Каникул кезеңі туралы әлеуметтік желіде тарап кеткен ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі фейсбук парақшасында жариялады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қазақстандық білім беру жүйесіне ешқандай қатысы жоқ каникулдық кезеңдер туралы жаңалық Беларусь Республикасының ақпараттық ресурстарының бірінде жарияланған еді. Әлі күнге дейін ақпарат әлеуметтік желіде таратылып жүр. [caption id="attachment_84329" align="alignnone" width="1024"] Сурет әлеуметтік желіден алынды[/caption] Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу жылының күнтізбелік жоспарын бекітпейтінін, тек оқу жылының басталуы мен ұзақтығы және каникулдық кезең туралы бұйрық шығаратыны туралы айтты. ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз хатшысының айтуынша, «ҚР БҒМ-нің 2019 жылғы 29 шілдедегі «Орта білім беру ұйымдарында 2019-2020 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» №337 бұйрығына сәйкес мерзімдер анықталды. «2019-2020 оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталады. 1-сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 33 оқу апта болса, 2 – 11 (12)-сыныптарда 34 оқу аптасы бар. Сонымен қатар күзгі каникул – 7 күн (28 қазан – 3 қарашаны қоса алғанда), қысқы демалыс – 10 күн (30 желтоқсан – 8 қаңтарды қоса алғанда), ал көктемгі каникулда оқушылар 13 күн (21 наурыз – 2 сәуірді қоса алғанда) демалады. 1-сыныптарда қосымша каникул 7 күнге (3 – 9 ақпан аралығына дейін) созылады», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА