Рас, қазақта «көсегең көгерсін» деген керемет тіркес бар, яғни алғыс, ризашылық тілек мағынасында. Әр шығармасын жүрегімен жазып, қазақ жұртының абызы биігіне көтерілген ғұлама, қаламгер Әбіш Кекілбаев – әдебиеттің көсегесін көгерткені сөзсіз. Әдебиет өлкесінің кемел ойлы, көркем тілді перзенті, Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Оңды ауылының Мырзайырында дүниеге келген. Бітім болмысы бөлек, танымы ерек, бірегей ұл, асыл перзент, абыройлы әке, абыз ақсақал! Әбіштің қандай шығармасы да оқушысын баурап алады. Оның Еңсебі — тек еңбек адамы ғана емес, өнер адамы. Абыл шерткен керемет күйлерді және тарихымыздың аса қиын кездерін суреттейтін шығармасы — халық тағдырын жан-жақты бейнелейтін туынды. Қазақтың атбегілеріне арнаған шығармасы қандай болса, «Автомобиль» де сәйгүлікк емінгендей делебеңді қоздырады. Өндіріс пен геология тақырыбына жазған шығармаларында да — «Ұйқыдағы арудың оянуы», т.б. — халқымыздың тарихы қамтылған. Әбіш — барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ»,1978 жылы «Автомобиль» повесі, 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарық қашықты. Әбіш Кекілбайұлының «Үркер»(1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Әбіш Кекілбаев қазақ шежіресі мен аңыздарын аса мұқияттылықпен пайдаланып, халық игілігіне жарату керектігін нақты дәлелдермен көрсете білген тұлға. Биыл Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толу мерекелік шарасы өзінің алғаш білім жолын қуған, жастық, азаматтық ғұмырында шығармашылық шырқау биіктерге бастаған Алматы қаласында бастау алды. Алматы қаласында Ә.Кекілбаев түрған үйге ескерткіш тақта ашылып, бірқатар ел азаматтары сонда болып, мерекелік шараға куә болды. Мемлекет және қоғам қайраткері, «Мұнай-Газ кешенінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры Зейнолла Алшымбаев: - Құрметті зиялы қауым, алыстан – жақыннан жиналған ағайындар! Міне, бүгін есімі халқымызға қадірлі Әбішағаның туғанына 80 жыл, дүниеден озғанына 4 жыл болып қалған шақта, еліміздің әр тарабынан келіп, бәрімізге ыстық Алматы шаһарында бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі Әбіш аға ат арқасы қияндағы Маңғыстаудың Онды ауылында дүниеге келіп, 1956 жылы мектеп бітіріп, содан 9 адамдық моторлы қайықпен Каспийді кешіп өтіп, Гурьевке келіп, осы жерден пойызға отырып, талап қуып, білім іздеп әупірімдеп Алматыға жеткенін өзінің де жазғаны бар. Талай асылдарымыздың мекені болған, ізі қалған Алматының апортының дәмін осында алғаш тартқан Әбекең Алматыны ерекше сүйіп өтті. Осы шаһарда университет бітірді, ғұлама Әуезовтің дәрісін тыңдады, дарынын шыңдап, талай әлемге әйгілі шығармаларын тудырды. Қырық жылдың үстінде ару кенттің саф ауасын жұтып, былайша айтқанда, Алматы Әбекеңнің жаһандық кеңестікке самғауына тұғыр болған нағыз Жиделібайсын деседе болады. Алматыда атақ пен даңқа бөленді. Кезінде бүкіл Кеңес Одағының, шетелдік оқырмандардың назарына ілінген «Ханша дария хикаясы», «Дала балладалары», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау» және т.б. өшпес шығармаларымен көлемді роман-дилогиялары осы қалада, көпшілік туындылары осы үйдегі пәтерінде жазылып оқырманына жол тартты. Шығармашылық адамының көрер қиындығын да бір адамдай басынан өткізгенін де айта кеткен жөн. Осы уйдегі өз пәтерінің кіре берісінде солдаттың ұзын шинелі ілулі тұратының, жеке өмірінде қиындық болған кундерді де бастан өткізгені біздің есімізде қалыпты. Талантты жасжазушыны сол кездегі соғыс жанжалы болып жатқан Жалаңашкөл аймағындағы әскери құрамға жібергенін осында қатысып тұрған аға ұрпақ жазушылар ұмытпаған болар деп