©
1969 жылы наурыз айында бұрынғы Гурьев облысы Маңғыстау ауданында 12 колхоз таратылып, мал шаруашылығын дамыту мақсатында, басқа рудың бір жүйеге келтіру үшін олардың орнына 7 совхоз құрылған болатын. Солардың бірі болып Ералиев атындағы совхоз құрылды, оның орталығы Сенек селосы аталған. Сенек ол кезде Шевченко атындағы колхоздың фермасы орналасқан шағын ауыл еді. Сенекте ол кезде 8 жылдық мектеп, шалғайдағы отгон учаскесіндегі малшыларды емдеуге арналған аурухана, шағын клубы, дүкені бар елді мекен болатын. Ералиев атындағы совхоздың бірінші директоры болып, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Мұқашевтің ұсынысымен Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Қамысбай Қаржаубев тағайындалып, бекітіліп келген еді. Сенек совхоз орталығының құрылуы жергілікті басқару органына байланысты Аққұдық селолық советі құрылып, оның аумағына Сенек, Аққұдық, Қызылсай елді мекендері Үстіртіндегі мал жайылым учаскелерінде орналасқан территориялар енген болатын. Аққұдық селолық советіне қарасты территорияда сол кезде адам тұрған. Селолық Советінің бірінші төрағасы болып Қойшығұл Жамансарин, хатшысы болып Шарай Жариев сайланған еді. Ол кезде жергілікті басқару органында селолық Советтің депутаттары ауылдағы халықтың тікелей сайлауымен сайланатын еді. Сол кезде селолық кеңестің депутаттары қолдауымен Сенекте үлкен шаруашылықтың орналасуына байланысты тұрғын үйлердің құрылыстары басталып кетті. Ералиев атындағы совхоз бұрынғы Ералиев және Шевченко атындағы колхоздарды біріктіру кезінде құрылған еді. Жұмысшы, маман қызметкерлердің көпшілігі Ералиев атындағы колхоз орталығы болған Ақшұқыр ауылынан еді. Ол кезде Ералиев атындағы совхоз территориялық шәлі бойы Маңғыстау ауданына қарайтын. Бас мамандар – аудандық партия комитетінің келісімімен бас бухгалтер Асекеш Абдуллаев, бас экономист Тоқсан Табылғанов, бас зоотехник Жеткізген Өмірбаев, бас мал дәрігері Мустафа Абдуллаев, бас инженер Мақсат Бүркітбаев, гараж меңгерушісі Құл Қабылов және ферма меңгерушілері болып Құрмантай Еркеғұлов, Мамыртай Өткілбаев, Әбдікерім Мырзабеков, Қаңғали Садақбаев тағайындалып, жұмысты бастаған еді. Совхоздың партия коммитетінің хатшысы Жұмабек Селбаев болды. Сол 1969 жылы Маңғыстау өңірінде қыс өте қатты болды, көптен болмаған әлі күнге дейін халықтың жадында қалған «Мешіннің қысы еді». Совхоздың жаңа құрылып жатқан кезі, жем-шөп жеткіліксіз, қаржыландыруда қиыншылықтар болды. Малдың төлдегенмен, мал шығыны көп болды. Жем-шөп жеткілікті жеткізілсе де шығын тоқтамағай, тек ғана сәуір, мамыр айларында малдың аузы көкке тигесін ауыл мал санына бір жырғап қалды. 1969 жылы наурыз айында қой саны 51023, бас жылқы 3232, бас түйе 1450-ге жетті. Совхозда 609 жұмысшы қызмет етті. Соның ішінде 294 малшы, 140 механизатор, 36 құрылысшылар жұмыс жасады. 59 қора, 104 құдық, 68 көлік, 28 трактор болды. Совхоз орталығы болып жаңадан бой көтерген Сенекте басшы мамандар әуелгі кезде клубты паналаған. Қиындықтар мен жетісбеушіліктерге бой алдырмаған азаматтар қызметінде адал еңбек етіп, жаз мезгілінде үй салса, күзге таман 79 отбасы жаңалай пәтерлерге ие болды. Сегіз жылдық мектептің директоры Сырым Әбішев, ұстаздары Әліби Омаров, Файза Садырова т.б ұстаздар еңбек еткен. Сенек ауылының ауруханасында белгілі дәрігерлер Еркебай Жақауов, Ғаділбек Абылаев, Қосқұлақ Дүйжановтар тұрғындардың денсаулығы үшін уақытпен санаспай Үстірттегі мал ауылдарды жүгіріп аралай қызмет етті. Байланыс пошта бөлімдерінде Айладыр 40-50 жыл бір орында абыройлы қызмет еткен. 1969 жылдан бастау алып, бой көтерген Сенек ауылы еңсесін көтеріп, даму жолына түсті, тұрғын үйлер көптеп салынып, көшелермен бой түзеді, кейіннен 2 қабатты орта мектеп 1974 жылы пайдалануға, шопан балалары үшін интернат салынды. Совхоз селолық кеңестің кеңсе пошта, монша және 2 қабатты балабақша ғимараттары салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сенек сол кездерде Маңғыстау облысында бірінші болып жоғарғы кернеулі электр желісіне қосылған ауыл болған. Жаңаөзен-Сенек автожолының құрылысы басталды. Үй-үйге су құбыры тартылды, телефон байланысы іске қосылды. Сенек Қазақ ССР-ы бойынша үлгілі ауыл атағына ие болды. Совхоз Одақтың ВДНХ көрмесі жеңімпаздығына ұсынылған. Шаруашылық 1974 жылы әр 100 аналықтан 126 қозы, 91 құлын, 46 бота алып, облыс бойынша алдыңғы қатарлардан көрінді. Бұл шаруашылық басшыларының, мамандарының, ферма меңгерушілерінің малбегілерінің қажырлы еңбегінің нәтижелері еді. Ералиев атындағы совхоздың шопандары мал бағудың хас шеберлері болатын. Бәуке Бегешов шопандардың ақылшы, кеңесшісі болып, оған ерген Әбдіхалық Темірханов, Сары Матиков, Барақбай Құрмашев, Назым Темірханова, Кеңесбай Еңсегенов, Жылқышы Нетбаев, т.б шопандарымыздың ерен еңбектері еді. Солардың бірі Б.Құрмашев 1973 жылы төл алу бойынша әр аналықтан 150 қозы алып, облыс чемпионы атағын жеңіп алған еді. Жамбоз, Хамит Жарылғасовтар, Әнес Дидаровтар атты атақты жылқышы мен түйешілер де көп болды. Сол 1969 жылдан бастау алған Сенек ауылы бүгінде өсіп дамып келеді. Халықтың тұрмысы жақсарып, заманның үлгісіне сай үйлер тұрғызылып, құрылыстар салынды. Әлеуметтік, тұрмыстық объектілер жаңартылды. Бұрынғы Ералиев атындағы совхоздың аты сақталып, «Сенек» ЖШС-гі бұрынғы жасап кеткен ағалардың ізгілікті жұмысын жалғастырып келе жатқан облыс көлеміндегі бірден бір шаруашылық. Елу жылдық мерекені Сенек ауылы абыройлы игілікті істермен қарсы алғалы отыр.Аманжол ТАСМАҒАНБЕТОВ, Сенек ауылы