Ақтауда өтетін дзюдодан ашық Азия кубогіне 11 елден спортшы келді
[ 2019 ] 17 шілде, 14:01 | Қоғам
18-19 шілде күні Ақтау қаласында халықаралық дәрежеде дзюдодан ерлер және әйелдер арасында ашық Азия кубогы өтеді. Жарыс Маңғыстаудың құрметті азаматы Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өткізілетін турнирге 11 елден 250-ден аса спортшы келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Азия кубогы аймақта ХІ рет өткелі отыр. Онда Гонконг, Оңтүстік Корея, Испания, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстан, Қазақстан елдерінен келген 250-ден аса дзюдошы бақ сынайды. Турнирде ерлер және әйелдер 7 салмақ дәрежесінде күреседі. Осы орайда, бүгін «Grand Victory» қонақ үйінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, Азия дзюдо одағының спорт директоры Девит Картер, Азия дзюдо одағының төрешілер комиссиясының мүшесі Мун Вон Бае, Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев, МО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Әлдібайұлы, Орта Азия елдерінің аға-төрешісі Нұртазин Мухсин қатысты. Боз кілемде белдесетін спортшыларды қазақстандық және Оңтүстік Корея, Ресей мемлекеттерінен келген төрешілер бағалайды. Сонымен қатар жеңімпаздарға әлемдік рейтингте ұпайлар қосылмақ. Нақтыласақ 1-орын алған споршыға 100 ұпай, 2-орын алғанға 60 ұпайдан беріледі. Ал 3-орынды иеленген дзюдошыға 40 ұпай қосылады. «Қазақстанда, оның ішінде Ақтауда өтетін спорттық жарыстардың ұйымдастырылуына, өту деңгейіне жоғары баға беремін. Себебі жыл сайын турнирге қатысушылардың саны артып отыр. Былтыр 9 ел Азия кубогына қатысса, биыл екі ел қосылып отыр. Олимпиадалық ойындар жақындаған сайын әр елдің командалары, дзюдошылары ұпай жинағысы келеді. Сондықтан осы ашық Азия кубогында белсенділік танытқаны біз үшін үлкен жетістік», - дейді Азия дзюдо одағының спорт директоры Девит Картер. Айта кетейік, ертең 18 шілде күні дзюдодан ашық Азия кубогы «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтеді. Жарыс екі күнге созылады. Жеңімпаздар 19 шілде күні анықталады.
Жарыс бағдарламасы
18 шілде
10:00 – жарыстың басталуы Ерлер: - 60 кг, - 66 кг, 73 кг Әйелдер: - 48 кг, -52 кг, -57 кг, -63 кг 16:30 – жарыстың ашылу салтанаты 17:00 – ақтық белдесулер
19 шілде
10:00 – жарыстың басталуы Ерлер: - 81 кг, - 90 кг, - 100 кг, + 100 кг Әйелдер: - 70 кг, - 78 кг, + 78 кг 17:00 – ақтық белдесулер
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83117,83112,83118,83115"]
713
Желіде бөлісу: Facebook Twitter ВКонтакте
WhatsApp Mail.ru Telegram
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.