Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «Н» сынып оқушылары Жетісу өңіріне саяхаттады. «Туған елге тағзым» тарихи-өлкетану экспедициясы аясында Жетісу өңіріне саяхаттады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Талайларды тамсандырған, тал бесігім – Талдықорған» атты тақырыппен басталған экспедицияға Ақтаудағы білім ордасынан «Қарақия» шаңырағының 12 оқушысы және Астана қаласындағы мектеп оқушылары қатысты. Экспедиция барысында балалар Тамғалы тас тауларына, «Шарын» шатқалы мен атақты Көлсай көлдерін тамашалады. «Бұл жоба туған жердің табиғаты мен әр өңірдің ерекшелігін түсіндірген сапар болды. Көлсай көлдеріне сапар өте ұзаққа созылды. Қатты шаршағанымызбен Көлсай көлінің әсемдігін, бойына жинаған тылсым күшін сезінгенде қатты таңғалып, еліміз үшін кеудемізді мақтаныш кернеді. Тіпті сол жерден кеткіміз келмей қалды. Бұл сапарды ешқашан ұмытпаймын», - дейді Гүлдана Сүлейменова. Жоба барысында оқушылар «Черкасай» шатқалы мен сарқыраманы тамашалап, флора, фаунасымен танысты. Аптаның екінші жартысы Алматы облысының тынысымен етене жақын танысумен жалғасты. Оқушылар АО «Азия-Электрик» және көлік аккумуляторларын өндіретін «Кайнар – АКБ» мекемесіне барып, өндірілетін өнімдерді өз көздерімен көрді. Сондай-ақ Талдықорғандағы мемлекеттік архивтегі құжаттармен жұмыс істеуді үйренді. «Өлкетану-зерттеу экспедициясын ұйымдастырудағы негізгі мақсат мемлекетіміздің тарихына зияткерлерді терең үңілту. Бұл тұрғыдан Талдықорғандағы архивке барғанымыз өте қызықты болды. Балалар деректерге қызығушылық танытып, көптеген сұрақтарына жауап алды», - дейді сапарға аттанған тарих пәні мұғалімі Шолпан Саменова. Айта кетейік, «Туған елге тағзым» атты тарихи-өлкетану экспедициясы 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оқушылар Зияткерлік мектептердің өзара маршрут алмасу арқылы Қазақстан аймақтарымен танысады. Бұл – білім беру сапарының ерекшелігі. Экспедицияға әр аймақтың 7, 8, 9, 10 сыныптарынан оқу барысында, шығармашылықта, спорттық шаралардағы жетістіктері үшін таңдалған оқушылар қатысады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82534,82537,82538"]