Медициналық сақтандыру дегенде кей адамдардың көңілі түсіп кететіні жасырын емес. Оны қолдағысы келмейді. Өйткені, өткен ғасырдың соңғы жылдары енгізілген медициналық сақтандыру реформасының жайы баянсыз болған. Біз тағы да осындай реформаға тап болғалы тұрмыз. Алайда, бұл реформаның жөні бұрынғыға қарағанда, бөлектеу болмақ. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингте журналистер сауалдарына жауап берген мамандар айтты. - 1995-1996 жылдардағы ахуалды қазіргі жағдаймен мүлде салыстыруға келмейді, - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасының орынбасары Эрик Байжүнісов. - Ол кезде Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұра бастаған болатын. Халықтың әлеуметтік әл-ауқаты да сын көтермей тұрған кез еді. Сол уақытта экономикалық дағдарыс орын алып, еліміз басқа реформалармен қатар міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді де қолға алды. Бірақ бұл жобаны сәтсіз болды деу қате. Себебі, сол қиын-қыстау кезеңде міндетті медициналық сақтандыруды енгізу денсаулық саласын жоғары сатыға көтереміз деген ұмтылыс еді. Бұл жүйе 3 жыл ішінде еліміздің денсаулық саласына нарықтық экономиканың принциптерін енгізуімен ерекшеленді. Қазіргі емхана, ауруханаларда қолға алынған өзгерістердің бәрі сол кездегі азды-көпті тәжірибенің жалғасы деуге болады. Егер экономикалық қауқарымыз жеткенде, алғашқы медициналық сақтандыру қоры өзін-өзі ақтауы да мүмкін еді. Алайда сол кезде қорға жұмыс берушілер аударған қаржы күллі республика азаматтарын емдеуге жұмсалды. Қарттар мен балалар секілді әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындар үшін жарна төлеуге мемлекеттің шамасы келмеді. Жергілікті әкімдіктер, әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатын облыстар бюджеттің қысқалығынан қорға қаржы аудара алмады. Қаражаттың жетіспеушілігі қордың жабылуына әкелді. Қазір міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге мүмкіндік бар. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған 15 санаттағы азаматтарды, соның ішінде зейнеткерлер мен 18 жасқа дейінгі балаларды, мүгедектерді, жазасын өтеушілерді, жұмыссыз азаматтарды, студенттер мен тағы басқаларды мемлекет өз қамқорлығына алып, олар үшін жарна төлейді. Бұлардың жалпы саны–10 миллионнан асады. Ал «ӘМСҚ» КЕАҚ Маңғыстау филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, мемлекет денсаулық сақтау саласына яғни, халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын бір триллион теңгеге жуық қаржы бөледі. - Бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді, - деді ол. - Мысалы, 2013 жылы кепілдік берілген тегін медициналық көмекке 608,1 миллиард теңге бөлінген болса, 2019 жылы бұл қаржы көлемі 972,7 миллиард теңгеге жетті. 2017 жылы елімізде медициналық көмекке жан басына шаққанда 91 мың теңге немесе 280 АҚШ доллары жұмсалған. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 35 мың теңгеге көп. Ал, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 3000 доллардан асып-жығылады. Сонымен, халықтың әл-ауқатын арттырады деп күтілетін жаңа реформа қарапайым халыққа қала әсер етеді? Алдымен, қаржының өсуі сатып алынатын қызмет түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді екен. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласында жағымды өзгерістер болады: - ақша көбейген соң тариф өседі; - тариф жоғары болған соң мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынатын клиникалар саны артып, бизнес жаңа клиникалар ашуға ынталы болады; - клиника қанша көп болса, пациент үшін күрес те күшейеді; - бәсекелестік қанша күшті болса, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы да жоғарылайды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА