21 маусымда Ақтау қаласының №2 соты ғимаратында талап қоюшы 22 ата-ана мен жауапкер «Айналайын» ЖШС балабақшасы арасындағы азаматтық іс бойынша сот шешімі жарияланды. Сот ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 223, 226-баптарын басшылыққа ала отырып, шешім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маусымның 20-21 күндері Ақтау қаласының №2 сотында талап қоюшылар мен «Айналайын» балабақшасы арасындағы азаматтық іс үшінші рет ашық сот барысында қаралды. Онда талап қоюшылар жауапкер «Айналайын» балабақшасының келтірген материалдық зиян және моральдық залалды өтеуін сұраған. «Сот ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 223, 226-баптарын басшылыққа алып, шешім етті. Талап қоюшы 22 ата-ананың жауапкер «Айналайын» ЖШС балабақшасы келтірген материалдық зиян және моральдық залалды өтеу туралы талабын сот ішінара қанағаттандырып, шешім шығарды. Жауапкер «Айналайын» балабақшасы әр талап қоюшы пайдасына 10446,50 теңге өндірілсін», - деді Ақтау қаласының №2 сотының судьясы Ақсая Инсебаева. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Шешімге наразы болған тараптар ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 403, 404-баптарының талаптарына сәйкес бір ай ішінде Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым не наразылық келтіре алады. Естеріңізге сала кетейік, 14 ақпан күні «Айналайын» балабақшасының тәрбиешісі балаларға тамақ өте аз берілетінін, бір құмыра қайнатпаны 20 балаға бөліп беретінін баяндаған. Мұны естіген бір топ ата-ана балабақша басшылығына шағым келтіріп, материалдық зиян мен моральдық залалды өтеуді талап еткен.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҮСАЙЫН