20 қырқүйек күні Маңғыстау облыстық жастар орталығының ұйымдастыруымен «Lectorium» жобасы аясында жазушы, ақын, сәулетші, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлымен кездесу өтті. Шараға 100- ге жуық жас қатысты. Кездесу барысында сәулетші Сайын өз шығармашылығы жайлы айтып, белгілі тарихи тұлғаларға арнап салған кесенелері мен күмбездеріне тоқталды. Сондай-ақ Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылған "Абай әлеміне саяхат» танымдық клубының негізгі мақсатын жастарға түсіндірді. Айтуынша, «Абай әлеміне саяхат» танымдық клубының мақсаты – Абайды танып, Абайдың өлеңдерін, шығармаларын оқытып, жаттату ғана емес. Өскелең ұрпаққа Абайдың қара сөздерінің мән-мағынасын түсіндіріп, санасын ұлы ақын айтқан ұлағатты сөздермен нәрлендіру. Рухани кемелденуге, ізденуге баулу. Егер жастар өнегелі сөзден сабақ алса, бойындағы жағымсыз қасиетінен арыла білсе, білімге ұмтылса, онда елдің ертеңіне алаңдар ақылды жастардың болғаны. Тек ұлылар салған сара жолмен, Абай жүрген дара жолмен бой түзеген жастар жарты жолдан сүрінуі мүмкін емес. Сайын Назарбекұлы Абайдың он бесінші сөзін тілге тиек ете отырып, өз-өзіне есеп берудің қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Өмір деген сан қилы кедергілер мен тосын сыйдан тұрады. Қателеспейтін адам болмайды. Тек сол қателіктен сабақ ала білу керек деп өз сөзін қорытындылады. Жалынды жастар барда еліміз дамып, өркендей беретініне сенім білдірді. Маңғыстаулық жастар көпті көрген қоғам қайраткерінің тәлімді әңгімелерін тыңдап, көкейде мазалап жүрген сан сауалға жауап алды. Шара соңында Сайын Назарбекұлы жастарға ақ батасын берді.
Маңғыстау облыстық жастар орталығының баспасөз қызметі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85538,85537"]