұлы тұлғаны Сарыарқа даласында соңғы сапарға құрметпен, қимастықпен шығарып салды. Солай бола тұрса да, әлі күнге менің өзегімде бір өкініш, тамағыма тығылған өкісіктей тұрып алғалы қашан. Дүниеден озған дарабоз, көптің бірі болып жатыр. Жалған дүниеде алдына жан салмаған жүйріктің, бақилықта алар орны сол ма еді?! Әбіш ағаны өзінің туған топырағы Ондыға әкеліп қойғанда... алып ескерткішін орнатып, мұражай салып, жасыл желек ішінде, Ондының сылдыраған мөлдір бұлағының дауысын естіп жатса... Кемеңгерге арналған өз алдына бір ауылдай мәдени-тарихи әрі әдеби кешенге талайлар алыс қиырлардан іздеп келіп тәу етіп тұрса... нағыз Л.Н. Толстойдың «Ясная Полянасына» айналар еді-ау!.. Бұл менің ішкі үнім, өз ойым ғой. Қиял десеңіз де өзіңіз біліңіз. Біртуар қайталанбас тұлғаның туғанына міне 80 жыл толып отыр. Соны, бар сән-салтанатымен, ормандай жұртына ой саларлықтай, жас ұрпақтарға үлгі-өнеге боларлықтай қылып өткізу баршамызға парыз.
Медет ДҮЙСЕНОВ
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Түпқараған ауданының Құрметті азаматы
2210
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.