Елорда төрінде "Өнер білім" орталығының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында "Ынтымақ" республикалық балалар байқауы өткен еді. Аталған өнер додасында Маңғыстаудың намысын 5 жасар Тұмарым Сұлтан қорғады. "Хиуаз" балабақшасының тәрбиеленушісі Тұмарым Сұлтан байқаудың қорытындысында телевизиялық жобаның бас жүлдесін қоржынына салды. Сонымен қоса хореография бөлімі бойынша екінші орынды иеленді. «Байқауға тыңғылықты дайындаған «Мұнара» би ансамбілінің жетекшісі Мұрат Камилаға алғыс айтамыз. Өнерлі балапанымыздың шығармашылығын шыңдау үшін біз қолымыздан келген дүниенің барлығын жасаймыз. Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық байқауға немерем Тұмарым анасымен бірге барып, канжығасы майланып қайтты. Қызымыз осыдан екі жыл бұрын "Маңғыстау-Медиа" орталығы ұйымдастырған облыстық Тәуелсіздік күніне арналған байқауда жүлделі орынды иеленіп, мерейімізді тасытқан болатын. Сонымен қатар биыл маусым айында өткен "Жұлдыз болғым келеді" атты I республикалық онлайн байқауда жүлделі екінші орынды иеленіп, тағы қуантты. Өнерлі кызғалдағымыздың жолы ашық болып, әрдайым өнердін шыңынан көрінуіне тілектеспін», - дейді Тұмарымның әжесі Камиля Алмағанбетова.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