Ұлтымыздың ұлы қаламгері Әбіш Кекілбаевқа Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еңбек Ері» атағын беріп, Алтын жұлдызды орденді тапсырған кезден кейінгі жел сөз көптеген әлеуметтік желілерде, ағымдағы сыңаржақ баспасөздерде сан рет жазылып, сан-саққа жүгіртілді. Шындығында, «бұл қалай болды, ақиқаты қандай?» деген дүдәмал сұраққа дәйекті жауап, деректі уәж айтатын сәт келді. Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман екенін жұртымыз жақсы біледі. Әбіш аға 70 жасқа толып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуінің алғашқы сәтінен бастап, ақырына дейін басы-қасында болып, өз көзіммен көрген жайттардың егжей-тегжейін айтудың реті келді. Оқиғаның мән-жайын айту мақсатында бұдан 3 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Шандозды сағынғанда» деген мақаламда айтылған сөздің бір парасын қайыра айту үшін өткен күнге шегініс жасау қажеттігі туды. 2009 жылдың қараша айының алғашқы онкүндігінде еңбек демалысымды «Оқжетпес» шипажайында өткізбек болып, нақтырақ айтқанда, 10 қараша күні, таңертең көлігімді ауладан шығарып жаттым. Қол телефоным қоңыраулап қоя берді. Әбіш аға екен. «Өтеген, үйдесің бе? Қазір үйге келе аласың ба? Ақылдасатын шаруа болып қалды» деді сәлемімді алып. Дауысында аздаған абыржу бар екенін сездім. Әбекеңе демалысқа шығып, жол жүргелі жатқанымды айтып, «Егер мүмкін болса, телефонмен айтуға бола ма?» деп сұрадым. Әбекең: «Өткенде мені Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдап: «Әбеке, үлкен жасқа келесіз, сізді жоғары марапатқа ұсынбақ ойымыз бар, алаң болмаңыз» деп еді. Қажетті құжатты дайындау барысында оған «Кекілбаевтың соңғы награда алған уақытына бес жыл толған жоқ, заң бойынша ережеге сай келмейді» деген ақпарат беріліпті. Ол жаңсақ ақпарат, менің соңғы алған марапатыма тура бес жыл толды, осыны нақтылап, Қанат Саудабаевқа жеткізіп, анық-қанығын түсіндірсең», – деді сәл шапшаңдау сөйлеп. «Аға, мен бүгін жолға шыға берейін, дүйсенбі күні қайтып келіп, Мемлекеттік хатшыға кіріп, (ол кезде Қанат Саудабаев Мемлекеттік хатшы әрі Сыртқы істер министрі болатын) барлық жағдайды айтып, қажетті әрекет жасаудың жолын қарастыруға өтініш білдіремін, алаң болмаңыз», – дедім. Уәдем бойынша екі күннен соң қайта оралып, дүйсенбі күні Сыртқы істер министрлігінде отырған Қанекеңе келіп кірдім. Ол: «Сен демалыста емессің бе, неғып жүрсің?» деп қарсы алды. Әбекеңнің сәлемін жеткізіп, барлық жағдайды түсіндіріп айттым. Қанекең: «Мен бұл жағын естіген жоқ едім. Әбекең қайда? Үйінде болса дереу телефонын қос» деп шұғыл қимылдады. Телефон соғып, амандасып, Мемлекеттік хатшының сөйлескісі келіп тұрғанын жеткіздім. Екеуі емен-жарқын сәлемдесіп, әзіл-қалжың жарастырып, жайдары сөйлесті. Қанекең: «Әбеке, алаң болмаңыз, ренжімеңіз, мен Нұрсұлтан Әбішұлына кіремін, барлық жағдайды айтамын, ол кісі де дұрыс түсінеді деп ойлаймын, сосын хабарын беремін» деп сөз берді де, маған: «Қазір Әбекеңнің үйіне бар, сол жерден маған қоңырау шал, ағаңның тиісті құжаттарын тездетіп дайында» деп тапсырма берді. Әбекеңнің көңілі жайдары қалыпқа түсіпті. Он бес минуттың шамасында Қанекең телефон соқты. Тұтқаны Әбіш ағама бердім. Екеуі тағы біршама сөйлесіп, ортақ келісімге келді. Осы жерде айта кетейін, менің жұбайым Нағима Сәрсенқызы 7 жыл Әбіш ағаның Парламент Сенатындағы көмекшісі болды, оның осы жылдарда жазған барлық шығармаларын компьютерде терді, ағаның 10 томдық шығармалар жинағы толық оның қолынан өтті. Осыған орай Әбекеңнің барлық жазғандары да менің көз алдымда болды, терімнен шыққан барлық туындысын оқып, терген кездегі әріп қателерін түзеп, көшірмелерін жасауға көмектесіп, баспасөзге жіберетін мақалаларын қарап, реттеп, жолдап отырдық. Әбекеңе келетін жүздеген хаттарға жауап жазуға да біршама араласқан жайым бар. Әсіресе ағаның ұлы тұлғалар туралы толғаныстарын толқып оқып, ой тереңдігі мен көркемдік шеберлігіне тәнті болушы едім. Ертеңіне Мемлекеттік хатшы шақырып алып: «Нұрсұлтан Әбішұлында болдым, бәрін айттым, Президент Әбекеңді 19 қараша күні сағат 15.00-де қабылдайтын болды, ағаңды соған дайында, қажетті құжаттарды реттеп, награда секторына өткіз» деп тапсырма берді. Қажетті құжаттардың бәрін дайындап қойған едік. Әбіш ағаның үйіне барып, кездесудің барлық жай-жапсарын айтып, қабылдау күніне дайындықты бастап кеттік. Әбекеңнің туған күні желтоқсанның 6-сы ғой. Президент сол күні шетелге мемлекеттік іс-сапармен баратынын айтып, Әбекеңнің салтанатты кешін 5 желтоқсанға қоюын өзімен келісіп, шешім қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасын алған Президент Кеңсесінің бастығы Елбасының салтанатты кештегі сөзінің, марапаттау рәсімінің жобасын дайындауды маған тапсырды. Әбіш ағаның 70 жасқа толу салтанатты кеші Опера және балет театрында өтетін болды. Зал лық толды. Әлі ешкім де Әбекеңе Президенттің қандай орден, атақ беретінін білмейтін. Мұны тек 3 күн қалғанда мен білдім, бірақ бұл мәселе қызметтік құпия болғандықтан оны ешкімге айтуға болмайтын еді, тіпті беретін сағатқа дейін құпия ұстадық. Тек бір күн қалғанда Әбекеңнің өзіне ғана құпиялап айттым. Бәріміз күткен күн келді. Салтанат басталды. Сахна төріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерілді. Ол өзінің қазіргі заманғы руханият әлеміндегі, ұлттық сөз өнеріндегі заңғар қаламгер, замандасы Әбіш Кекілбаев туралы, кейін мәдениет саласындағы бағдарламалық сөз ретінде қабылданып, жоғары бағасын алған арнау сөзін оқып болып, енді Жарлықты оқу жөнінде пәрмен берді. Зал сілтідей тынған еді. Жұрт демін ішіне тарта күткен Жарлық оқылды. Әбекеңе көпшілік көптен күтіп жүрген Қазақстанның Еңбек Ері – ең жоғары атағы беріліп, оны Елбасы қолына ұстап жоғары көтере халыққа көрсетіп, Әбекеңе қарай бейімделді. Әбекең қатты толқу үстінде болатын. Өйткені Елбасының етене құрметпен айтылған ерекше сөзі жаны да, жүрегі де нәзік Әбекеңді тым толқытып жібергенді. Зал гулеп кетті, жұртшылық орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Бұл Әбекеңді одан әрі толқытып, ежелден көңілі баладай Әбіш аға жауап сөзінде жанары боталап: «Бұл сыйлықты алдыңғы ағаларым, алыптар тобының өкілдері де ала алған жоқ еді, бұл соларға бұйырмас марапат еді ғой» деп кемсеңдеп, көңіл толқыны көзінен көрінгені де шындық. Көп адамның да көзінде қуаныш жасы мөлдіреп тұрды. Сахнада тәуелсіздік туын бірге көтеріскен екі әріптес – Әбішұлы мен Әбіш халқының ортасында жарасып тұр еді. Асқан білімпаз, ерекше эрудит, адамзат тарихындағы асыл дәстүрлер мен тарихи этиканы терең білетін, таңдаулы тағылым мен саналы сарапшылдықты бала жасынан тал бойына сіңірген әмбеназар Әбекең осындай жан толқынысындағы жарқын сәтте өзін қалай ұстауы керек еді? Әдебиет пен әскери тақырыпты қатар екшегенде еске түсетін мына жайлар жадымызға оралады: Әуелі акколада туралы айталық. Еуропалық қауымда ортағасырлық кезеңнен бері король ержүрек жауынгерге рыцарлық дәреже бергенде немесе рыцарлық қатарға қосқанда болатын рәсім (церемония) «акколадалық сәт» аталады. Яғни арнайы орден тапсырылғанда жаңа рыцарь корольдің алдында тізе бүгіп, орденді сүйеді. Әскери инициация болып табылатын бұл дәстүр – берілген орденге, сол арқылы Отанға, туған халқына құрмет көрсету белгісі. Осынау оқиғаның қарсаңында орден алушы алдын ала дамуазо жасап немесе мұсылман діні тілімен айтсақ, ғұсыл жуынып, содан кейін аппақ көйлегін киіп, алқызыл сюрко, қоңыр шосс, алтын шпор тағынып, беліне семсерін тағады. Рыцарь рухы осылай кіреді. Баян бекзаттық осылай байыпталады. Салтанатты рәсімнен бірер күн бұрын қала әкімдігі де Әбекеңнің үйінде болып, салтанатты рәсімнің орындалуына лайық өз іс-шараларын ойластырды. Демек, Әбекең акколадаға қапысыз дайындалды. Бұл дәстүр кезінде, орта ғасырларда, әскери салт есебінде болса, кейін кресшілер мұны діни ахуалға айналдырып, оның мәні мен мақсатын біршама өзгертіп жіберді. Христиан діні мұны шіркеуді қорғау мақсатында көп пайдаланды. Өз кезінде Батыс Еуропада өркен жайған бұл рыцарлық дәстүр кейін келе мемлекеттік қызметтегі корольдік марапатқа айналып, мемлекеттік дәрежесі жоғарылады. Бұл жағынан да Әбекең осы дәстүрге әбден лайықты еді. Рыцарлық қасиет адамның имани-моральдық кодексі ретінде бағаланып, еуропалық әдебиетте романтикалық образға бейімделіп, адамның асыл дәрежесі ретінде санатқа кірді. Бұл жағын да жан-жақты білетін, әлем әдебиетіндегі рыцарлық кодексті терең тани алған білімпаз Әбекең үлгілі мектептің озат оқушысындай болатын. Қазақ тарихынан гөрі Еуропа тарихын терең білетініміз бар ғой, уақыт өте келе рыцарлық әдебиеттің романтикалық-классикалық түріне дендеп айналып, орыс әдебиеті арқылы қазақ жеріне де жетті. Бірте-бірте рыцарлық жест, әрекет ерлердің қол алысуы қарекетіне ұласып, күнде көрсек те жапатармағай жапырлап қол алысатын болдық. Мұның өзі де аздық етіп, кешегі брежневтік кезеңде ерлер мен ерлер тұра қалып сүйісетін болды. Бұл жағынан да Әбекең кенде болған жоқ. Сәлем берген кішіні, ардақты ағасын, қадірлі жеңгесін, тіпті танымайтын жандарды да «айналайын» деп құшақтап, Әбекең бас салып сүйіп жататын. Әбекең осы әдетін тастаған жоқ. Жақсы көргенін жатырқамай сүюмен өтті. Өз үйінің нөмірін, телефонын, қай қабатта тұратынын да біле бермейтін Әбекең, өмірі қол телефонды қолына ұстап көрмеген Әбекең, үй шаруасына мүлде жоқ Әбекең, адамзаттың тарихын жатқызып-өргізіп, әлем әдебиетінің ұлы тұлғаларының туған, өлген жылдарын ғана емес, олардың шығармаларын өзі жазып шыққандай талдап, тарататын Әбекең, үй кітапханасында текшелеп жиналған 30 мыңдай кітаптың қайсысы қай жерде тұрғанын, бір дерек сұрасаң оның қай кітаптың қандай бетінде тұрғанын жатқа айтатын Әбекең, қазақ ақындары мен билерінің, батырлары мен хандарының тарихын, халқына сіңірген еңбегін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын таңнан-таңға жатқа айтатын Әбекең, орыс және әлем әдебиетін талдағанда сол елдің өкілдерінің аузын аштырып, көзін жұмғызатын Әбекең, мемлекет дамуының мың сырын бір басына сыйдырған Әбекең, тәуелсіздік жылдарында туған еліне тік тұрып