«Алматы-Маңғыстау» бағыты бойынша көптен күткен жаңа вагондар 22 шілде күні жолға шықты. Алматыдан бағыт алған пойыз өңірімізге 25-ші шілде күні таңертең келіп тоқтамақ. Жаңартылған 25 вагон, әзірше 3 составқа 8-9-дан бөлінген. Әр вагонда 54 орын бар. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбаевтың айтуынша алдағы уақытта барлық пойыздар толық жаңартылмақ. Жаңа вагондар Нұр-Сұлтан қаласында «Тұлпар-Тальго» зауытында құрастырылған. Іші заман талабына сай дербес ауабаптағыш, су сүзгіш, өртке қарсы жүйе, қысқа толқынды пеш, т.б. құралдармен жабдықталған. Пойыздың билет құны мен жүру уақыты бұрынғыша қала бермек. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми өкілі Диас Ахметшәріптің хабарлауынша, жаңа вагондар тұрғындардың өтінішімен жаңартылуда. Себебі осы бағыттағы пойыздардың тозғаны туралы шағымдар көптеп түскен.
Айгүл ОРЫНБАЕВА