Шілденің 16-нан бастап Ақтауға арыстық 150 бала келеді. Олар Каспий жағалауындағы лагерлерде тегін демалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс басшысы Серікбай Трұмов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 16-30 шілде аралығында «Балдәурен» балалар лагерінде 50 бала, ал «Алау» лагерінде 100 бала демалады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар маңғыстаулықтар Арыс тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында көмек беруде. Облыстың мемлекеттік қызметшілері, дәріггерлер мен мұғалімдер, мұнайшылар мен ірі кәсіпорындары жарылыстан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударды. Арнайы гуманитарлық көмек жинау пункті ашылып, 8 тонна киім, 6 тонна азық-түлік жиналды. Гуманитарлық жүк темір жол арқылы жөнелтілген болатын. Қазіргі таңда қайырымдылық шаралары жалғасуда.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Талант ҚҰСАЙЫН