Жануар мен өсімдік дүниесін қорғау – басты назарда
[ 2019 ] 22 тамыз, 10:27 | Қоғам
Қоғамда қоршаған ортаны қорғау, табиғат тазалығын сақтау мәселесі өз өзектілігін ешжоғалтпайды. Бұл бағытта біздің өңірдеде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе тиісті басқарма өкілдері жоспарға сәйкес жұмыстар атқарып келеді. Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаевпен түбекке тән тұмса табиғат пен оны мекен еткен аң-құс, өсімдік популяциясын қорғау жұмысын үйлестіру жөнінде әңгіме өрбіттік.
- Біздің өңірге тән өзіндік ерекшелік – шөлейттенуге қарсы күрес қалай жүргізілуде?
- Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен 2004 жылдан бастап Сенек, 2007 жылдан - Үштаған, 2012 жылдан - Тұщықұдық және де 2016 жылдан бастап Шебір ауылдарын көшпелі құмнан қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда шөл алқаптағы төрт ауыл айналасында қазір 3835 га аумақта жасыл оазис пайда болды. Оған жоспар бойынша жыл сайын 400 га қосылып отырады деп күтілуде.Сонымен қатар Сауысқан, Сазды және Жарма ауылдарын көшпелі құмнан қорғау жұмыстарын бастау үшін қажет алты жылға арналған жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды.
- Маңғыстауда орман өсіру мүмкін бе? Осы жұмыс қандай деңгейде жүргізіліп келеді?
- Әрине, «қалауын тапсаң, қар жанады» демекші су тапшылығына қарамастан орман өсіру жұмысын да жолға қойып келеміз. Жануарлар дүниесі мен табиғи ортаны қорғау жөніндегі жұмыстар біздің басты назарымызда. Бүгінгі таңда облыстағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Бейнеу және Сам мемлекеттік орман мекемелерінің жалпы орман қорыкөлемі – 241 599 мың гектар, оның ішінде орман жамылғысы 122 432 гектарды құрайды. Бұл аумаққа жылына 300 гектар жерге қара сексеуіл тұқымдары себіледі. Соңғы екі жылда 206 гектар (2017 жылы 148 га, 2018 жылы 56 га) орман жамылғысы орман қоры жеріне қосылды. Орман өсіруді одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Бейнеу ауылындағы кәріздік тазарту қондырғысынан тазарып шыққан суды пайдалануға лайықталған, жылына 1 млн сексеуіл өскіндерін дайындауға арналған құны 98 млн. теңгені, ал жалпы көлемі 8,75 гектарды құрайтын тұрақты орман питомнигін салудың, сондай-ақ Бозашы түбегінде мемлекеттік резервтегі жерде аумағы 76305 гектар, құны 67 млн. теңге болатын жаңа орман мекемесін құрудың барлық құжаттары дайын. Биыл орман питомнигін салудың жобалық-сметалық құжаттамасы Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет, және қала құрылысы басқармасына берілді.
Сонымен қатар «Маңғыстау облысы әкімдігінің ормандарын молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2019-2030 жылдарға арналған қадамдық Жоспары» ҚР Ауыл шаруашылығы вице министрімен келісіліп, облыс әкімімен бекітілді.
- Ал облыста жануарлар дүниесін қорғау деңгейі қандай?
- Облыста ауданы 2,8 млн. гектарды алып жатқан 12 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Оның ішінде ауданы 1,047 млн. гектарды құрайтын жергілікті маңызы барлары – жетеу. Ерекше аймақтарда жануарлар дүниесі мен табиғи ортаны қорғау бағытында көптеген іс-шараларатқарылуда. Облыс әкімдігінің 31.07.2012 жылғы №182 қаулысымен жергілікті маңызы бар «Тасорпа» және «Жабайұшқан», 24.12.2013 жылғы № 359 қаулысымен «Адамтас», 27.02.2015 жылғы № 53 қаулысымен «Манашы», «Есет» және «Көлеңкелі» мемлекеттік табиғи қаумалдары құрылып, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-ның қарамағына берілді.Мысалы «Қызылсай» паркі аудандық Ішкі істер басқармаларымен, «Охотзоопром» батыс филиалымен бірлесе отырып, облыстық табиғат қорғау полициясымен тек 2017 жылы 659 рейд
, оның ішінде 91бірлескен рейдтік шара өткізді.Ал 2018 жылы бойынша 622 рейд
, оның ішінде 61 бірлескен рейдтік шара ұйымдастырылды.2016-2018 жылдары аралығында қорғалатын аумақтарда заңсыз аң атқаны және қару алып кіргені үшін сот шешімімен бюджетке 16,6 млн. теңге түсті. Күшейтілген күзет жұмыстарының нәтижесінде жабайы жануарлар өсіп келеді. Мысалы: 2017 жылғы Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жүргізген авиасанақ кезінде қорғалатын жергілікті аймақтардан 1509 астам арқар санаса, соның ішінде: жергілікті ерекше қорғалатын аймақтардан 1374 бас арқар анықталды. 2018 жылғы күзгі санақ кезінде жергілікті маңызы бар ЕҚТА-ларда арқар, қарақұйрық және басқа да жабайы аңдардың саны алдағы жылмен салыстырғанда көбейгені байқалды.
- Өңір аумағында балық шаруашылығын дамыту ісінде қандай жетістіктер бар?
- Облыста өндірістік балық аулау аймағы Каспий теңізінің Түрікмен шекарасындағы Сүйе жерінен Прорва жеріне дейін 1350 шақырымды құрайды. Теңіз жағалауы бойынша 6 балық шаруашылық ауданы 35 учаскеге бөлінген. Оның ішінде 27 учаске 20 табиғат пайдаланушыға бекітілген, 8 учаске резервте тұр. 2018 жылы облысқа 1859,1 тонна балық аулауға квота бөлінді. Балықшылар қазірге дейін 1741, 3 тонна (93,6 %) балық аулауға рұқсат алды. Нақты ауланған балық көлемі 1667,7 тонна (89,7%). Биыл облысқа 2299,013 тонна балық аулауға квота бөлінді. Балықшылар қазірге дейін 1148 тонна (49,9%) балық аулауға рұқсат алды. Нақты ауланғаны - 50 тонна. (2,17%) Резервтегі 8 учаскеге балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру үшін арнайы құжаттамалар жасақталып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетіне жолданды. Сондай-ақ, (ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің 19.03.2015 жылы №18-04/245 бұйрығымен) Маңғыстау облысы секторында бекіре өсіретін шарбақты балық шаруашылығын жүргізуге 2016 жылы2 учаскеге конкурс өткізіліп, бекітілді
:Оның бірі – ауданы 3500 гектарға созылған, (ұзындығы 5,3 км, ені 6,6 км) Кендірлі шығанағында орналасқан
«Caspian Riviera» ЖШС иелігіне бекітілген, қазір шарбақты балық шаруашылығының құрылысы жүріп жатыр.Екіншісі - Ақшұқыр ауылына жақын теңізден 20 шақырым қашықтықта, ауданы 324 гектарды құрайтын (ұзындығы 1,8 км, ені 1,8 км) «Caspian Sea Farm» ЖШС-не бекітілген. Осында жоспарланған жылдық балық өнімділігі 6 тоннаға жетіп артылады. 2018 жылы «Caspian Riviera» ЖШС Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін жақсарту мақсатында 400 дана, ал «Kazakh osseter» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС 10 дана бекіре тұқымдас балық түрлерін Каспий теңізіне жіберді.Облыста тауарлы бекіре балықтарын шығаратын «Kazakh osseter» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС қызмет етеді. 2015-2017 жылдары салмақтары нормативке сай 10 000 дана бекіре тұқымдас балықтар сатылды. Оның 300 келісі Грузияға жолданды. 2016 жылы 6 т; 2017 жылы 9 т; 2018 жылы 7 т бекіретұқымдас (орыс, сібір лерок, стерлет, қортпа, гибриды) балықтар өсірілген. «Булекбаева» ЖК тарапынан Қаракөл көлінде қуаттылығы жылына 30 тонна тоғандық балық (сазан) шаруашылығын дамыту жобасы инвестициялық жоба ретінде қаралып, жер телімін алу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірдегі балық шаруашылығын дамыту жөніндегі Концепциясы жасақталып, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
2479
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.