«Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың», - деген дана Абайдың сөзі маңызын жойған жоқ. Әсіресе, қазіргідей дамыған дәуірде көп тілді білу адамды кең өріске, тың өмірге бастайтын жол саналады. Бүгінгі әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өзгерістер белең алған шақта жан-жақты білікті мамандар қажеттігі күн санап көбеюде. Қазіргі заман адамы өзгелердің мәдениеті мен тілдерін тез қабылдай білетін жан-жақты болуы шарт. Таяуда Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің залында «Полиглот» байқауы өтті. Мамандардың көп тілді жетік меңгеруі сынға түскен бұл додада қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру, тілдік қорларды әртүрлі жағдайларда пайдалану, жазбаша және ауызша түрде емтихандар тапсыру және өз өнерлерін таныстыру талап етілді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші іріктеу кезеңіне қатысу үшін байқауға қатысушы үш тілді жетік меңгерген болуы тиіс. Байқаудың алғашқы тапсырмасы «Таныстыру» деп аталады. Бұл тапсырмада сайыскерлер өздерін үш тілде таныстырды. Екінші тапсырма—«Терминдер-аудармалар». Бұл тапсырманы байқауға қатысушылар жазбаша түрде орындады. Әділ әрі білікті қазылар мүшелері бұл тапсырманың орындалысын тексергенде байқауға қатысушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілін білу деңгейін бағалай алды. Өйткені, тапсырмада сайыскерлердің сауатты жазуы сынға түскен еді. «Экранда берілген қазақ халқының салт-дәстүріне, тұрмысы мен мәдениетіне байланысты сұрақтарға қазақ тілінде жауап беру» атты үшінші тапсырма бойынша қатысушылар жазбаша түрде берілген термин сөздердің қазақ және ағылшын тіліндегі аудармаларын айтып берді. Соңғы тапсырма бойынша байқауға қатысушылар «экранда берілген төтенше жағдайлар терминдерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын айту» бойынша жарысты. Қызу өткен сайыста бірінші орынды Әділхан Едігеев, екінші орынды Мадина Италмас және үшінші орынды Сарсенбек Ержанов пен Бибарыс Жүзбаев иеленді. Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Анара Тусина байқауға қатысушыларды дипломдар және сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ бүгінгі жеңімпазға қыркүйек айының басында Көкшетау қаласында өткізілетін байқаудың екінші, республикалық кезеңіне жолдама берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА