Маңғыстау облысында жыл басынан бері 126 өрт оқиғасы тіркелген. Одан 2 адам қаза тапқан, 4 адам зардап шеккен. Бұл туралы Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Өрттің көп бөлігі тұрғын үйде және 44-і автокөлікте болған. Мамандардың айтуынша, өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында үгіттеу-профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде өрт саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға азайып отыр. «Шілде-тамыз айларында өрт ошақтарын анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Облыстық әкімдіктен 4 млн теңге бөлінсе, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылмақ. Өрт ошағын ертерек анықтап, уақытында қызмет ету үшін 25 маман арнайы оқытылды», - деді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Бекенұлы. Мамандардың айтуынша, бүгінде белең алып тұрған автокөліктердегі өрт оқиғасын болдырмау мақсатында жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірігіп, қалалық және аудандық бөлімшелермен рейд өткізеді. Жүргізушілерге 1000-нан аса жадынама таратылған, адам көп шоғырланатын жерлерге 6 билборд орнатылған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды