Шілдеден бастап заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, коммерциялық ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» жүргізеді. Бұған дейін бұл функцияларды ҚР Әділет министрлігі атқарған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Акционерлік қоғам, мемлекеттік кәсіпорын, коммерциялық ұйымдарды мемлекеттік қайта тіркеу, тарату, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу қызметтері құжаттардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі туралы құқықтық сараптаманы талап етеді. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы заңгерлік білімі бар қызметкерлері арнайы оқытудан өткен. «Шілдеден бастап заңды тұлғаларды тіркеумен 295 адам айналысады. Оның 95-і қалалық филиалдарда, 166-сы аудандық бөлімдерде және 34-і филиал бөлімшелерде қызмет үйлестіреді. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлік субъектіге жататын заңды тұлғаларды алғашқы тіркеу тіркеуші органның қатысуынсыз egov.kz арқылы электрондық форматта орындалады», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Маңғыстау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі. Айта кетейік, функцияларды мемлекеттік корпорацияның құзырына беру республикалық бюджеттен қаржыланбайды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған «Азаматтарға арналған үкімет» МК баспасөз қызметі