Күз салқыны сезіле бастады. Әсіресе, түнде бөлме іші суық болатындықтан көп үйлерде электр жылытқыштары қосылып тұратыны бар. Ал ондай жағдайда үй иелері қауіпсіздік ережелеріне мұқият болмаса, соңы қайғылы жайттарға ұласу қаупі туындайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үй секторында өрттің және одан қаза табудың алдын алу үшін 2019-2020 жылдарға арналған жылыту кезеңінде өрттің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізді. Рейдтердің басты мақсаты–тұрғындарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзушылықты болдырмауға және түсінушілік танытуға шақыру, электр желілерін жүктеуге, электр құрылғыларын және газ қондырғыларын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзуға жол бермеуді түсіндіру. Рейд барысында пешпен жылытылатын жеке үйлердің иелеріне ерекше назар аударылды. Қатты отынды пештер өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан өртке себепші болатын көрінеді. Мамандар үй иелеріне тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтаудың, оның ішінде отты қолдану, электр құрылғыларын қолдану, электр қондырғыларының монтажы және пешті орнату кезіндегі қағидаларды түсіндіріп, қаперге берді,өрттің алдын алу және одан қорғану жайында жаднамалар ұсынды. Өрт сөндірушілерүй иелерімен сөйлескенде үйді өрттен қалай қорғауға, оның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болатынын және жеке адамдар мен мүліктің зақымдануына жол бермеу жолдарын ашып айтты. Осылайша, айлық барысында департаменттің қызметкерлері «Жас Отанның» еріктілерімен бірге 19 мыңнан астам адамдарды қамтып, 4 мыңнан астам үйді аралады және 1 мыңнан астам адамды қамтыған 13 кездесу өткізді. Сондай-ақ, профилактикалық іс-шаралар кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни, көп балалы отбасыларға, зейнеткерлерге, жетімдер мен мүгедектерге ерекше көңіл бөлінді. Департаментте халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 2 мыңнан астам үй тіркелсе, өрт сөндірушілер олардың арасында 1 мыңнан астам үйге барды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастап «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау филиалы мен «РЦКУ-Ақтау» ЖШС өкілдерімен бірге 153 улы және табиғи газ құрылғылары орнатылды. Маңғыстау облыстық ТЖД зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар өрт профилактикасына оң көзбен қарап, өрт қауіпсіздігі қағидаларының нұсқауына белсене қатысқан және көптеген азаматтар өрт қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар қойып, оларға тұшымды жауаптар алған.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА