Кеше, 24 шілде күні сағат 19:00 шамасында Ақтау-Құрық тас жолында жол апаты болды. Оқиға орнында жүкті әйел көз жұмған, ал кәмелетке толмаған екі қыз, бір ер адам ауыр жарақаттанған күйде Маңғыстау облыстық ауруханасының жедел-жәрдем бөліміне жеткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Дәрігерлер 6 және 10 жастағы екі қызды шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліме алып келді. Он жастағы қызға оң жақ бас сүйегінің депрессиялық сынуы, бас сүйегі түбінің ауысуы, бас миының қатты контузиясы, травматикалық шок диагнозы қойылды. Мамандар екі қызға нейрохирургия бөлімінде шұғыл ота жасады. Дәрігердің айтуынша, операция сәтті өтті. Дегенмен қыздардың жағдайы қиын болып тұр. «Ал ер адамның жамбас, бас сүйектері сынған, іш жарақаттарын алған. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты», - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Аталған факті Маңғыстау облыстық сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. «ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабында көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы туралы жазылған», - дейді Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынды