Облыстық онкологиялық диспансерде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) онкогинекология орталығының меңгерушісі Ерлан Көкубасов маңғыстаулық әйелдерді тегін тексеруден өткізді. Дәрігерге қаралған 15 әйелдің 12-нен ауру белгілері анықталды. Бұл әйелдердің дені онкологиялық диспансердің есебінде тұрған, жатыр мойны обырына байланысты ұзақ уақыт бойы ем алып жүргендер. Олар алматылық дәрігерден кеңес алуды мақсат тұтқан көрінеді.
- Үш әйелге Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында сәуле терапиясын қабылдау және ота арқылы емделуді ұсындым, ем тегін, - дейді Ерлан Көкубасов. - Қазіргі таңда институтта екі маңғыстаулық әйел емделіп жатыр. Ал екі әйелде жатыр мойнының эрозиясы анықталып, онкоцитологияға талдама алынды. Диспансер дәрігерлері талдама нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар беретін болады. Бір әйелден аналық бездің қатерсіз кистасы анықталды, оған жалпы емдеу желісінде шұғыл ем жасалады. Тағы алты келіншекке ауруды ерте кезеңде емдеу бойынша ұсыныстар берілді. 45 жасқа дейінгі үш әйел дені сау болып шықты. Олар өз денсаулығын үнемі қадағалап, гинекологқа жиі көрініп, скринингтен уақытылы өтіп тұрады екен. ҚазОРҒЗИ мәліметіне сенсек, қазақстандық әйелдер көбінесе екінші-үшінші сатыдағы жатыр мойны обырына ұшырайды. Өкінішке орай, науқастардың көбісі емделу үшін қомақты қаржы шығындап, шет елдерге кетіп жатады және олардың барлығы бірдей ауруынан айығып кетіп жатпағаны шындық. Алайда, алматылық маманның айтуынша, ҚазОРҒЗ институтына пациенттер көптеп келіп жатыр. Мұнда олар тегін және әлдеқайда сапалы ем алады. Сондай-ақ Е.Көкубасов ондай ем облыстық онкологиялық диспансерде де жасалатынын және соңғы екі-үш жылдан бері обырдың ерте түрімен ауыратын пациенттердің саны артқанын өтті. Ал ерте анықталған аурудың емделуінен үміт бар. Ерлан Көкубасов әйелдерді тексеріп қана қоймай, екі науқасқа ота жасады. 46 жастағы әйелдің жатыры мен лимфа түйіндері алынып тасталды. Гистологиялық қорытындының нәтижесі бойынша оған одан әрі жасалуы тиіс ем шаралары байланысты ұсыныс беріледі. Екінші пациенттің жасы 32-де. Оған хориокарцинома диагнозымен ота жасалды. Ерлан Көкубасовтың айтуынша, диагноз бір жыл бұрын қойылған, бірақ әйел емделмеген. - Осы уақыт ішінде ісік үлкейіп, өкпеде метастазалар пайда болған. Ота барысында қанның кетуі тоқтатылып, ішкі мықын артериялары байланды. Ол енді осы онкологиялық диспансерде химиотерапия курсынан өтуі керек, - деді маман.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА