Ақтауда 2-3 тамыз күндері жауынгерлік самбодан ел чемпионаты, 4-5 тамыз күндері «Ақтау кубогы» VI халықаралық турнирі өтеді. Оған еліміздің барлық аймағынан және Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген самбошылар қатысады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аталған шаралардың өтуі мен ұйымдастырылуы жөнінде брифинг өтті. Баспасөз жиынына Самбодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Қаймен Есендияров, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Джалимов, Маңғыстау облыстық Самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов және облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов қатысты. «Өздеріңізге белгілі, ертең жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионаты өтеді. Жарысқа 23 жасқа дейінгі спортшылар қатысады. Одан кейін 4-5 тамызда ерлер және әйелдер арасында Маңғыстау облыстық Самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогы» VI халықаралық турнирі жалғасады. Соңғыс уақытта самбо күресі елімізде қарқынды дамыды. Соның ішінде Маңғыстау өңірінің спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Қазіргі таңда самбо федерациясы, спорт мектебі және МО дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау көрсетіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Самбо күресінің деңгейін көтеру үшін жан-жақтан жаттықтырушылар келіп жатыр, спортшыларымыз да көбеюде», - дейді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Джалимов. Ал Самбодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Қаймен Есендияров жарыстың сәтті өтуіне тілек білдірді. Турнирдің ерекшелігі – жеңімпаздарға «Спорт шебері», ал жүлдегерлерге «Спорт шеберіне үміткер» атағы беріледі екен. Бұл жөнінде Самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов айтты. «Самбо федерациясының жүлдесіне арналған кезекті «Ақтау кубогы» VI халықаралық турнирді өткізу облыс үшін жетістік. Мұндай спорттық шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады. Самбо күресін дамытуда және спортшылардың біліктілігін шыңдауда облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің еңбегі зор. Турнир жоғары дәрежеде өтеді деп есептеймін. Сонымен қатар жеңімпаздарға «Спорт шебері» атағы беріледі», - деді ол. «Жас самбошыларды додаларға дайындап, жеңіс тұғырынан көріну үшін біліктілігін арттыру мақсатында облыстағы үздік бапкерлер еңбек етуде. Соның ішінде ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі экстра класс төреші, әлемдегі 20 үздік төрешілердің бірі, Маңғыстау облыс самбо күресінің аға бапкері Берік Жұмағалиев ағамыз бар. Сондай-ақ аамбо күресімен айналысып, оқушылар тәрбиелеп жүрген бапкерлер де жетерлік. Бүгінгі күні спортшыларымыз облыстық деңгейде ғана емес, әлемдік аренада да жалауымызды желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр», - деді облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің басышысы Манарбек Бисекенов. https://www.youtube.com/watch?v=zWiYzuOUx1g Айта кетейік, 3 тамыз күні «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде 23 жасқа дейінгі жауынгерлік самбо күресінен ҚР чемпионаты өтеді.
3 тамыз
10:00 – Жарыстың басталуы 12:00 – жарыстың салтанатты ашылуы 16:30 – үшінші орынға күресу және финал, марапаттау рәсіміЖұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83531,83527,83533,83532"]