©
Әкем Дауылбай Еспенбетов 1902 жылы туылған. Маңғыстаудағы қуғын-сүргін жылдарында, яғни 1931 жылы Түрікменстан еліне қоныс аударған ол елдің тынышталған хабарын сұрай жүріп, 1935 жылы ел ішіне қайта оралады. Сол жылдары Маңғыстауда серіктестікке бірігу саясаты жүріп жатқан кезең болатын. Ел арасындағы беделді азаматтардың бірі, ақыл-ойға кемел Дауылбай әр жерде бытыраңқы орналасқан ауылдарды Өзен ойы маңында серіктестікке біріктіреді. Бары отыз шамалы үй №6 ауыл серіктестігі болып құрылды. Ауыл адамдарын бірігіп, егін салуға және бала оқытуға жұмылдырады. Аудан орталығы - Таушыққа барып халықтың сауатын ашу үшін мұғалім тауып беруді сұрайды. Мұғалімдікке Дүйсалиев Ібай деген адамды береді. Ауыл адамдарына бала оқыту үшін жыңғылдан өрілген қалқа күрке жасауды ұйымдастырады. Өзен ойының оң жақ бетінен күрке жасалды. Үлкеніміз 11, ең кішіміз 8 жаста барлығы 21 баламыз бірінші сыныптың есігін аттадық. Жарық, жылуы жоқ күркеде тоңып, жаурасақ та білімге деген құштарлық бәрін жеңіп, сауатымызды ашуға тырыстық. Қағаз, қарындаштың қат кезі. Қағаз орнына шайдан босаған жылтырақ қағазды пайдаландық. Кейін серіктестік орталығы Итқара құмының оңтүстігінен орын тепті. 1939 жылы латын әрпімен біршама сауаттанып қалдық. Мен өзім жан-жақта болып жатқан алып-қашпа хабарларға онша көп мән бере бермейтінмін. Бірақ сұңғыла әкем «соғыс болады» дегенді жиі айта бастады. «Мал бағудың қыры мен сырын терең меңгеру керек. Аң аулау да талаптың бір түрі. Егін еге білсең, өмір үшін күресе білесің» деген өсиетін санамызға сіңіріп отырудан танған емес. Төртінші сыныпты Итқара құмындағы Жарма жерінде оқыдық. Бұл кезде ағаш үй тігілетін болды. Ауыл үлкендері әр ай сайын бір ағаш үйді кезектесіп босатып, бала оқытуға беруге ұйғарым жасады. Осы төртінші сыныпта Саймағанбетов Дила, Тасболатов Сабырбай дейтін мұғалімдер сабақ берді. 1939 жылы ұсақ серіктестіктер бірігіп, ұжымшарлар құрылды, жеке қожалықтардың малдары ортаға алынып, ірілендіру науқаны басталды. Осы саясатқа байланысты ұжымшардағы балалардың оқуы Ұштаған жерінде жалғасты. 1939-1940 оқу жылында бесінші сыныпты Ұштағанда бітіріп шықтым. Соғыстың алғашқы хабары келе бастады. Азық-түлік тауарларына карточка жүйесі енгізіліп, соғыстың зардабын жан түйсігімізбен сезіндік. Әкемнің өз ойлағаны бар екен. «Шырағым, оқуды таста, еңбекке аралас! Біз соғысқа жүргелі тұрмыз. Елде қалған жандар сіздерге аманат. Күн көрістің бұдан әрі қиын соғатыны белгілі. Барлық жағдайға дайын болуларың керек» деді. Ойлана келе, әке болжамы дұрыс екенін санама түйдім. Оқумен де, балалық дәуренмен де біржола қоштасып, 1940 жылдың қыркүйегінде малшылар қауымына көмекші болып қосылдым. Соның алдында, жазда Қиялбай, Нұр деген аңшылардың қасына еріп, аңшылық өнерді де үйреніп алғам. 1942 жылы малдан бір аптаға сұранып, «Келеңдіде» егін егушілердің қасында жүріп, ол кәсіпті де игеріп алдым. Осының бәрі қиын кезеңдерде күн көрудің сабағы екенін түсіне бастадым. Әкем 1942 жылдың маусымында соғысқа аттанып, сол жылы қалмақтың тақыр даласында, немістерге қарсы жүргізілген қанқұйлы соғыста құрбан болыпты. Бір жапырақ қара қағаз біздің қолымызға 1943 жылдың қаңтар айында тиді. Үш қарындасым, екі шешем алты жанды асырау өз мойныма түсті. Қиындықта демеп, көмек қолын созатын адам баласы жоқ. Алдан тосқан кедергілерге қарсы жан аямай күресуім керектігін түсіндім. 