Аталған орталық Жаңаөзен қалалық неке сарайы ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Жоба Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында орындалған. Ел тарихында тұңғыш рет жүзеге асып отырған пилоттық жоба ең бірінші кезекте жанұя бірлігін, отбасы құндылығын сақтауды және ана мен баланың құқығын қорғауды көздейді. Орталықтың ашылу салтанатына Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев, Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Бауыржан Тоқбаев, қаламыздың ардагерлері, құқық қорғау органдары мамандары мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Алғашқы құттықтау сөзін алған Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев: - Қазақ қашанда сөзге тоқтаған халықпыз. Оған тарихта өткен аузы дуалы, бүкіл елді ақыл-парасатымен береке-бірлікте ұстай білген билеріміз куә. Бүгінгі жоба – сол игі тарихымызды жаңғырту бағытында қолға алынған бастамалардың бірі. Бұл жердегі ең бірінші мақсат – ажырасу мәселелерін сотқа жеткізбей шешу, - деді. Төрағаның айтуынша, бүгінде әрбір оныншы қазақстандық отбасы ажырасу туралы талап-арыздармен сотқа жүгінеді екен. Осы орайда, соттар арыздарды тек заң аяында ғана қарамай, ерлі-зайыптыларға алдымен келісімге келуге мүмкіндік беретін осындай орталықтар ашуды қолға алған. Әлем тәжірибесінде көптеп кездесетін мұндай соттардың отбасын сақтап қалуда тигізер көмегі зор. «Отбасылық сот» орталығында бекітілген кестеге сай, қалалық соттың мамандары, психологтар жұмыс істемек. Бұл жерге ажырасуға арыз берген жанұялар балаларымен бірге келіп, мамандардың кеңесімен қатар, психологиялық көмек ала алады. Жайлы атмосферада жасақталған бөлмеде ерлі-зайыптылардың мамандармен еркін форматта сөйлесіп, медиацияға келуіне мүмкіндік зор дейді мамандар.
Айжан НАСЫРОВА