Үкімет мүшелері бастаған эко-челлендж Маңғыстауда өз жалғасын тапты. Өткен сенбіде аймақ басшысы Серікбай Трұмовтың қатысуымен мекеме қызметкерлері мен бір топ еріктілер "Ақбота" саябағында, теңіз жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысу, сол арқылы жас жеткіншектерге үлгі көрсету. Халықты табиғатты қорғауға, тазалықты сақтауға шақыру. https://youtu.be/orWZlkoeuf4 «Үкімет басшысы Асқар Мамин «Бірге – Таза Қазақстан» атты акцияны бастап, барлық өңірлерге жолдаған болатын. Маңғыстау облысы да эко-челленджді қолдап, тазалық жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдар, өңірдің белсенді жастары мен табиғат жанашырлары акцияға қатысып жатыр. Акция аясында аймағымыздағы 15 орын тазаланатын болады», - дейді Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Руслан Төкенов. Акцияға облыс бойынша 2000-ға жуық адам, 100 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында эко-челлендж бастамасын толық қолдайтынын жазған болатын. "Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан эко-челлендж қозғалысын толық қолдаймын. Елді тазалық аймағына айналдырайық. Бірге - Таза Қазақстан! Жарайсыңдар, волонтерлар!" - деп жазған Мемлекет басшысы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83448,83447,83444,83441,83439,83438"]