қызмет еткен Әбекең хандық дәуіріміздегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, адамдық кодекс пен мінездік этиканы терең білмейді деп ешкім де айта алмасы анық. Хандық дәуірімізде, үш ғасырлық қырғын соғыс, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада, қалмақпен қақтығысқан, жоңғармен жаға жыртысқан бұлағай жылдарда хандар ерекше батырлық көрсеткен жауынгерді қол алдында құрметтеп, қару ұсынған. Марапатқа ай шағылысқан алдаспан, суылдап тұрған селебе, сабы алтын-күміс кездік берген. Қолтығынан хан демеп, арғымаққа мінгізген. Сонда сол батырлар ханның алдында тізерлеп тұрып, берген қаруды сүйіп, ханның қолына құрмет көрсеткен. Ол кезде қазіргідей атынан адам жаңылатын орден, медальдар жоқ қой, бірақ олардың бағасы қазіргілерден бір мысқал кем болмаған. Бәріміз білетін бұл тарихты Әбекең баршамыздан да артық білетін. Ал бағзы заман, байырғы дәстүрге бақсақ, түркілік дәуірден бергі тарихымызда ханның, қолбасының қолын сүю дәстүрі болған. Ол шынайы құрмет пен ризашылықтың нышаны болып, ғасырлар бойы ата тарихымызда жалғасын тапқан. Қазақ даласында баланың атаның, әкенің, ананың қолын сүйіп құрметтеуі күні кешеге дейін жалғасқан. Ханның қолын сүю оған қарағанда оғаш мінез, одағай тірлік емес екені және белгілі. Тәуелсіздік талаптарын, жаңа тұрпатты мемлекет құрудың соны жүйесін жасаған Президенттің үзеңгілес серігі, сырлас санаттасы, қызметтес қанаттасы болған Әбекең – туған тарихымыздың тарауларын тұжырымдауда ата-баба дәстүрінен алыстамай, өткен мен келердің аражігін қосып отырған тұлға еді. Әдебиетте ерлік жасаған, елдің атын әлемге танытуда ерекше қаламгерлік көрсеткен, егемен жылдарда мемлекеттік қайраткерліктің үлгісін тұрақтандырған, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты: «Шіркін-ай, қазақтың жігіттерінің бәрі осы Әбекеңдей болса ғой» деп тебіренткен Әбекең аса жоғары атақты алып тұрғанда алаштың алдында басын иіп, жанарын жас жуса, бұған біз, қазақ баласы, қуанып қол соғудың орнына, ұлардай шулап кеттік. Өз өзімізді жаттай сыйлап, жатты жанынан түңілтудің орнына жақсының жағасынан алып, жанына қаяу салдық. Бәрінен бұрын екі жайт ойландырды. Біріншісі, ағамен қатар әріптес, ақсақалдық жасқа жеткен кейбір қаламгерлер мұның байыбына бармай, отқа май құйып, өсектің өртін өршітті. Талантқа жете алмаған тапал танымын көрсетті. Екіншісі, әлеуметтік желіде отырған жастар, тіпті Әбекеңнің аты мен затын білмейтіндер, оның бір сөйлемін түсіну үшін жүз күн ойланатындар, елге сіңірген еңбегінен еш хабары жоқ бозөкпелер, өсек пен өтіріктің торына шырмалғандар, тисе терекке, тимесе бұтаққа тас атып, қол телефон мен қиянатшыл ғаламтордың ішіне кіріп алып адасқандар ауыздарына келгенін айтып бақты. Алыстан тас атқандардың айызы қанды, жақыннан жұдырық көрсеткендердің желігі желге шапшыды. Осындай күндердің бірінде, әлеуметтік желінің әулекі жазбасы көбейе берген тұста, Әбекеңнің үйіне бардым. Көңіл күйін аңдап көрсем, жайбарақат. Маңғыстаудың шұбатын алдына қойып, өзі ерекше жақсы көретін қызылкүрең бауырсақты қарбыта жеп, шай ішіп отыр екен. Шай ішіп отырып: «Аға, жұрт не болса соны жазып жатыр, мен бәрін сол жерде тұрып, көзбе-көз көрдім ғой, анығын жазып, анталаған көпке түсінік берсем қайтеді?» деп сұрадым. Сонда маңдайы тершіп, көңіл күйі бабында отырған Әбекең: «Сен оларды жазып, жел сөздің жағдайын түзей алмайсың, қазақты білем ғой, өтірік дегенде өжеңдеп, болмайтын жерде бажаңдап кетеді. Ертең басалқы айтады деген ағаларыңның өзі Әбіш інісіне айтып, жаздырып отыр деп одан әрі қиқулайды. Көбінің ақылы жетпей отыр ғой, ақылы жетпеген адамға ренжуге болмайды, мен ренжімеймін. Сен де ренжіме, кешірімді бол, бәріне бір Алла куә. Әр нәрсенің өз кезеңі болады, ол күн де келер, айтам десең, сонда айтарсың ақиқатын» деп басалқы сөзін айтты. Тоқтауға тура келді. Әбекең қайтыс боларынан төрт-бес жыл бұрын «О, дәурене, дәурене...» деген тарихи-әфсаналық роман бастаған болатын. Бір әңгімелесіп отырған кезде: «Осыны кеш бастаппын, бұдан он жыл бұрын жазуым керек еді, мемлекеттік қызмет мұрша бермеді. Енді өмірім жете ме, жетпей ме? Көлемі шамамен мың беттей болады, Нағима бастап теріп жатыр, сен компьютерден шыққандарын шетінен оқып, қарай бер» деді. Мен бұл шығарманың алғашқы 250 беттейін оқыдым. Өте әріден, Адам Ата мен Хауа Ананың жаратылысынан басталатын, дерегі мен дәйегі өте мол, беймәлім жайттары баршылық, оқудың өзіне дайындық керек туынды екен. Бұл туынды үйінде, архивінде жатқан болар деп ойлаймын. Осы отырыста Әбекең бұрынғы айтқан сөзін және бір қайталап еді. Шыңғыс Айтматов қайтыс болып, Қазақстан делегациясы жерлеуіне барғанда, ертеңіне таңертеңгілік асқа шақыру үшін қонақ үйдегі бөлмесіне кірсем, Әбекең терезеден сыртқа қарап, үлкен ойдың үстінде тұр екен. Сәлемімді алып тұрып: «Адамның ұзақ өмір сүруі қажет емес екен» деді. Сосын: «Мен бұрын еш- кімнен қорықпаушы едім, қазір қазақтан қорқамын» деді. Астарын ашып айтпады. Үлкен тұлғаны ойландырған осы бір ауыр сөздің жұмбағын әлі шешкен жоқпыз. Енді Еңбек Ері атағын қабылдап алуы туралы айтайын. Әбіш аға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қолын астыңғы жағынан жоғары көтеріп, алақанындағы орденді сүйді. Бейнелеп айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы Президент қолындағы орденді сүю арқылы бүкіл халқын сүйген болатын. Осы арқылы туған еліне, өзі тік тұрып қызмет еткен тәуелсіздікке, мәртебелі мемлекетіне, оның басшысына шынайы құрметін білдірді. Ұлық атақты – орденді сүйіп қарсы алу арқылы да Әбіш Кекілбаев Ұлы даламыздың ұлағатты дәстүрін көрсетті. Біз осылай қабылдауымыз керек еді. Сахнаға қарсы тұрған қаптаған операторлар бейнеге түсірген кезде ол қолды сүйген секілді болып көрінеді. Халқымыздың қанында бар дәстүрді сақтай, Мемлекет басшысына деген құрметін көрсете, өзін қошеметтеп келген қалың қауымды сыйлай, өмірден өтіп кеткен асыл ағаларының аруағын еске ала, еңбегіне берілген ел бағасын қабылдай отырып, ұлы қаламгер ұлық атақты сүйіп қарсы алды. Егер мұны да ұлық жанның кемшілігі десек, бұл кешіруге болмайтын қылмыс емес қой. Жақсыға жабылғанда жығатынымыз кім? Ұлымызға ұрынғанда ұтатынымыз не? Көрмей куә болатынымыз, бермей мырза болатынымыз неге? Жақсымыз, жайсаңымыз азайып бара жатыр. Халық болып құрметтейтін тұлғаларымызды хан көтеретін жұрт едік. Әбекең Президенттің қолын сүйсе де тарылатын төріміз, жабығатын жөніміз, жаңылатын жеріміз жоқ еді. Дидарғайып уақытта дүниеғапыл кешкен біртуар азаматтың шынайы болмысын баяндар ізі бар. Жұртшылық назарына осы жазбаны ұсынып, аға аруағының алдындағы бір парызымды өтедім. Шат болсын рухы Шандоздың!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты