Сенің ақылың – бірдің ақылы, халықтың ақылы – мыңдікі. Әркім бір өмірдің тәжірибесінен пікір түйсе, халықтың тәжірибесі – миллионның тәжірибесі, жүздеген жылдардың қорытындысы. Әр толқынның өзіне тән ерекшелігі, болмысы мен мінезі болатыны белгілі. Оңды жүріс, іштей де сырттай тежелу, қанағатқа сүйенген қағидаларды мықты ұстану, атадан келе жатқан дәстүр. Бұл бағытта ана атаулыға ұрпақ өтелместей қарыздар. Олар тектілік нәрін бесік жыры арқылы құлаққа құйып отырып емізді. Сондықтан да ата мен ананы қара шаңырақтың тәңірі деп ұғынып келеміз. Айтқаны құлаққа кіретін, өнегесі заң орнына жүретін, аузы дуалы, сұңғыла көңілді, қыран жанарлы небір қарияларды өзіміз де көрдік. Бүкіл ауыл соларға қарап жүгінетін. Ешқандай өкім, ешқандай да бұйрық оларды сайлап жатқан жоқ. Олар осы орынды қасиет-қадірлерімен иеленетін. Оларға ақы төлеп, айлық беріп жатқан ешкімді көрмеуші едік. Бірақ сол қарттарымыз қой бастайтын серкедей желдің ығына шығып, көпшіліктің қамын ойлап, келісті келешекті бағдарлап, пенделік сырын алдырмай, бет-жүзің бар демей, орынды пікірлерін айтушы еді. Мен осы тұста алты қанат киіз үйдің төрінде, болмаса қайда болса да кең дастарқанның сонау ортасында отырған ауыл ақсақалдарының жайғаса отырып, ауылға байланысты өрнекті әңгімелерін бабалардан келе жатқан рухани мысалдармен әңгіме-дүкен құрып отырғаны қандай жарасымды деп ойлаймын. Өзім жұмыс жасаған ауылдарда көре қалып, әңгімесін тыңдаған, сақалдары күмістей жарқырап, төрдің сәнін келтіріп отырған дүниеден өткен ағалар – қырық жылдан астам Маңғыстау түбегіндегі Шевченко мен Маңғыстау аудандарын басқарып, түбектің еңбектеген баласынан бастап, еңкейген қартына дейін тани білген Төлеген Қағазовты, шетпелік Жұбайұлы Құлшықты, Жаңбырбайұлы Бисенді, Тұщықұдықта Маманның Жәкесі, Жұмалының Қалмырзасы, Керелбайдың Бүркітбайы, Өмірзақтың Маңғыбайы, Әріпұлы Бисембі, Сам өңірінде Нұрмағанбеттің Тұрарбегі мен Тұрғанбайдың Құрманбайы, Шебірден Бекмағанбеттің Ақзамы мен Алданның Өрісбайы, Таушанның Санасы, қызандық Әмірдің Құлмұқаны, Байғабылдың Байтұры, Досекеннің Бекбайы, Жұмасаттың Ықсаны, Қуатбайдың Ізтұрғаны, Ақшымырауда Мантықтың Заханы, Мамайдың Төрекені, Шайырда Серікбайдың Рахманы, Жалғасбайдың Тұрары, Қалмағанбеттің Тілегені, Жыңғылдыда Меңдалыұлы Алшынды, Әмиқұлдың Далжаны, Отызбайдың Азаны, Айжанақтың Темірханы, Таушықта Алданның Төлесіні, Ондылық Жолболайды, Жаңаөзен қаласында Шоңай аулынан Өтежан Алшынбаев, Шотан Өтебай, тағы да 17 жылдай осы топқа қосылған Тұрарбек аға, қазіргі таңда ел ақылшысы болып келе жатқан ақтаулық Исаев Лепес қажыны, мұнайлылық Табылды Әміровті, бейнеулік Жауғашты Нәренбейұлын, қызылсайлық Жақсылық Көңілімқосұлын, тағы басқалардың есімдерін атаған жөн. Бұлардың өнегелі өмір жолдары кейінгі ұрпаққа жөн сілтеп тұрғандай. Әр ауылдың, әр өңірдің, әр ағайынның абыз ақсақалы болады. Әркімнің өмірге деген өзіндік көзқарасы мен пайымы болады, жоғарыдағы есімдері аталған ағалардың барлығы да үлкен жүректі адамдар. Осы ағаларға жақсы іні болғандарға – қол жетпес аға болғандар, көпшілігі жақсылығын айтпай істейтіндер. Сол ағалардың бірқатарының кездескен қырларын айта кеткенді жөн көрдім. Бисембі Әріпұлы ақсақал туралы көп жазылып жүр. Ол орынды да. Қай ауылда болмасын Бисекең той-жиындардың барлығында да шақырулы қонақтың ортасында болады. Бисекең әртүрлі ортада болды, кеудесін отқа төсеген Сталинград майданының жауынгері, ерте ат тізгінін ұстады, ел аралады, жақсымен де, жайсаңмен де, тентек-телімен де жолдас болды. Шежірелерге ерте зейін салды, жыршылар мен жыраулардың сөздерін тыңдады, билерден де хабары мол болды. Ағаның ерекше қасиеті – естігендері мен түйгендерін ұмытпай тұрғанда қағаз бетіне түсіруі еді. Міне, сол жазбалар сандық түбінде жатпай, бүгінде жеке кітаптар болып жарық көрді. Бисекең әңгіме бастаудың бір есебін өзі келтіріп, байсалды да, байыпты дауысымен сөйлей жөнеледі. Жастарға да, ересектерге де жарасымды тақырыпты өзі тауып алады, ақылман ақсақалға тек ағайындар емес, бүкіл ауыл арқа сүйеп, кеңесін тыңдайтын. Аталық ақ жол батиқасын беріп, отырғандарды риза етеді. Бисекең арын таза ұстауға тырысып, әрдайым іштарлық, қызғаншақтық, пендешіліктен аулақ болды. Ол өзінен үлкенге ізет көрсетіп, жастарға төбеден қарап, менсінбегендей сыңай танытқан жоқ. Әр пендеге жетістік те, кемшілік те тән. Өз уақытының адал перзенті. Ол кісінің бойынан бардың байлығына қызығу, қолына түскенді өзіне қарай икемдеу, игілікті өзіне тілеу сияқты жат қылықтарды байқаған емеспіз. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сөз бар. Ежелден келе жатқан қазақи дәстүрлердің бірі – көршімен тату болу. Олар бір-біріне назар аударып көмектеседі, қызығымен бөлісіп, қиындығына ортақтасады. Көршісінің тағдырына терезенің саңылауынан сығалай қарап, сынау - нағыз күпірлік. Әрқашан да көршілердің араласуынан ағайындық басталады. Көршілердің өзара ынтымақтастығы бүкіл ауылды біріктіріп, ортақ тірлікке жұмылдыра түсері анық. Сонда ауылда тәртіп те орнайды, бөгде қолайсыз қылықтар қылтиып жатса, дереу сынға ұшырайды, қисықты түзеуге, қыңырды талқыға салып жөндеуге мүмкіндік алады. Жұмыс бабымен Қызан, Ақшымырау ауылдарында 8 жылдай жұмыс жасап, елдің небір жақсылары мен жайсаңдарын әңгімеге тартып, ойларын ортаға салудың реттері келді. Бірде бұрыннан халық ағарту жүйесінің басшылығында жұмыстас болған Байсейт Тілебаевпен ұзақ әңгімелестім. Ауылдың өткені мен қазіргі жағдайларындағы өзгерістер, жастар тәрбиесі, ауылды көркейтудің болашағы, тағы басқа жайттар туралы сөз қозғағанда ауыл тірлігі үшін, ауылдың бірлігі мен тірлігін бір арнаға құюдың қайнар көзі – ауыл ақсақалдарының әсері деген тоқтамға келдік. Осы бағытта: «Бәке, Сіз осы ауылға келгелі де отыз жылдан астам уақыт өтіпті, осында мектеп басқардыңыз, отбасын құрдыңыз, дүниеге келген балдарыңыз қазір ержетті, ұрпақ алмасып келеді. Осы жөнінде айта отырсаңыз, ауылдың үлгі тұтарлық қандай ақсақалдары болды, олардың үлгі-өнегелері туралы не білесіз?» – деп сауал қойдым. Ол ойлана отырып: - Сұрақ өте орынды. Мен осы ауылға келгелі біршама уақыт болды. Ауылдың ерекшелігі мен адамдары туралы біршама білетіндей мерзім де өтті. Ауыл адамдары – өте еңбекқор, ұйымшыл, ал олардың татулығы жөнінде мін айту қиын. Мен көшіп келіп жатқанымда ауылдың бір ақсақалы келіп: - Шырағым, қайдан келіп жатырсыңдар, қоныстарыңыз құтты болсын! – деді. Аға, біз сонау Тұрар Рысқұлов еліненбіз, дулатпыз. Сол кісі туыс ағамыз болатын. Қазақтың ұлттық ерекшелік жағдайын, дербестігін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау керек деген Тұрардың бағытын жоғары жақтағылар жаратпай, оның туыстарын, біз сияқты жақындарын жақсы көрмеді. Сол жақта жұмыс жасау мүмкіндігі тарыла берді, Қазақстанның ең шалғай ауылына барып жұмыс жасау пешенемізге жазылды. Сонымен дәм айдап осында келіп жатырмыз, – деп өзімнің қысқаша жүріс-тұрысымды айта бастадым. Ол ұзақ әңгіме ғой. Жаңағы қарт біраз әңгімемді тыңдай отырып, ақ тілегін айтып жүріп кетті. Аз уақыттан кейін біреу сүт, біреу қолшасымен айранын, кешке қарай бір бала қойын жетектеп келіп, «Манағы сізбен сөйлескен ақсақал беріп жіберді», - деп әкеліп берді. Күн сайын мал болмағанмен сүт-сүпірін, отын-тезегін тұс-тұстан әкеліп жатты. Өзіміздің де шәй-суымыз бар ғой, дегенмен мына елдің ықылас-ниеті, туысқандық құшағы, оларға ұйытқы болып отырған ауылының ақсақалы мені таң қалдырды. Анам да риза болып: «Қарағым, мына келіп жатқан заттарды сен сұратып алдырып жатырсың ба, ақшасын бердің бе?» – деп сұрап жатыр. Қандай дарқан ел, ақсақалын қарашы?!. Бұл кісі ақбота руының Захан Мантықов деген ақсақалы болып шықты. Кейін сіңісіп кеттік-ау, кезек-кезек ерулік беріп жатыр. Уәйіммен келген анам да елдің қонақжайлық қасиетіне дән риза болды. Өзім дулат болсам да руымды сұрағандарға көп тереңге бармай, өзім асын ішіп, құтты қоныс тепкен, жергілікті «Жеменей аулынанмын» деп айтамын. Бұл арада өз елімді, туысымды ұмытты деген ой жоқ менде. Менің мынау тар кезеңде құшақ ашқан дарқан елге деген ризашылығым ғой. Осылай бұл ағайындар арасына әбден сіңісіп кеттік, – дей бергенде, көлігіміз келіп, біз де жүретін болдық. Міне, бұл да ақсақалы бар ауылдың бір көрінісі. Енді осыған ұқсас өзімнің басымнан өткен бір жәйді айта кетейін. Мен 1976 жылы аудандық партия комитетінің тапсыруы бойынша Шайыр орта мектебінің директорлығынан Жыңғылды ауылындағы Т.Г.Шевченко атындағы мектеп-интернатқа директор болып келдім. Дайын үйдің кілтін совхоз директоры бірден қолыма ұстатты. Жүгімізді түсіріп болып, кешке қарай үйімізге орналастырып жатқанда, құбыла беттен бір ақ боз атты ақсақал келіп, атынан түсе бастады. Ақсақалдың күмістей жарқыраған сақалына атының түсі де жарасымды-ақ. Атының басын ұстап амандасқаннан кейін, «Ал шырағым, үйіңде үлкен анаң бар деп еді, сен атты ұстай тұр, тұсамай-ақ қой, мен сәлемдесіп шығайын» деп үйге кіріп кетті. Аз уақыттан кейін шығып: «Сен де жары (ру аты) екенсің ғой, тек бізге қай директор келсе, бәрі де – жары. Бұл не, басқа рудан болмады ма?», деп әзілдей сөйледі. Бұл кезде мұндағы совхоздың директоры Бисенбі Әріпұлы (Бектеміс жары ағайын) болатын. Қасымдағы көршім келіп, «Бұл кісінің кемпірі – жарының қызы, сіздің жездеңіз демесі бар ма?» Содан маған: «Ал, жары бала, келген қонысың құтты болсын! Мынау Жыңғылдының Ақтұмсық деген жері. Мен ойдағы шөп маялары үйілген сонау «Егін ауыл» деген жерде тұрамын. Үлкен анаң бар екен, ол кісінің шайлығы үшін сауатын бота-түйең ашығып қалмасын, көлігің бар ғой, қазірден бастап аз-аздан шөп алып тұрарсың, көп тиеп те бермейміз, жоқ та етпейміз, сонау үйілген шөп – ол осы ауылдың ортақ несібесі», деп жүріп кетті. Өзім де бір шаруам біткендей болды. Бұл кісі – Азан Отызбаев деген осы өңірде ұзақ жылдар колхоз, ферма басқарған, зейнеткер болса да ат үстінен түспей елдің қамқоршысы болған кісі екен. Міне, ауылдың ақсақалы деп осыларды айт, әңгіме олардың бергендерінде емес, ата жолымен көшіп келіп жатқан жаңа көршіге ақ тілегін арнауының өзі қандай жарасымды! Қайран ауыл, осындай абыз ақсақалдары бар ел берекесі мен бірлігінің тірегі ғой. Тұщықұдық ауылының орталық көшесімен Жәкес қарттың қызыл жорғамен сарлатып келе жатқан кейпін көргенде еріксіз назар аударып, ауылдың бір ажарын келтіріп тұрғандай ой салатын. Төрге отырғанда төбедей болып көрінетін аға еді, шіркін!.. Сам өңірінде Маңғыстау ауданының көптеген шаруашылықтарының фермаларынан құралған орталықтар – Қызыләскер, Тұрыш сияқты елді мекендер бой көтеріп, онда соңғы жылдары типтік жобаға сай көптеген әлеуметтік нысандар халық игілігіне жұмыс жасады. Осыған байланысты ел қоныстанып, үлкен ауыл орталықтарына айналды. Кейіннен 1969 жылы кеңшарлар ұйымдастырылып, жаңа орталықтар салынды. Тұрыш сол Сам өңірінің кәрі шаңырағына ұқсайды. Бұл орталықта елге танымал Құрманбай, Тұрарбек, Сақтап сияқты ел ақсақалдары да еңбек етті. Құрекең Амангелді колхозының ферма басқарушысы бола жүріп, ел ішінде өзінің сыйлылығымен, жұмысқа шебер ұйымдастырушылық қабілетімен, ауылдың ортақ қуанышы мен ауыртпалығына бірдей араласып, өзінің ақыл-парасатымен, ақсақалды өресінің биіктігімен ел есінде қалған ағалардың бірі болатын. Үлкенге де, кішіге де «Құрекеңдей болу» деген елдің бағасы соның айғағы болса керек. Оның бойындағы бір ерекшелік – ол малшы болсын, ол қарапайым жұмысшы болсын, жеке басының жағдайы мен тіршілік қарекеті, отбасының құрамы мен жағдайы, балаларының қайда, қалай оқитындығы, маңдағы, ойдағы туыстары, тағы басқаларды егжей-тегжейіне дейін сұрап танысып, соның барлығын өзінің қойын дәптеріне жазып алғаннан кейін жұмыс бағытымен сөйлесетін, тапсырма беретін. Ауылдың үлкендерімен де, кішілерімен де тілін тауып сөйлесетін. Тіпті реті келгенде, өрнектеп өлең жолдарын да арнай қоятын. Мысалға, біздің бір құрдасымыз, әрі жиеніміз Бөршеге: Әбішқалиұлы ер Бөрше, Торы атты шаптың өлгенше. Әзірше қойды баға тұр, Қарағұл қайтып келгенше, – деп әзілдеп, жиенді әзілдеп арқасынан қағып, жұмысына ақ тілегін айтса, бірде ауыл кісілерінің арасындағы суық қолдылардың кесірлі қасиеттерін де шымшыма шумақтармен сын садағына алушы еді. Бұл жағдай туралы: Ертеде ерлер көп өткен, Елдің шетін күзеткен. Біздерде қазір шалдар бар, Судың басын күзеткен, Суға келген тайлақтың Ен-таңбасын түзеткен, – деп ауыл адамдарына бағыт сілтеп, орын алып бара жатқан кемшіліктерді де өзінің ой-пікірінен тыс қалдырмаған. Бұл Құрекең ағаның елдің бүтіндік, бірлігін сақтау бағытындағы жұмыстарының көрінісі іспеттес. Көпті көрген, көненің көзі осындай ағалардың алтын сандық түбінде жатқан ой иірімдерін қалай бағаламасқа?!. Құрекеңнің балдарымен замандас Маңғыстаудың көрнекті ақын қызы, марқұм Айсырға Қилыбаева: Ерлігін өміріне серік еткен, Майданда, еңбекте де терін төккен. Маң дала – Маңғыстаудың ойы, қыры Жолдары Құрекеңнің жүріп өткен, – деп, жырына елдің абыз ақсақалдарының бірі Құрекеңнің еңбек жолы мен адами келбетін өзек етуі де тектен-тек емес. Құрекеңнің көптен бері жолдас, тұрғылас ағасы Тұрарбек аға да өзіндік үлес салмағы бар ауыл ақсақалдарының бірі. Екеуі қатар келе жатқанда ауылдағылар – көркемсөздің шебері Құрекең, ескіліктен қозғай жыр төгетін Тұрекеңді де хан көтергендей қарсы алушы еді. Бұлар ауылдың тек қана ардақтылары емес, тот баспайтын алтын қазыналары ғой, шіркін!.. Мен көптеген ауыл ақсақалдарының есімдерін келтірдім. Олардың әрқайсысының өзіндік үні мен өнері, ақсақалдық келбеті, қадір-қасиеттері бар. Мысалы, шежіреші, екі сөзінің бірінде Абылекем айтып еді деп, оның жыр жолдарынан үзінді келтіріп, Өрісбай аға әңгімесін айшықтай сөйлегенде тыңдаушының қандай әсерде болатынын айтудың өзі қиын. Өрісбай туралы ақын, әдебиет зерттеуші Қабиболла Сыдиықов: Көкірегі ояу, зердесі мықты, Танылған елдің ағасы. Білері көп, шежіреші еді, Халықтың берген бағасы... – деп бір шумақ өлеңмен қалай берген бағаны? Өрісекең туралы осы Қабекеңнің берген бағасынан аспай-ақ қоялық. Ол кісі естігенін ұмытпайтын, ескілікті де, жаңаны да түйіндей сөйлейтін билігі де бар болатын. Осындай ақсақалдық әңгімелерін жастарға да талай бағыттап сөйлеген. Орденді жылқышы аудандық Кеңестің сессияларында да ауылдың ахуалы, жастардың еңбекке қатысы мен жауапкершіліктері жөніндегі ұсыныстарын да орынды жеткізетін. Қарт кісіні танып тұрып, танымағансып, қасынан өтіп кетсең, көрсең де көрмегенсіп амандаспасаң, тіпті абайсыз байқамай қалсаң да қарттар өзін елеусіз, ескерусіз қалғандай сезінеді. Көңілі күйген шаладай қарауытып, күні түнек тартып, жаны жасиды. Осы бағытта қазақтың суырыпсалма ақыны Қашаған ақын: Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар елеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Күнде асыл кисе де, Қартайған күнде ер жетім, – деген екен. Оттың жылуы тәнді жылытса, жақсы сөз жанды жылытады. Қарттар жүрістен қалып, қатары сиреп, көңілі жер тартқан шақта оларға бұрылып келіп сәлем беру, арнап барып хал-ахуал сұрау – бүгілген беліне тіреу қойғанмен пара-пар. Бір жасап қалады. Рақметін айтады, батасын арнайды. Ғалымдар адам бойында екі қасиеттің бар екенін дәлелдейді. Оның бірі – адамға туа біткен, кіршіксіз, мәңгі ізгілікпен жеті атадан бері қарай тұқым қуалаған қасиет десе, екіншісі – тәрбиемен, өскен орта арқылы қалыптасатын қасиет. Осы екеуі тоқайласып жатса, кісінің адамгершілік болмысы биіктей түсетіні хақ. Бір адам екінші адам туралы білгісі келгенде: «Сол адам қандай адам?» – деп сұрақ қояды. Осы тұста ол өз-өзіне де «Мен қандаймын?» – деп сұрақ қойғаны абзал. Ертеден келе жатқан «Адам күні адаммен» деген қағида бар. Бірде ел ағалары соңғы кездері ауыл жастары арасында үлкендер әңгімесіне құлақ қоймақ орын ала бастағанына қынжылыс білдіріп отырғанда Қалмырза аға мұндай кикілжің ертеде де кездескен ғой деп, әңгіме бастаған еді. Қалекең өте би, әңгімені үнемі деректі баяндайтын адам ғой. Мектептің бір ата-аналар жиналысында сөз алған Қалекең ұлы жүздің төбе биі, дулаттың Төле биінің мынадай бір өлең жолдарын келтіргені есімізде: Арғымақ баптап не керек, Жабы қуып жеткен соң. Ағайын-туған не керек, Аңдысып күні өткен соң. Бес күн жалған өтеді, Ажал қуып жеткен соң. Бір төбенің басына Тыға салып кеткен соң. «Сөйле, Төке» дейсіздер, Жастар бар ма, тыңдайтын? Бұрынғыдай жұрт қайда, Айтатын оны біз қайда?.. Сонда, о заманда да ағайын арасында араздықтар мен бозбалалар арасында бөтен қылықтар да орын алғаны, бірақ ақсақалдар оларға ренжігенімен ортаға салып түзеуге көмектескендігі байқалады. Сондықтан жастардан сәл қателігі үшін түңілуге болмайды дейтін. Аға тұтқан Қалекеңнің шығу тегі де осал емес. Маңғыстауда билік құрған Томпының ұрпағы (Томпы – Самалық – Жұмалы - Қалмырза болып келеді). Біздің ұрпақтың алдында үлгі-өнеге көрсеткен иманжүзді үлкендер болды. Шежіреші қарттар болды. Біз өз кезегімізде сол алған ұлттық тәлімді өзімізден кейінгі ізбасарларымызға жарытып жеткізе алмадық. Бұған басқаны кінәлай берудің реті жоқ. Барды жоғалтуға келгенде алдымызға жан салмайтын пысықпыз. Қашқанға да, қуғанға да қорған бола кететін, соны мақтан ететін дарақылығымыз тағы бар. «Ит тойған жеріне» деп қарын қамымен қаптап жүргендердің жақсысын да, жасығын да әкеден қалған мұрадай қабылдайтын да – баяғы өзіміз! Нарға жабатын кілемді өгізге жауып, күлкі болып жүрген де – біз! Қарап тұрсаң, ана Кавказ халықтары, Балтық жағалауы елдері, мына қасымыздағы өзбек, тәжік, түрікмен ағайындар ана тілі мен ата дәстүрлерінен дәл біз сияқты ауытқыған жоқ. Бұл – шындық! Мұны мойындауымыз керек. Дәстүр сабақтастығы үзілсе, қайта жалғау оңайға түспейді. Бүгінгі жастың бойында ұлттық рух кем болса, ертең олар өзінің баласы мен немересіне ұлттық сананы қалай сіңіре алады? Ұлттық рухани қазынадан не үйретеді? Қандай үлгі көрсетеді? Ұрпағына не қалдыра алады? – деген сұрақтар легі бірінен соң бірі туындайтыны анық. Ертеде ат ұстауға жараған баланы көрген қариялар: «Дүние – кезек» деп отырмаушы ма еді? Ор текедей ойнақтап жүрген балдырған шақта, одан кейін арындап тұрған албырт жастықта сол бір сөздің байыбына барып, мағынасына бойлай бермейтінбіз. Бар қызығың алда тұрғандай, бітпес өмірің бардай көрінетін. Енді, міне, қариялар айта беретін кезек келді. Түс ауған соң еңістейтін күн секілді еңістеп барамыз. Ой қуатын жасқа жеттік. Күпірлікті ысырып, шүкірлікке көштік. Сәлемнің қадіріне жеттік. Сәлем берудің қадір-қасиеті – көзге де, көңілге де жылу әкелетін шынайылығында. Бабаларымыз: «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» деп әдептілік әліппесі сәлемнен басталатынын айтыпты. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары, танысып-білісудің, достасудың дәнекері. Ал біздің қазақтың амандық-есендік сұрауға, сәлемдесуге деген ынта-пейілі мен оған зор мән беруі тіпті ерекше. Бүкіл қазақ баласы бәрі сырлас, Амандаспай, таныспай қарап тұрмас. Көрсетер сый-құрмет, мейір-ықылас, Қайтар деп қарымтасын талап қылмас, – деген ақын сөздерінде халқымыздың кең пішілген бөлек болмысы менмұндалап тұрған жоқ па? «Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ» дейді қазақ атаң. Қазақ ғұрпында кіші үлкенге сәлем береді. Жасы кішінің бірінші болып сәлемдеспеуі барып тұрған тұрпайылық болып саналады. Жас адам үлкеннің алдында амандаспай сөз бастаса немесе бедірейіп қарап тұрса, ондайларды «Көргенсіздің баласы» деп, «Тәрбие көрмеген тексіз» деп, оның өзінен бұрын ата-анасын кінәлайды. Әне, сондықтан әрбір ата-әже, әке-шеше баланы қарғадайынан сәлем жолын жасауға үйретіп, санасына сіңіруі тиіс. Отбасындағы үлкендердің бір парызы – осы болмақ. Бірде бір жолдасымызды еске алуға арналған дастарқанға шақырылдық. Үй иелері маған үлкендер отырған үстелге отыруды ұсынды. Үстелге отырмастан бұрын барлығына дауыстап сәлем бердім. Олардың сәлемдесумен ісі жоқ, дастарқанмен жағаласып жатыр... Еске алу дастарқаны – дүниеден өткен адамды еске алу, сондықтан қонақтар жайғасып отырғаннан кейін дұға оқылып, содан кейін үй иесінің ұлықсатымен ас басталуы керек деп есептеймін. Менің қасыма жайғасқан молда да осыны қуаттады. Менің шыдамым таусылып, ішіндегі үлкендеріне (алды тоқсанды алқымдаған) қарай: «Ау, ақсақалдар, әуелі аман-түгел деген болмай ма, алыс жолдан ашығып келіп отырған жоқсыздар ғой», – деп айтып та салдым. Бірақ мұнымды елейтін адам болған жоқ. Қонақтар жайғасты, үй иесі дастарқан жайылуының себебін айтып, бірінші сөзді бата жасау үшін молдаға берді. Молда дұға бағыштады. Бұл кезде біздің ақсақалдар да дастарқанды еңсеріп тастаған-ды. Осындай жағдай болмағаны дұрыс! Көрнекті дінбасы, ақын, шежіреші Ыбрайым ахун Құлбайұлы «Алтынды орда қонған жер» деген еңбегінде ұрпаққа өнеге, өшпес мұра етіп ел бас қосқан той-жиындарда, өмірде болған оқиғалар негізінде, тәлім-тәрбие ретіндегі насихаттарын жазып қалдырған. Соның бір әңгімесін ұсына кетуді жөн көрдім: Бір жиында алыстан келген ағайын-тума, жекжаттарға арнап шәй жасалып жатқан кезде сол ауылдың бір «пысық» жігіті: - Ахун аға, рұқсат болса бір сұрауым бар, сұрауға бола ма? – депті. - Рұқсат Алладан, інім. - Насыбайдың пайда, зияны қандай? - Шырағым, насыбай туралы еш жерде жазылған кітап жоқ. Менің білетінім, насыбайдың шөбін есектің алдына тастаса бір иіскеп көріп, бұрылып кетеді екен. Сол кезде үйде отырған үлкен-кішінің барлығы, шәй құйып отырған келіндер де күліп жіберіпті. Сұрау берген «пысық» жігіт күлімсіреп, қызарып отыр екен. Той басқарған жігіт: «Шырағым, жауапқа қанағаттандың ба?» - деп сұрайды. - Қанағаттанғанда қандай. Бұдан былай мен түгіл менің ұрпағым да насыбайды қолына ұстамайды, – деп күміс шақшасын далаға лақтырып жіберген екен. (Ы.Құлбайұлы, «Алтынды орда қонған жер», «Жазушы» баспасы, 2012 ж., 258 бет). «Тау алыстаған сайын биіктей түседі», – деген түйіннің өзі елдің сыйлы ағаларына арналған қағида, оларға деген құрмет. Ауылды бабалар өнегесінің қайнар көзі деп атауға болады. Ел боламын десек, бәріміздің шыққан ауылдың рухани құнарынан айырылмайық, ағайын! Демек, ауыл – руханияттың алтын ордасы деп бағалануы керек. Ауылға айрандай ұйыған ынтымақ керек. Таланттысы басшы бола берсін де, талаптысы қосшы бола білуі керек. Сертіне берік намысты ұрпақ ата жолын тек қана жақсылыққа қарай жаңғыртып, тот бастырмай, алтындай таза күйінде сақтап отырса болғаны. Аталарымыздың аманаты – жақсыға бейімдеп, ата жолынан ауылды өзгертпейік, ағайын! Ауылда елге қадірлі ақсақалы болғаны абзал. Ауылдың ажары – ауыл ақсақалдары! «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» – деп, бабаларымыз тектен-тек айтпаған болар. Отағасы деп – отбасының басындағы әкенің орнын айтсақ, ақсақал деп - бүкіл ауылдың сыйлы, баршаның құрмет тұтатын үлкенін айтады.
Қойлыбай ҚАРАЖАНҰЛЫ, зейнеткер-ұстаз. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі