Ақтауда бос орындар жәрмеңкесі өтті. Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Кеңес алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға 17 мекеме қатысты. Олар жәрмеңке барысында жұмыссыз жүрген жастарға жүзге жуық мамандықтар тізімін ұсынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Бүгінгі шараға мемлекеттік мекемелер, құрылыс компаниялары, мүгедек балаларды қорғау қоры т.б. салалардан қатысып, бос орындарын ұсынып отыр. Бұл орайда өңірімізде жұмыссыз жүрген жандарға тұрақты жұмысқа орналасуға мол мүмкіндік туып отыр», - дейді жастарға қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Альмира Өтешқали. Мәселен, 29 шағын ауданда орналасқан мемлекеттік «Сұлтан» балабақшасына бүгінгі таңда орыс тілі, бейнелеу өнері, музыка жетекшісі, психолог, хореограф мамандары жетіспейді. Балабақша әдіскері Маржан Тұрниязованың айтуынша жоғарыда аталған мамандардың ішінде хореограф, психолог ауадай қажет деп отыр. Ал, С.Шапағатов атындағы №59 мемлекеттік балабақшасында орыс тілі, ағылшын тілі, сурет маманы тапшы екен. Жәрмеңкеге қатысқан тағы бір мекеме – «КазЭнергоКонсалтинг» ЖШС директоры Бауыржан Сарыиев дипломсыз жүрген азаматтарды да жұмысқа алуға қарсы емес екендігін айтады. Бастысы еңбекке ынталы, қарым-қабілеті болу керек. «Біздің мекемеге бүгінгі таңда офис менеджері, юрист мамандары қажет. Ал техникалық қызмет көрсету жағынан дипломсыз жүрген жұмыссыздарды алуға қарсы емеспіз. 2-3 ай жұмыс тәжірибесінен өткіземіз, егер біздің мамандықты меңгеріп алса, қызметке қабылдаймыз. Қолдарында дипломы болған тіпті жақсы. Алайда, арамызда белгілі бір жағдайлармен арнайы оқу орнын бітірмеген азаматтар да бар екенін ескеруіміз керек»,- дейді ол. Жәрмеңкеге жұмыс іздеп, түйіндемелерін арқалап келгендердің дені жастар. Олар тұрақты жұмысқа орналасуға ниетті. Шара қорытындысы бойынша бос орындар ұсынған мекемелерге 80-ге жуық түйіндеме қалдырылған. Алдағы уақытта облыс көлеміндегі жұмыссыздар саны тамшыдай болса да азаяды деген ниеттеміз дейді мамандар.
А.ОРЫНБАЕВА