Кешенді жоспар нәтижелері
Жаңаөзен қаласында жылына орташа есеппен 3700-ге жуық бала дүниеге келеді. Қаланың Бас жоспары бойынша халық саны 2035 жылға дейін – 200,0 мың адамға, 2025 жылға дейін – 150,0 мың адамға дейін өсім көрсетілген. Мұнайшылар қаласының жалпы аумағы 0,515 мың шаршы шақырымды, облыс аумағының 0,3%-ын құрайды. Жаңаөзен қаласының әкімшілік-аумақтық құрамына Теңге, Қызылсай және Рахат ауылдары кіреді. «Халық санының ықшамдауын есепке алумен, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатырған құрылыс саласындағы өзгерістерді іске асыру мақсатында, Жаңаөзен қаласын салудың 2025 жылға дейінгі Бас жоспары қайта жасақталып, Жаңаөзен қалалық мәслихаттың 26.09.2012 жылғы №9/78 шешімімен мақұлданып, облыстық мәслихаттың шешімімен 07.12.2012 жылғы №7/91 шешімімен бекітілді. Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасын, «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына», «Жаңаөзен қаласын дамытудың 2016–2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру арқылы жүзеге асырылуда», – деді Мақсат Оңғарбайұлы. Әкімнің айтуынша, «Ағымдағы жылдың 10.04.2019 ж. №176 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында мынадай шаралар қабылданған:Халықты үймен қамту үшін...
Жаңаөзен қаласында тұрғын үймен қамту мәселесін шешу бағытында Кендірлі аймағында жаңа елді мекен құру қажеттілігі туындаған. Қала әкімінің айтуынша, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде 4 444 арыз тіркелген. Оның ішінде жетімдер тізімі – 229, әлеуметтік осал топтар – 1 793, бюджет саласының қызметкерлері – 2 422. «Қала халқының өсуіне байланысты қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, Кендірлі аймағында жаңа елді мекен құру қажеттілігі туындауда. Осыған орай, жаңа аудан құрудың басым бағыттарын және күтілетін нәтижесін атап айтатын болсақ. Жаңаөзен қаласына қарасты 3 ауыл (Теңге, Рахат, Қызылсай) жаңа құрылған ауданның құрамына кіріп, Жаңаөзен қаласының халық саны 81,3 мың адамды құрайтын болады. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендейді, ауыз су тапшылығы жойылады, жер учаскесін алу және пәтер кезегі азаяды деп отырмыз. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытын айтар болсақ, қазіргі таңда Жаңаөзен қаласы және оған іргелес елді мекендерді қоса алғанда жер аумағы – 51,5 мың га құрайды, оның ішінде елді мекендердің аумағы – 43,6 мың га, өнеркәсіп мақсатындағы жерлер – 7,9 мың га, ауыл шаруашылық мақсатында жерлер жоқ», – дейді қала әкімі. Мақсат Ибағаров, сондай-ақ Кендірлі аумағынан ауыл шаруашылық мақсатында жерлер беріліп, құс фабрикасын, жылыжайлар, ет, сүт өңдейтін цехтар салу, теңіз порты арқылы сауда-саттықты дамыту мақсатында халықаралық сауда кешендерін құру туралы жоспарлар бар екенін атап өтті. Сонымен қатар әкім Кендірлі аймағында бастапқыда халық саны 5 мыңға жуық адамды құрайтын жаңа елді мекен құрып, оны аудан орталығы статусын беру ұсынысы бар екенін айтты. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жобамен 4,4 млрд. теңгені қажет етеді. Оның ішінде электрмен қамту – 651,0 млн. теңге, көшелерді жарықтандыру, 10 шқ. – 153,0 млн. теңге, газбен қамту – 1,2 млрд. теңге, су мен қамту және резервуар салу – 1,4 млрд. теңге, кәріздік жүйенің құрылысы– 324,0 млн.теңге, автомобиль жолдарын салу, 15 шқ. – 600,0 млн. теңге. Әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге жобамен – 2,1 млрд. теңге қажет етеді. Оның ішінде 140 орындық балабақша салу – 470 млн. теңге, 600 орындық мектеп – 1,0 млрд. теңге, дәрігерлік амбулатория – 206,0 млн. теңге, әкімшілік ғимарат – 203,0 млн. теңге, дене шынықтыру кешені – 252,0 млн. теңге. Нәтижесінде инженерлік инфрақұрылымның құрылысы кезінде құрылатын жұмыс орындар саны – 1500, әлеуметтік нысандар іске қосылғаннан кейін құрылатын жұмыс орындар – 460. Бұдан бөлек «Құрық–Кендірлі» автомобиль жолының құрылысы жоспарға енгізілген. Бұл жоба бойынша 2008 жылы ЖСҚ жасақталған, автомобиль жолдарының ұзындығы – 102,9 шқ, жобаның құны – 18,1 млрд. теңге болып отыр, нәтижесінде аудан орталығына тұрғындардың ешбір кедергісіз және жылдам жетуі, құрылыс кезінде құрылатын жұмыс орындар – 50 бірлік болмақ. Мақсат Оңғарбайұлы қорытындылай келе, осы жоспарлы жұмыстардың жалпы күтілетін нәтижелерді атап өтті. Яғни нәтижесінде 5 мың адам көшіріледі, 20 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық мәселесі жойылады, қала халқы 81 мыңның жобасына тұрақтайды, облыс әлеуметтікэкономикалық тұрғыда өркендеп, өңірде туризм саласы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені де ілгерілей түспек.Әлеуметтік мәселе шешімін табады
Жаңаөзен қаласы бойынша жыл басынан бері сегіз айдың көлемінде 3 854 жаңа жұмыс орны құрылған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеу бойынша Жаңаөзен қаласына жергілікті және республикалық бюджеттен 2019 жылға 674,5 млн. теңге бөлініп, жыл соңына дейін 560,0 млн. теңге қосымша қажет етеді екен. Әкім қала бойынша экономикалық қызметтің барлық түріндегі жұмысшылардың орташа еңбекақы 2019 жылдың қаңтар–тамыз айында 447662 теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес деңгейіне қарағанда 9,9%-ға өскенін айтады. Жұмыспен қамту орталығының ақпаратына сәйкес Жаңаөзенде осы жылдың қаңтар–тамыз айларында 3 854 жаңа жұмыс орны құрылып, өткен жылмен салыстырғанда 102,3% өскен. Жыл басынан жұмыссыз азамат ретінде хабарласқандар саны – 8625 адам, оның ішінде жастары – 4 700 адам, яғни 54,5%. 1 қыркүйекке дейінгі тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 2 253 адам болса, оның 1 458-і – жастар. Жұмыссыздық деңгейі 2,9% құрады. Жыл басынан бері 3 991 жұмыссыз жан әлеуметтік шаралармен қамтылған. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздері бойынша 44 адамға несие берілген. Жұмыссыздарды оқыту және қайта даярлау курстарына 30 адам жолданған. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша 1 391 отбасы 7 994 адам ды құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 034 отбасы 6 114 адамға көбейіп отыр. Нақтырақ айтқанда Жаңаөзен қаласы бойынша жанұяға кіретін кіріс көзін есепке алмай төрт және одан көп 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға төленетін ай сайынғы 10 605 теңге жәрдемақысы 2018 жылдан бастап тоқтатылып, кедейшілік шегінен төмен тұратын отбасыларға төлене бастады. Яғни АӘК алушылардың санының күрт өсуі, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап белгіленген күнкөріс деңгейінің 70 пайызға өсуінен болып отыр», – деді қала әкімі. Мақсат Ибағаров Жаңаөзен қаласындағы әлеуметтік саланың мәселелері рет-реті мен шешіліп жатқанын атап кетті. Жаңаөзен қаласы бойынша білім беру жүйесін қаржыландыруға 2019 жылға 12 436,8 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл қала бюджетінің жалпы көлемінің 57,9%-ын құраған. «Білім беру жүйесі 91 мекемені қамтиды, оның ішінде: 56 мектепке дейінгі білім беру мекемелері. Балабақшалар саны 2014 жылмен салыстырғанда 41-ден 56 бірлікке дейін жетті, яғни балаларды балабақшамен қамту 100%-ға дейін жетті. 26 жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар саны 2019/2020 оқу жылында 32 601 баланы құрайды. Ал білім беру саласында педагог қызметкерлер саны – 3 851 штаттық бірлік. Педагогтар арасында кадр тапшылығы бар, мәселен 2018 жылы 20 маман жетіспеді. 2019 жылы 26 маман жетіспеді. Жалпы Жаңаөзен қаласы бойынша апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ», – дейді әкім. Дегенмен қала әкімі балалар санының артуына байланысты 1200 орындық мектеп салу жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі уақытта жобаның жобалық сметалық құжаттамасын түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжат осы жылдың желтоқсан айында дайын болмақ. Денсаулық сақтау саласы бойынша Жаңаөзен қаласында атқарылған жұмыстар да, шешілуі тиіс мәселелер де бар. Бүгінде қала бойынша барлығы 13 медициналық мекемелер қала халқына, Қызылсай, Теңге, Рахат ауылдарына, сонымен қатар Қарақия ауданы тұрғындарына стационарлық медициналық қызмет көрсетеді екен. Сонымен қатар созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға «Гемодиализ орталығы» тегін көмек көрсетеді. «Денсаулық саласында дәрігерлер арасында кадр тапшылығы күрделі мәселе болып отыр. Мәселен, былтыр 29 дәрігер маман жетіспеді, олар: кардиолог, хирург, акушергинеколог, невропатолог, жалпы тәжірибелі дәрігер, неанотолог, маммолог және т.б. 2019 жылы акушер-гинеколог дәрігер, инфекционист дәрігер, балалар анестезиологреаниматолог дәрігері, ЖТД дәрігер, окулист дәрігер, лор дәрігер, онколог дәрігер, невропатолог дәрігер жетіспеушілігі бар. Кадр жетіспеушілігін шешу жолдары ретінде жас мамандарға бір реттік ақшалай көмек және тұрғын үй мәселесін шешу қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар жүрек ауруына шалдыққан науқастарға қала аумағында медициналық көмек көрсету мақсатында, жеке инвестор қаражаты есебінен кардиоорталық ашу жұмыстары жүргізілуде, 2019 жылдың қазан айында қолданысқа беріледі деп жоспарланып жатыр», – дейді Мақсат Ибағаров. Қала әкімі сөз соңында Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаражаты есебінен «Жаңаөзен қаласындағы 50 кереуеттік стационары бар медициналық орталықтың құрылысын аяқтау» жобасының жобалық сметалық құжаттамасына (ЖСҚ) түзетулер жүргізіліп, бюджет қаражаты есебінен 180 кереуеттік «Жаңаөзен қаласында қалалық аурухананың терапевтік корпус ғимаратын салу» жобасы тоқтап қалуына байланысты жұмысын жандандыруды қажет етілетінін жеткізді.Жайық НАҒЫМАШ