2007 жылдың 5 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды ресми түрде полиция күні деп бекіткен болатын. Қазақстан полициясының міндеттері мен қызметін анықтайтын заң акті 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі бірінші қабылдаған «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» заң болып саналады. Заңдылықты қадағалап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қиын әрі игі қызмет атқаратын полиция қызметкерлеріне Жаңаөзен қаласында аз қамқорлық жасалып жатқан жоқ. Сондай-ақ бұл күні мемлекеттік қызметшілер де кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл ҚР Үкіметі Жаңаөзен қаласының кешенді жоспарына өзгерістер енгізіп, 2019–2025 жылдарға арнап өзектендіріп отыр. Соның ішінде қала халқының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер басқармасының материалдықтехникалық базасын нығайту үшін 591 млн. теңге қарастырылған. Сол себепті тамыз айына дейін қала көшелеріне 180 бейнекамера қойылады. Оған 271 млн. теңге ақша бөлініп отыр. 31 автокөлік пен басқа да техникалар сатып алынады. Соның ішінде республикалық бюджеттен 591 млн. теңге, ал жергілікті бюджеттен 529 млн. теңге қарастырылған. Осының бәрі азаматтардың күнделікті өмірінің сапасын жақсартуға арналған. Оларды баспанамен қамтамасыз ету жағы да жақсы жолға қойылған. Қазіргі қоғамның құрамдас бөлігінің бірі – мемлекеттік қызметшілер. Олар үнемі елдің алдыңғы сапында жүруі тиіс әрі ҚР Әдеп кодексінің талаптарының шеңберінде халыққа қызмет етуге міндетті. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттің қамқорлығы мен көмегінен кенде қалып жатқан жоқ. ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылғы 23 маусымнан бері елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні белгіленіп келе жатқандығы – осының айғағы. Оның үстіне соңғы бір-екі жылдан бері жалақылары да айтарлықтай жоғарылады. Бүгінгі таңда осындай мүмкіндіктерден толыққанды пайдаланып отырған Жаңаөзен қаласындағы 20 мемлекеттік органда 124 мемлекеттік қызметші еңбек етіп жатыр. Олар да баспанадан таршылық пен тапшылық көріп жатқан жоқ. Міне, осы екі сала қызметкерлері қаладағы «Мұнайшы» мәдениет сарайында бас қосып, төл мерекелерін атап өтті. Жиналғандарды қала әкімі Әділбек Дауылбаев құттықтады. Олардың белсенділеріне өзінің алғыс хатын тапсырып, зор денсаулық, отбасына амандық, ел игілігі жолындағы елеулі еңбектеріне адалдық пен сәттілік, жеңіс пен жеміс тіледі. Шаһар басшысы «Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастыруға қосқан үлесі үшін» «Жаңаөзен қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасының мониторингі және бақылау бөлімінің басшысы Есболат Имашевтің, «Қызылсай ауылы әкімі аппараты» ММ бас маманы Берді Құдарқұловтың, «Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ маманы Ақсұлтан Шектібаевтың атааналарына қолын қойып, мөрін басып алғыс хатын тапсырды. Одан кейінгі концерттік бағдарламада орындалған әндер мен билердің және күмбірлеген күйлердің негізгі дені патриоттық тұрғыда болды. Әсіресе көрермендерге күнделікті көшеде көріп жүрген салқын қанды, қату қабақты, түсі суық көрінетін полицейлердің сахнада тұрып патриоттық ән шырқағандары қызық көрінді. Соның ішінде қалалық әкімдік қызметкерлерінің балалары орындаған «Қошақаным», Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының вокалды тобы орындаған «Сарбаздар», халықтық «Керуен» тобы орындаған «Алға, Қазақстан!» және полицейлердің хор ұжымы орындаған «Көк ту» мен «Атамекен» әндеріне жұртшылық зор қошемет көрсетті.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН