Киелі Маңғыстауда жарық дүние есігін ашып, тума талантымен әлемге танылып, жүрегі елім-жұртым деп соққан қазақтың кемеңгер ұлы Әбіш аға Кекілбаев биыл 80 жасқа толады. Ұлы даланың ұлықталған марқасқасына арналып жержерде ел сүйсінетін әдеби-сазды кештер, іс-шаралар легі бірінен соң бірі оң жалғасын тауып келеді. Әр өткізілген жанға жағымды жұмыстар маңыздылығымен, мәнділігімен айшықталуда. Мұның өзі кемеңгер рухына деген жүрекжарды мың тағзымын көрсетсе керек. Жуырда Маңғыстау ауылының орталық мәдениет үйінде абыз ағаға арналып, «Замананың заңғары» атты әдеби-сазды кеші өтті. Оған жастарымызбен қоса ел сыйлаған ата-әжелеріміз қатысты. Сахна төрі ұлы дала перзентіне арналып, тамаша көрініспен безендірілген. Ең алдымен өнерлі жастарымыз, атап айтсақ, №5 орта мектептің мұғалімі Қандыбай Қайрат абыздың «Таңғы кәлима» өлеңін оқыса, №13 орта мектептің мұғалімі Абдығалі Қуаныш Әбіш ағаның шығармасынан үзіндіні нақышына келтіре орындады. Ал №3 орта мектеп мұғалімі Түзелбай Абай «Жаңа дәптер» кітабынан, №9 орта мектептің мұғалімі Абылай Максутов пен Әділ Аяпбергенов «Көне дәптер» кітабынан үзінділер оқыды. Сахналық көріністе Қандыбай Қайрат «Түнгі кәлима» өлеңін оқып, жұртшылықты Әбіш әлемінің тұңғиығына сүңгіткендей әсерге бөледі. Әдебисазды кеште Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш ағаның өмірбаяны аудио-визуалды бейнеде баяндалды. Кеште Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров сөзге шығып, кемеңгер жазушы туралы толғана әңгімеледі. Ол «Әбіш аға Кекілбаев кемеңгер жазушы болумен қатар Тәуелсіз еліміздің іргетасын қаласқан қоғам қайраткері әрі көрнекті саясаткер. Талайталай тарихи оқиғалардың басы-қасында жүріп, еліміздің гүлденуіне атсалысқан білікті азамат. Оның еңбегі ұшан-теңіз», дей келе, «Әбіш әлеміне әлі де тереңдей үңіліп, зерттей түсу – кейінгі ұрпақ еншісінде», дегенді баса айтты. Аудан басшысының мерейтойлық лебізінен соң сахна төріне кештің қонағы, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Отарбаева шақырылды. Кеш қонағы сөз шебері, классик жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш аға жайында кеңінен толғап, өз баяндамасын жасады. Ал кештің келесі қонағы, өлкемізге белгілі қадірменді ел ағасы, өлкетанушы Отыншы аға Көшбайұлы да сөзге шығып, Әбіш ағаның біз білмейтін беймәлім қырына тереңдей үңілді. Қызықты деректер жайында сөз етіп, залдағы көрермендерді тәнті етті. Барша жұрт ұйып тыңдаған тың деректер жүректен жүректерге жетіп жатты. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Есенбай Құли жүргізген кеште Әбіш ағаның «Шыңырау» пьесасының желісінде театрландырылған шығарма қойылды. Қырық минутқа созылған сахналық қойылымды абыз ағаның 80 жылдығына орай «Алтын шуақ» облыстық драма ұжымдары арасындағы байқауда ауданымыздың намысын қорғап, жүлделі 3-ші орынға ие болған Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінің халықтық драма ұжымы орындады. Шығармадағы Еңсеп рөлін Қосай Елбетеров, автор – Әбіш Кекілбаевты Наурыз Орынбай, әкесі Құлжанды Серік Оразбаев, Анасының рөлін Сәнім Құлбаева, құдықшылар рөлін Ислам Темірбек, Жандос Мурадов, Данияр Ишберген, Асқар Кузембаев сомдаса, ағасы Дәржанды Сағынғали Жаңабергенов, жеңгесі Ханымды Тыныштық Қармысова, інісі Теңселді Мирас Аязбай, Шал-Төкен байды Бөкен байды Саламат Бүркітов, Төкен байдың нөкерін Туркменбай Бекболат, Байсал байды Бекболат Ыбраев және Қыз, Еңсептің келіншегі рөлін Мөлдір Қызыл шеберлікпен орындай білді. Сахна төрінде керемет қойылған драмалық шығарма көрерменді ризашылыққа бөледі. Жиі-жиі қол соғып, алғыстар айтылды. Мұның өзі тартымды туындының кереметтілігін айқындаса керек. Мәңгі өлмейтін шығармалар ел жадында осылай жаңғырып жатады. Әбіш аға әлемі әлі де өрісі кеңейіп, өз халқына қызметін жасай беретіні ақиқат. Сахналық шығармадан соң Әбіш ағаның сөзіне жазылған Есенбай Құлидың «Дәуренім менің» әнін ән авторы орындады.
Д.ХАНСҰЛТАНҰЛЫ