1942 жылы қыркүйекте бір отар қойға бас шопан болып, мойныма үлкен жауапкершілік алдым. Әкем майданға аттанарда атына мініп тұрып, соңғы сөзін айтқан болатын: «Осы торы атты қолыңнан шығарма, шапсаң жүйрік, мінсең төзімді. Үрікпейді, сүрінбейді. Осымен аң ауласаң да күніңді көресің. Менен саған қалған мұра – ат пен ақыл-кеңесім, мал бақ, аң аула, егін сал. Осылар қиындықтан алып шығар тура жол. Қош!» деді де жүріп кетті. Әкем айтқандай, малдың арқасында күн көрістен тарықпадық. Әттең, жақсы күндеріміз ұзаққа бармады. 1943 жылы маусымда ұжымшар басқармашылығына сайланған Нұрмағанбет келіп: «Торы атты саған мінуге болмайды. Армияға жіберуге қажет болып тұр» дегеннен соң атымды бердім. Шешем: «Біздің күн көрісімізді жалғап тұрған осы ат еді. Неғыласың?» деп еді, ол: «Ат түгілі адамды алып жатқан жоқ па?» деп жауап қатты. Сонымен сөз тәмам. Атты әскерге бермей, өзі мінді. Бұл оқиға маған оқуды тастағаннан кейінгі екінші соққы болып тиді. Осыдан кейін көлігім көк есек болды. Аң аулап, күн көріс жасаудан айырылдым. Аштық, жалаңаштық еңсемізді басты. Еңбекақы дегенді білмейміз. Ел арасында аштықтан, жалаңаштықтан ауру көбейіп, өлім құшқандар естіле бастады. 1943 жыл басымызға ерекше қауіп төнген жыл болды. Ұжымшар жазға қарай 20 қойды сауынға береді. Барлық еңбек ақысы осы ғана. Соның сүтін жазда азық етеміз, оны үнемдеп қысқа талғажау етіп, жан сақтаймыз. Шешелерім өте ұқыпты, шебер жандар еді. Қой жүнін жіп қып иіріп, тоқып, ішкі және сыртқы киімдер тігетін. Одан қала берсе, майданға шұлғау, қолғап тоқып, көмек жіберіп тұрды. 1942 жылдың аяғында 1943 жылдың бас кезінде қатаң тәртіп саясаты жүрді. Бұл Кеңес Одағының қолбасшысы Сталиннің бұйрығы негізінде жүзеге асырылды. Бұйрықта соғыс майданы, тыл майданы бірігіп, бірыңғай майдан болып белгіленсін делінген. Бірбірінсіз Отанды қорғап қалу мүмкін емес. Аталған бұйрыққа сай соғыста басшының бұйрығын орындамаған жауынгерді командирдің тергеу-тексеруінсіз атып тастауына құқық берілді. Ал тылда 19 қыркүйектің қаулысы бойынша өз жұмысына немқұрайды қараса, тапсырманы орындамаса, ұжымшар малын рұқсатсыз өз мүддесіне пайдаланса, сотсыз, тергеп-тексерусіз 5 жыл мерзімге түрмеге жіберу қаралды. Осылайша заң қатайып, тылдағы халық кінәратсыз адал еңбек етті. 1943 жылдың аяғы, 1944 жылдың басынан бастап, соғыс комиссариаты шақыра бастады. Соның жалғасы іспетті 1944 жылдың маусым айынан бастап Форт-Шевченко қаласында соғыс өнерін үйрету оқуында болдық. Соғыстан келген Шәріпбай Қалдықожин деген азамат әскери жаттығуларды оқытты. Мен бірінші санаттағы мерген қатарында комиссариатта тіркелдім. Жоғары қолбасшыдан жауынгер жіберуге бұйрық келсе, жүре беруге дайын болып, күтіп отырдым. Ауылдағы азын-аулақ малымыз шешем Қарашаштың мойнына жүктелінді. Бірнеше күн өткен соң «1944 жылға жауынгер алу көлемі орындалды. Дайындықтағы жауынгерлер ел ішіндегі жұмысына қайтарылсын» деген тапсырма болып, елге қайттық. Елге оралсақ, ауыл бұрынғы қонысы - Бөрібас суында екен. Өзім жоқ кезде орын алған таңғажайып оқиғаны естіп-біліп, шешемнің жанкешті қимылына разы болдым. Бірде қасқыр қойға шауып, бір тоқтыны сүйрей жөнелгенде шешем Қарашаш жүгіріп барып, қасқырдың құлағына жармасыпты. Арандап қалған малды тартып айыра алмай, жағаласып жатқанда ауылдан иті келіп, қасқырды санынан тартып, Қарашаш шешемізді құтқарған екен. Бұл сол кездегі жан қиярлық істің бір көрінісі еді. Келесі, 1945 жылы соғысқа шақырту қағазы келді. Үстірттен 3 бала соғысқа аттанатын болдық. Бірнеше күн жүріп, Форт-Шевченкоға келдік. Бұл 1945 жылдың 10 мамыр күні болатын. Қалада соғыстың жеңіспен аяқталғанын естіп, қуанышымызда шек болмады. «Әскерге адам алынбасын, барлық күш халық шаруашылығын қалпына келтіруге жұмылдырылсын» деген бұйрық аясында барған бойымызда кейін қайтарылдық. Бейбіт еңбек басталды. Екінші бес жылдық жоспары асыра орындалды. Елге соғыстан қайтқан жауынгерлер келе бастады. Мал саны артып, Үстіртте мал жайылды. Мал бағатын малшы саны көбейді. 1948 жылдың шілде айында өзімізбен қоныстас, түйе малын бағатын Белдос атты түйешінің Тойыш деген қызымен көңіліміз жарасып, ортақ шаңырақ көтердім. Осы тұста Үстіртте партияның, үкіметтің қаулы-қарарларын кең көлемде насихаттап отыратын қызыл отауға сауатты адам жіберу қажет болған кезде мені қойшылықтан шығарып, 1949 жылдың кыркүйегінде қызыл отауға меңгеруші етіп жіберді. 1950-1951 жылдары Атырауда насихатшы дайындайтын курстарда екі рет оқып, білімімді көтердім. Үстірт мал жайылымы облыс көлеміндегі ірі мал шаруашылығына айналуына байланысты үгіт-насихат жұмысын одан әрі арттыру қажет болды да, мені жүрмелі насихатқа - автоклубке басшы етіп жіберді. 1958 жылы Шевченко ауданының Үстірт жайылымындағы барлық шаруашылықты Маңғыстау ауданына ауыстырды. Үстірттегі мал шаруашылығының аумағы екі аудан малы қосылғасын бұрынғыдан екі есе көлемді болды. Бұрынғы ұжымшар шаруашылығы кеңшар атанып, мемлекеттік шаруашылыққа ауысты. Шаруашылыққа жоғары білімді мамандар келді. Қоғамның осылай ірі көлемді дамып келе жатқандығын көңіліме түйіп, білімімді жетілдіруді мақсат еттім. Ақтөбе облысына қарасты Темір ауданындағы зоовет техникумға сырттай оқуға түсіп, зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 1973 жылы Маңғыстау облысы құрылды. Кейін Қарақия ауданына қарасты Ералиев атындағы кеңшарға қой фермасына меңгерушілікке жіберілдім. Аққұдықтағы №2 ферма өз алдына өзін-өзі басқарып отыратын бөлімше болды. Осы Аққұдық бөлімшесінде 1989 жылға дейін жұмыс жасадым. Барлық жұмыс жасаған кездерімде мінсіз адал еңбек еттім. Бірнеше орденмен және медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталдым. Солардың қатарында: 1986 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» ордені, 1966 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президумының Жарлығымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалы, 1970 жылы В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл толуына орай КСРО Жоғары Кеңесі Президумының Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, 1983 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі, Қаз ССР коммунистік партиясының құрылғанына 70 жыл толуына орай «Құттықтау хат», ҚР Президентінің 2004 жылғы, 2010 жылғы Ұлы Жеңістің 60, 65 жылдығына арналған медалі, 1974 жылы Қаз ССРі Жоғары Кеңесі Президумының Жарлығы негізінде «Адал еңбегі және Маңғыстау облысының әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен және Маңғыстау облысы әкімінің шешімімен Қарақия ауданының құрылғанына 35 және 40 жыл» төсбелгілерімен марапатталдым. Бүгінде 5 ұл, 4 қыздан көрген немере, жиен, шөберелердің ортасында бақытты өмірдің қызығын көріп отырған ақсақалдардың бірімін. Біздің өмір жолымызда әкеміздің салып кеткен сара соқпағы басты ұстаным болды. Өмірде қарапайым болса да, өзіндік ой-өрісі қалыптасқан әкеміздің ақыл-кеңесін бойымызға сіңіріп, адам болып жетілдік. Біз сол үшін аға ұрпақтың алдында мәңгілікке қарыздармыз! Кейінгі өскін ұрпақтар аға буын өкілдері көрген қиындықтарды көрмесін дегім келеді.Әлқуат ДАУЫЛБАЕВ, еңбек және тыл ардагері. Сенек ауылы