Кеше, 2 шілде күні облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеевтың қатысуымен құтқарушылар кеңсесінде көшпелі брифинг өтті. Ол суға шомылуға арналған жағажайларға барып, «Жедел құтқару жасағының» қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ол бақылауды құтқару құрылғыларының саны мен сапасынан бастады. Қазір жағажай аймақтарының есебінде 36 жүзу құралы, 38 құтқарушы, 11 медициналық қызметкер және 11 шолу мұнарасы, 185 құтқару құралы бар екен. «Облыста суда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 4 құтқару бөлімшесі бар. Олар Ақтау қаласында, Форт-Шевченко, Қарақия және Кендірлі демалыс базасында орналасқан. Биыл шомылу маусымы басталысымен Департамент қызметкерлері күшейтілген қызмет түріне көшті. Ақтау қаласында «Шора» су каналы ауданына, 4 шағынаудандағы Т.Шевченко ескерткіші маңында және «Солдат» жағажайында құтқару пунктері ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда «Жедел құтқару жасағы» ММ есебінде 14 автокөлік және 14 жүзк құралы бар. Жасақ техникамен 72 пайыз жабдықталған. Енді ҚР ІІМ 2015-259 бұйрығына сәйкес 2 өтімділігі жоғары техника, 2 кинологиялық автомобиль жеткіліксіз», - дейді Маңғыстау облысы Төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Манарбек Мұханбетов. Жыл басынан бері 5 адам суға кетіп көз жұмған. Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оның екеуі Ақтау қаласында, тағы екеуі Түпқараған және бір адам Қарақия ауданында қаза тапқан. Мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Басты мәселе – құтқарушылардың жетіспеушілігінде. Бұл туралы "Жедел құтқару жасағының" бөлім басшысы Марат Алдияров айтты. «Бізде құтқару құрылғылары жеткілікті, алайда құтқарушы мамандар жетіспейді. Шомылу маусымның кезінде қала құтқарушылары 3 топқа бөлінеді. Бірінші топ 4 шағынаудандағы жағалауға барады, екінші топ «Солдат жағалауын» бақыласа, үшіншісі осы «Бриз» яхта-клубы аумағында тұрады. «Солдат жағалауындағы» құтқарушылар «Шораға» барып, тұрғындардың суда шомылу қауіпсіздігін бақылайды. Тіпті құтқарушылар кезекшіліктен шыққан соң демалыс уақытда қосымша 8 сағат жұмыс жасайды», - дейді ол. https://www.youtube.com/watch?v=LJZeJN-IXB8 Құтқарушылардың жылжымалы түрде қызмет етуі тұрғындар үшін қолайсыз. Сондықтан да жағалауда кезекшілікпен бекітілген құтқарушының тұрақты жүруі маңызды. «Мамандардың жетіспеушілігі бәрімізге белгілі, соған қарамастан тұрғындардың қауіпсіздігіне көңіл бөлінуі керек. Кезекшілік мәселесін ретке келтіру керек. Қазіргі таңда құтқарушы санын көбейте алмаймыз. Сондықтан Төтенше жағдай департаменті әкімдік, полиция қызметкерлерімен, жағажайға жауапты азаматтар және еріктілермен бірігуі қажет. Егер шомылуға тыйым салынатын жерлер болса, мәслихатта қаралады», - дейді облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев. Айта кетейік, бүгінгі күні 4 шағынаудан «Каспиан Ривьера» қонақ үйінен бастап 5 шағынаудандағы филармонияға дейін 300 метр жағалау бойы және «Шора» су каналының аумағы суға түсуге тыйым салынған. Десе де тұрғындар тиым салынған жерге барып, суға түсуді тоқтатпай тұр. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеевке Маңғыстау облысы ТЖД басшысының орынбасары Манарбек Мұханбетов өз ұсынысын айтты. ««Шора» су каналы аумағында және 4 шағынаудандағы теңіз маңында ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 және 440 баптарымен көзделген айыппұл сомасын және сол аймақтарға суға түсуге тыйым салынғандығын көрсетіп стенд орнату керек. Сондай-ақ Ақтауда типті құтқару станциясы құрылысын салуға және Кендірлі демалыс базасында орналасқан құтқару бекетіне электрлендіру мәселесіне бюджеттен қаражат бөлуге ықпал етуді сұраймыз», - деді ол. Апта басында облыс әкімі Серікбол Трұмов аппарат жиынын өткізді. Ол шомылу маусымындағы қауіпсіздік және суға кетудің алдын алу шаралары бойынша мәселе көтеріп, орынбасары Руслан Сареевке бақылауды тапсырған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны ұсынған Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82633,82639,82646,82641,82644,82643,82640,82637,82638,82645,82647"]