Маңғыстау облысы Арыстағы сегіз көшені қалпына келтіріп жатыр. Оған аймақтағы ірі құрылыс компаниялары атсалысуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Трұмов Серікбай Өтелгенұлы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Арыстағы тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары «Оңдасын Строй», «Ақ жол құрылыс», «Альянс ЛТД», «Актау БС Строй», «АС құрылыс», «Айком ЛТД», «Шебер Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жүктеліп отыр. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына Арыс қаласының жұмыссыз тұрғындары тартылған. Қазіргі таңда 5 көшенің 12 үйін жөндеу және 1 тұрғын үйді қайта салу жұмыстары басталды. Әзірге жұмысшылар саны - 50 адам. Олардың саны күн сайын қажеттілікке байланысты көбейе бермек. Кеше, 2 шілде күні қажетті материалдар, соның ішінде 12 000 м² шатыр жабындысы, 140 м³ ағаш және басқа да бірінші кезекте шатырларды жөндейтін құрылыс жабдықтары алыныпты. Сонымен қатар 5 көшеде орналасқан үйлердің терезе өлшемі алынып, дайындалып жатыр. Бүгіннен бастап 2 көшенің тұрғындары үйлеріне орналасты. «Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша Ел президенті Қ.Тоқаев үкіметке және облыс әкімдеріне арнайы тапсырма берген болатын. Маңғыстау облысы 4-ші секторға жауапты ретінде бекітілген. Бұл аумақта 8 көше, 331 үй орналасқан. 275 үйді жөндейміз, ал үшеуі жөндеуге келмейтін, яғни бұзып, жаңа үй салуды қажет етеді. Мұның барлығы жеке тұрғын үйлер. Аталған жұмыстарға облыс әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай жауапты ретінде бекітілді. Өңірден аттанған 9 эксперттік мекеменің 18 өкілі зардап шеккен тұрғын үйлердің толықтай дефектілік актілерін әзірледі»,- деді өңір басшысы С.Трұмов. Жөндеу жұмыстары 1 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.Жұлдызай ҚАЛИЕВА