ойлаймын. Бала-шағасы мен қарт анасынқ алдырып, шын мәнінде соғыс жүріп жатқан аймаққа жіберілуі Әбіш ағаға және оның отбасына оңай болмағаны, ауыр күйзеліс әкелгені де есімізде. Бірақ, қалай десек те, бұл үй Әбекең мен оның сүйікті жары, Клара жеңгеміздің отбасылық қуанышты сәттерінің көбірек куәсі болған үй. Үлпершектей ұлдары Әулет пен Дәулет, қызғалдақтай қыздары Сәулет пен Зәузат, сүйікті немерелерінің қызығына тоймаған бақытты сәттеріне де осы үй куә. «Тарыдай тасыңдар, бидайдай бөртіңдер» деп амандық-саулық сұрай келгендерге, осы үйдің төрінде ақ батасын жаудырып, Айсауле анамыз отыратын. Оны да біздер, сол кездегі студенттер, көре қалғанбыз. Осының бәрін ескеріп, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Әбішағаның 80 жылдығы қарсаныңда, өзі отбасымен тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып, қала көшелерінің біріне есімін беруге шешім қабылдауы - кеменгер тұлғаға деген қастерлі құрмет деп білеміз. Қала басшысына, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға ұлы замандасымыз Әбекеңнің әруағы алдындағы інілік, перзенттік, ұлыларын ардақтаған ата-баба дәстүріне деген шынайы ілтипаттарына бүкіл ел риза деп айтсақ арттық айтқандық болмас. Алланың нұры жаусын дегеннен басқа айтарымызжоқ. «Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, Туылмайтын өтті өмірден бір қазақ» - деп Әбекеңнің ақын інісі Сабыр Адай айтқандай, Әбіш ағаның қалдырған мол мұрасы, айтқан асыл сөздері, мына ескерткіш тақтада бейнеленгендей ойшыл бейнесі, халқының жадында мәңгі ұмытылмайды. Ұлылардың туған күні болады, өлген күні болмайды – Әбіш ағаға енді өз ұлтымен мәңгілік бірге болу бақыты бұйырғаны анық. Ағаның аруағы риза болып, жаны жанатта, нұры пейіштің төрінде шалқысын! -, деп қатты толқыды. Толқытарлық ескерткіш, толқырлық пікір. Осындай игі шаралардың бірі Жаңаөзен қаласында да өтті. «Әбіш оқулары» байқауынан басталған шара Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға ұласты. Маңғыстаудың киелі топырағынан түлеп ұшқан, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Әбіш Кекілбаевтың мерейтойына арналған салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөз кезегі қала әкіміне берілді. - Туған жердің құнарлы топырағынан нәр алып, «Ұйқыдағы арудың оянуы» деп бағасын өзі берген қазыналы Маңғыстау қазіргі таңда аршынды дамып, әлі де қарқынды қалыптасу үстінде. Киелі де қазыналы өлкенің өзге ел қызыға қарайтын, тамсанатын сырлы әлемі таңдайыңды қақтырады. Бүгін бұл өлке жан-жағына сылана қарап бой түзеген, дәулетіне сәулеті сай қазыналы түбекке айналды. Осынау маңғаз мекеннің ұлы, Әбіш аға Кекілбайұлының есімі әдебиетті сүйетін оқырманы тұрғанда өшпейтіні анық, - деген қала әкімі Мақсат Ибағаров халық жазушысының өмір деректеріне, ел үшін еткен ерен еңбектеріне тоқталды. Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын дәріптеу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Әбіш оқулары» республикалық, облыстық байқауларына белсенді қатысушыларды марапатталды. Өскелең ұрпаққа білім берудегі және тәрбиелеудегі жетістіктері үшін қала әкімінің «Алғыс» хатымен Қарлығаш Жалғасбаева, Роза Жаңғақбаева, Гүлзия Сүйеуова, Ақмаржан Бақытова мен «Алтын шаңырақ» ұжымы марапатталып, қала әкімімен естелік суретке түсті. Сахнаға Әбіш Кекілбайұлының өзі тұсауын кескен Әбіш пен Кекілбай есімді егіз ұлға қала әкімі естелік сыйлықтарын табыстады. Жиылған қауым Әбіш пен Кекілбай атасының «Әке» , көркемсөз үйірмесі өнерпаздарының «Әбішке арнау» өлеңдері оқылып, «Бір щөкім бұлт»хикаясының желісі бойынша қойылған «Аққаймақ» қойылымын тамашалады.
Гүлназ БӨЛЕКБАЕВА