2 қазанда Жаңаөзен қаласындағы «Ақсарай» қонақ үйінің мәжіліс залында «Кәсіп түбі - нәсіп» жобасы аясында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың қатысуымен қаланың кәсіпкерлерімен кездесуі өтті. Шараға сондай-ақ Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Алдымен Мақсат Оңғарбайұлы Жаңаөзен қаласының шағын және орта бизнесінің дамуы бойынша баяндама жасады. Кездесу барысында Абылай Исабекұлы сөз сөйлеп, кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Басымдықтағы мәселелер қатарында жер алу мәселесі, жайылымдылық алқаптардың жоқтығы және шаруа қожалықтарына судың тапшылығы. Сондай-ақ, елді мекендердегі көшелерге скрининг жасап, қай көшеге қандай кәсіпкерлік нысан қажеттігін анықтау, жұмысшы мамандықтарын тәжірибе жүзінде мекемелерде оқыту мәселелері сөз болды. Қала бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1209 бірлікке көбейіп, 8330 болып отыр, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1178 бірлікке көбейіп, 7556 болып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны-21240 адамды құрады, өткен жылмен салыстырғанда 251 адамға артық. Қала бойынша 2019 жылы сауда объектілерінің саны-507 (2018 жылы-452 болды) 2018 жылдың қараша айынан бастап «Нұр-капитал» өңірлік бағдарламасы жұмыс жасауда. Бағдарлама аясында облыстық Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің жұмысшы тобының отырысында жалпы сомасы 1,367 млн теңгені құрайтын 65 кәсіпкерлік жоба мақұлданды. Осы жобалардан алдағы уақытта 572 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Аталған жобалардың ішінен 34 жоба екінші деңгейлі банктерден оң шешімін алып, қаражаттармен қамтамасыз етілуде. Қаражаты-742,1 млн теңге. Ашылатын жұмыс орны-243 адам. Жыл соңына дейін жобалардың 60 пайызы ашылады деп жоспарлануда. «Жас кәсіпкер» кәсіпкерлікке оықту жобасы бойынша 2 кезең өткізіліп, 113 адам қатысып, соның ішінде 100 адам оқуды аяқтады. Қайтарымсыз грантқа 40 жоба қатысып, 31 жоба мақұлданды. Әлеуметтік жағдайы, күнкөріс деңгейі өте төмен, аз қамтылған,мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларға өз кәсібін ашуға қолдау көрсету мақсатында-Жаңаөзен қаласында ағымдағы жылдың 14 наурызында «Бизнес 3 күнде» жобасы бастау алды. Бүгінгі таңда барлығы 100 бренд қамтылып, оның 87 бренд қатысушылары кәсіпкерлікке қажетті құрал-жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етіліп, қалған 13 бренд қатысушыларымен жұмыстар жүргізілуде. Қалада ауыл шаруашылығ пайлануындағы 35 шаруа қожылығы жер алған. Алайда қазіргі таңда кірістер басқармасына 21 шаруа немесе фермер қожалықтары тіркеліп жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде мал шаруашылығы-17 және егін шаруашылығы-4 қожалық. Сонымен қатар 5 заңды тұлға жұмыс жасайды. Тыңайтқыштар құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау бойынша 3 шаруа қожалығы тыңайтқыштарды арзандатылған құнмен сатып алуға өтінім беріп, барлығы 17,038 тонна амиак селитрасына 596 330 теңге субсидияланды. «Кәсіп түбі - нәсіп» жобасы Оқушылар шығармашылық үйінде жалғасын тапты. Онда кәсіпкер, елімізге танымал актриса Гүлшарат Жұбаева мен ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері, Еуропа-Азия матчтық кезеңінің жеңімпазы Ардақ Назаровпен жастардың кездесу, әңгімелесу, сұрақ-жауап алу түрінде ұйымдастырылды. Гүлшарат Жұбаева негізін қалаған «Шабыт» шеберханасы, сән салоны және шоу агенттігімен таныстырып, кәсіп бастау жолдарын айтып өтсе, Ардақ Назаров болса дені сау жастар уақытында мүмкіндіктерін пайдаланып, қолдан келетін жұмысты жасаудан арланбауға, жалқауланбауға, алға мақсат қойып, ата-ананы разы қылу жолында еңбектенуге шақырды.
Дарина АҚБЕРЕН